27 Қараша, 2018

Бұқар мұрасы – таусылмас қазына

542 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынға ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, академик Ғарифолла Есім, жазушы Алдан Смайыл, Бұқар жыраудың ұрпағы, профессор Қабдұлсамих Айтқожин, ақын Аманжол Әлтаев, сондай-ақ Түркия, Үндістан, Ресей және Қазақстанның басқа да ғалымдары қатысты.

Бұқар мұрасы – таусылмас қазына

Конференция жұмысын ашып, жүргізген Қарағанды об­лы­­сының әкімі Ерлан Қо­шанов биыл Бұқар жырау Қалқаман­ұлының 350 жылдығы аясында өт­кізілген шаралар туралы айтып берді. 

Конференцияға қатысушы ға­лымдар «Көмекей әулие­нің» өмір тарихына, соңына қал­дырған мұрасына арналған тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасады. Үндістаннан келген ғалым Пунит Гау­ра «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы және Бұқар жырау шы­ғар­машылығы туралы тезис­тер арқылы тұщымды әңгіме қозғады.

– Барлығымызға белгілі, Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы да­­­­­­ланың жеті қыры» атты ма­­қа­ласын жариялады және елдің бо­­лашағына, қоғамдық сананың жаңғыруына өз көзқарасын біл­дірді. Ғұлама қазақ ақыны және мемлекеттік қайраткері Бұ­қар жыраудың мерейтойы аясында оның қоғам мен ұлтты да­мытуға қосқан үлесі жайлы білген маңызды. Президент Қазақстанда жаңғыр­ту және жаңа идеялардың көме­гімен жар­қын болашақ құруға ерек­ше тарихи мүмкіндік бар екенін атап өт­ті. Мен қазақстан­дық­тар­дың, оның ішінде жас ұр­пақ­тың бұл жаң­ғыртудың ма­ңыздылығын тү­сінетініне се­німдімін. Осы негізде түрлі ай­мақтар мен облыстардан жи­­нал­ған «Қазақстанның 100 тарихи тұлғасы» жобасы да құрылуы және Бұқар жыраудың мұрасы атал­мыш жобаны құру кезінде маңызды материал болуы әбден мүмкін, – деп атап өтті Пунит Гаура.

Бұқар жыраудың ұрпа­ғы Қабдұлсамих Айт­қожин «Кө­мекей әулие» шығарма­шылығы қазақ халқының энциклопедия­сы іспетті деген пікір айтты. 

– Ол ұрпақтар арасындағы бай­ланыс рөлін атқарады. Бұл тұрғыда Бұқар жырау мұ­расы «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын жүзеге асыру ісімен және Президентіміздің ұлттық тари­хымыздың жеті қыры туралы ма­қаласының мазмұнымен жарасымды үйлесім тауып отыр, – деп атап өтті Бұқар жыраудың жетінші ұрпағы, жиеншары бо­лып келетін Қабдұлсамих Айт­қожин. 

Конференция жұмысын қо­рытындылай келе, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қоша­нов бірқатар ұсыныстар айтты.

– Біріншіден, біз Бұқар жырау­мен байланысты тарихи сәттер мен оның өмірі туралы ғана айтумен шектелмеуіміз қажет. Оның тұлғасына жаңа көзбен, жа­ңа идеялармен қарайтын уа­қыт жетті. Елбасының «Ұлы­ даланың жеті қыры» ма­­қа­ла­сында біздің ғұлама қайрат­кер­леріміздің өмірі туралы бар­лық деректерді жинау қа­жеттілігі туралы айтылған. Осы­­ған орай Президент «Ар­хив-2025» жеті жылдық бағ­дар­­ламасын құруды тапсырды. Мүм­кін Бұқар жырау туралы тарихи айғақтар ұшан-теңіз шығар және ол құжаттарды Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қы­тай және Үндістанның мұра­ғат­тарынан табуға болатын шы­ғар. Екіншіден, Бұқар жырау түгелдей қазақ халқы, тарихымыз үшін айрықша тұлға болып табылады. Сондықтан келешекте Бұқар жырау институты пайда болуы мүмкін деп ойлаймын. Ғұлама ойшылдың мұрасын зерттей келе жас ұрпақ өз халқының тарихын зерттей алатын болады. Сананы, тарихты және руханиятты жаңғырту осыдан басталады. Сенімді болашаққа өз тарихын, ұлы қай­раткерлерін білетін және оларды жас ұрпаққа үлгі ететін мемлекет қана қол жеткізе алады, – деді Ерлан Қошанов.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ