Аймақтар • 27 Қараша, 2018

Шымкентте мұқтаж жандар үшін «IZGILIK» атты тегін дүкен ашылды

2718 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Анығында, шын көңілмен берілген бір жұтым су да, мұқтаж жанға ұсынған бір үзім нан да қамкөңілдің жанына ізгілік нұрын себе алса болғаны. Қоғам нарықтық заманда қатігезденіп кетті деп күстаналағанымен адамдар арасында жақсылық жасауға асығатын жандар аз емес. Сондай жекелеген азаматтардың  игі бастамалары бір арнаға тоғысып, үлкен бастауларға айналып жатқаны қуантады.

Шымкентте мұқтаж жандар үшін «IZGILIK» атты тегін дүкен ашылды

Міне, сондай игілікті жоба­­лар­­дың бірі ретінде Шымкент қаласында мұқтаж жандар үшін «IZGILIK» аталатын тегін дүкен ашылды. Аталған дүкен күнкөріс деңгейі төмен отбасылар мен жетім-жесірлерді азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуді мақ­сат еткен. Мұнда тек материалдық көмек көр­се­тіліп қана қоймай, жұмыс­сыз азаматтарды қабі­летіне қарай жұмыс­қа үй­ре­теді. Осылайша, олар­дың қоғам­да өз орнын табуына септігін тигізеді. 

«Із­гі­лік­­те жарысайық» қайы­рым­дылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жұмыс баста­ған бұл әлеу­мет­тік үйден мұқтаж жандар апта­­ның 6 күнінде қа­жет­ті зат­­тарын тегін алуына мүмкіндік бар. Бұл үшін өзімен бірге жеке куәлігін, әлеу­­меттік аз қамтылатын топтың өкілі екендігін анықтайтын құжатын алып келсе жеткілікті. 

Дүкеннің ішкі ережесі бойын­ша мұқтаж жан айына тек бір ғана киімге ие болмақ. Азық-түлікті де отбасындағы адам санына қарай шамалап алып кете алады. Ал дүкен сөрелеріндегі заттар қайы­рымды қала тұр­ғын­да­ры­ның күнде­лікті осы әлеуметтік үйге алып келген тартулары. Айна­ласына қарайласқанды азаматтық парыз санайтын жандар Шым­шаһар­дағы Елшібек батыр көше­сінде орналасқан №88 үйге атбасын бұрып, қажетті тұрмыстық заттарды өткізуіне болады. 

– Тек киім-кешек таратып қана қоймай, қыстың көзі қырауда жаурамас үшін отыны жоқ отбасыларға көмір түсіріп беруді  жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл уақытша көмек. Деген­мен, осындай сауапты іс­терді көптеп ұйымдастыру арқылы қоғам назарын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға аудармақпыз. Тіпті, еңбек­ке қабі­лет­тілігі жоқ ағайын­ды қайырым­дылық қор арқылы баспанамен қамта­ма­сыз етуді қолға алдық. Осы жылы кәсіпкерлердің қа­р­жы­лай қолдауымен 2 үй сатып алдық. Алдағы уақыт­та үйсіз-күйсіз жүрген от­ба­сы­лар­ға табыстайтын боламыз»,  дей­ді «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қорының басшысы Асқар Мәуленов. 

Дүкен ашылған 10 күн ішінде 250 отбасыға киім-кешек, 50-ден астам от­­басыға әл­­еу­мет­тік, тұрмыстық заттар үлес­ті­рілген. Алдағы уақытта дүкен желілерін аудандардан ашып, ауылдағы әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға кө­м­ек қо­лын созуды жоспарлап отыр екен.  

Кейде күнделікті қоқыс жәші­гі­нің қасында үйіліп жат­қан жа­мау-жасқаусыз киім-кешек пен қал­та толы ақ нан қал­дықтарын көргенде қайырымдылыққа мойыны бұрылмай жүрген адамдардың қылығына ішің ашиды. «Өзінен артылғанды далаға тастағанша неге мұқтаж жан­дар­ға үлестірмеді екен?» деген сұрақ туады... Мүмкін бұл жандар «керексіз» заттар­ын кімге берерін білмей жүр­ген шығар. Ендеше, сондай жандарға «IZGILIK» дү­ке­ні­нің мекен-жайын көр­се­тіп жіберсеңіз, сол да қайы­рым­дылық­қа барабар іс болмақ.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»

ШЫМКЕНТ