Қаршадай қыз «Өзіңе сен» композициясын қазақ және ағылшын тілінде орындап, жұртшылықты ерекше сүйсінтті. Қазылар алқасы мен көрермендер даусының қорытындысы бойынша Данелия 171 ұпайға ие болып, алтыншы орынға тұрақтады. 2015 жылы әнші Полина Гагаринамен жұмыс істеген ресейлік танымал режиссер Алексей Голубев бұл жолы да режиссерлік мұратына адалдық танытып, Данелияның композициялық қойылымы қайталанбас мерекеге айналды. Бұл ретте Данелияның продюссері Жан Мұқанов отандасымыздың өз міндетін мүлтіксіз орындап шыққанын айтады.
«Данелияның таңдап алған әні сәтсіздеу шықты деп айтып жатқандар бар. Мен онымен келіспеймін. Бұл тікелей эфир болғандықтан көңіл-күйге әсер етпей қоймайды. Данелияның орындауы жарқын, өте әдемі шықты деп білемін. Қанша дегенмен әлемдегі ең таңдаулы фестивальда бар мүмкіндігімізді пайдаландық, жиырма елдің ішінде алтыншы орыннан көріну жаман емес. Ең бастысы берекесі мен бірлігін көрсетіп дауыс берген халқымызға алғысымыз зор», дейді ол «Егемен Қазақстан» тілшісіне.
215 ұпаймен Польша байқаудың биылғы жеңімпазы атанса, одан кейінгі орындарға Франция (203 ұпай) мен Аустралия (201 ұпай) жайғасты.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»