Қазақстан • 26 Қараша, 2018

Дамир Исмағұлов жекпе-жекке Австралияда даярлануда

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейдің Орынбор өлкесінде туып-өскен қандасымыз, ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шебері Дамир Исмағұлов Австралияға аман-есен жетіп, қазіргі кезде осы спорт түріндегі ең белді ұйым – UFC-дегі тұсаукесер кездесуіне тыңғылықты даярлануда. 

Дамир Исмағұлов жекпе-жекке Австралияда даярлануда

Ресейдің М-1 Global нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп, миллиондаған көрерменнің көзайымына айналған 27 жастағы спортшыны шығарып салу үшін өткен аптаның аяғында Орынбор әуежайына халық көптеп жиналды. Олар қазақтың қайсар ұлына қошемет көрсетіп, алдағы сайыста сәттілік тіледі.

Алекс Горгис – өте мықты қарсылас. Осы күнге дейін жеті жекпе-жек өткізген ол барлығында жеңіске жетті. Әсіресе, Алекстің соққылары өте жойқын. Сонымен қатар, Австралияда грэпплинг пен джиу-джитсудің де жақсы дамығаны баршаға мәлім. Алдағы жарыс екеуміз үшін де үлкен сынақ болғалы тұр. Сол сынаққа мен дайынмын, – дейді Дамир.

Естеріңізге сала кетейік, Дамир Исмағұлов пен Алекс Годжес арасындағы айқас 2 желтоқсанда Австралияның Аделайда қаласында өтеді. Сол кештің басты жекпе-жегінде UFC-дің экс-чемпионы, 34 жастағы бразилиялық Джуниор Дос Сантос пен әлі ешкімнен жеңілмеген 25 жастағы австралиялық Тай Туиваса күш сынасады. 44 жастағы Жаңа Зеландияның жұлдызы Марк Хант пен 31 жастағы АҚШ-тың өкілі Джастин Уиллис арасындағы бәсеке де көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Олар аса ауыр салмақта айқасады. Сонымен қатар, жасыл құрлықта өтетін жарыста мына спортшылар өзара шеберлік байқасады:

Маурисио Руа (Бразилия)– Тайсон Педро (Австралия)

Джейк Мэттьюс (Австралия) – Тони Мартин (АҚШ)

Джим Круте (Австралия) – Пол Крэйг (Шотландия)

Суман Мохтарян (Австралия) – Содик Юсуфф (АҚШ)

Юшин Оками (Жапония) – Алексей Кунченко (Ресей)

Уилсон Рейс (Бразилия) – Бен Нгуен (АҚШ)

Мизуто Хирота (Жапония)– Кристос Гиагос (АҚШ)

Ашкан Мохтарян (Австралия) – Кай Кара-Франс (Жаңа Зеландия)

Кейта Накамура (Жапония) – Салим Туари (Польша)

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»