15 Наурыз, 2012

Дүбір

293 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүбір

Олимпиадаға 134 күн қалды

БАЛУАНДАРҒА БАҚ БЕРСІН!

Осы күндері грек-рим күресінен ұлттық құрама командамыз күн өткен сайын жақындай түскен Лондон Олимпиадасына дайындалуда. Әзірше біздің елден Тұ­манды Альбионға үш балуан ғана жолдама алып отыр. Олар – Алмат Кебісбаев, Асхат Ділмұхамедов пен Нұр­ма­хан Тінәлиев. Осы балуандардан басқа тағы төрт салмақтағы жігіттеріміз Лондон Олимпиадасына жолдама алуды мақсат етуде.

 

Олимпиадаға 134 күн қалды

БАЛУАНДАРҒА БАҚ БЕРСІН!

Осы күндері грек-рим күресінен ұлттық құрама командамыз күн өткен сайын жақындай түскен Лондон Олимпиадасына дайындалуда. Әзірше біздің елден Тұ­манды Альбионға үш балуан ғана жолдама алып отыр. Олар – Алмат Кебісбаев, Асхат Ділмұхамедов пен Нұр­ма­хан Тінәлиев. Осы балуандардан басқа тағы төрт салмақтағы жігіттеріміз Лондон Олимпиадасына жолдама алуды мақсат етуде.

Осыған байланысты жақында біз Алматыда өткен Спорт кешінде жылдың үздік бапкері атанған грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Мұратбек ҚА­СЫМХАНОВПЕН әңгімелесіп, балуандарымыздың ал­да­ғы байрақты додаға дайындығын жан-жақты айтып беруін өтінген едік.

– Уақыт деген зымырап өтіп барады. Көзді ашып-жұм­ғанша Олимпиада да келіп же­теді. Ұлттық құраманың дайындығы қалай? Алдымен осы жөнінде айтып берсеңіз.

– Олимпиадаға дайындық жақ­сы. Бәрі алдын ала жасалған жоспар бойынша жүріп жатыр. Қазір бізде Олимпиадаға 3 ба­лу­анның жолдама алғанын біле­сіздер. Енді бізге тағы 4 сал­мақта лицензия алу керек. Бұл жолдаманың мәселесі Астанада 30 наурыз бен 1 сәуір күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың жүлдесі үшін өтетін ха­лықаралық турнирде шешіледі.

– Қазір команда қай жерде дайындалып жатыр? Осы кезге дейін балуандар қандай жа­рыстарға қатысып, дайын­дық­­­тарын пысықтап көрді?

– Балуандар бірнеше үлкен жарыстарға қатысты. Оның іш­ін­де Түркияда өткен әлем бірін­ші­лігі, Кореяның Гуми қаласында өткен Азия чемпионаты, Иран­­ның Кум қаласында болған дәс­­түрлі «Ядигер имам кубогы» сияқты жарыстар болды. Жатты­ғу­­лардың бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Балуандар 29 ақ­пан мен 14 наурыз аралығында Тараз қаласында жаттықты. Мұ­­­ның алдында Алматыда оқу-жат­­­тығу жиынын өткізген болатынбыз. Қазір біз балуандарды екіге бөліп жаттықтырып жатырмыз. Мысалы, Лондон Олим­­пиада­сы­на лицензия алған Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебісбаев пен Асхат Ділмұхамедовке қойылар талап жоғары екені белгілі. Сондықтан олардың дайын­ды­ғына үлкен мән беріп отырмыз.

– Осы балуандардың ішінен кімнің Олимпиаданың жүл­де­­­ге­рі атануына үміті көп дейсіз?

– Енді мен бәрін бөліп-жа­рып айта алмаймын. Балуандар­дың бәрі бабында. Бабы мен бағы келіссе, Олимпиадада елі­міз­ді қуантуға шамалары жетеді. Қазір осы жаттығулар федера­ция­ның жоспары бойынша жасалуда. Жоспарды даңқты балуан, федерацияның жұмысына қамқорлық жасап жүрген Дәулет Тұрлыхановтың өзі жасап берді. Ол кісінің өзі Азия чемпионатына, әлем біріншілігіне кімнің баратынын қадағалап отырды. Қа­зір Дәулет Болатұлы оқу-жат­ты­ғу жиындарына қатысып, балу­андардың деңгейін бақылап ке­леді. Ақыл-кеңестерін айтады. Яғни, балуандардың дайынды­­ғына барлық жағдайлар жасалып жатыр. Бізге тек, жаңа айт­қанымдай, бақ керек. Бабымыз бар. Осы жерде мен Дәулет Тұр­лыхановқа, федерация басшы­лы­ғына, «Самұрық-Қазына-Ас­тана» корпоративтік қорына ал­ғыс айтқым келеді. Тек бәрін өзі­міз ғана жасап жатырмыз де­мей­мін, бізге қолдау көрсетіп жат­қандар осы кісілер.

– Қазір бізде ауыр сал­мақ­­­та­ғы балуандар тапшы ғой. Олар қалай дайындалып жатыр?

– Иә, рас. Бізде ауыр сал­мақ­тағы балуандар тапшы. Сон­дық­тан Нұрмахан Тінәлиев пен Әсет Мәмбетовті бөлек жаттық­­тыруға тура келіп отыр. Осы жерде тағы демеушілерге алғыс айтсам, артық болмас. Мысалы, Марат Тұрлыханов біздің ауыр салмақтағы балуандарымыздың дайындығына көп көмектесіп жатыр. Нұрмахан мен Әсеттің Мәскеуге барып, ресейлік балуандармен дайындалатыны сон­дықтан. Қазір елімізде оларға спарринг-әріптес бола алатын балуандар аз. Оларды салмағы аз балуандармен жаттықтыру қисынсыз. Сол себепті Мәскеуде Марат Тұрлыханов өзінің қол астына алып жаттықтырып жүр.

Демеушілердің көмегін, қол­даушыларды жақсы түсіну керек. Оны газет бетінде, үлкен мінберлерде айтпасақ, қай жерде айтамыз?! Қазір кез келген адам қалтасынан ақша шыға­рып, балуандардың жолақысын, жатын орнын, тамағын, қысқа­сы, тәуліктігінің бәрін төлей бер­мейді ғой. Мұндай қамқор­лық жасай білетін адамдар көп емес, ілуде біреу. Жарысқа ба­ру­дың өзі үлкен қаражатты талап етеді. Мұны түсінетін де, түсін­бейтін де адамдар бар. Мен мұ­ны демеушілерге жағамын деп айтып отырған жоқпын. Ондай қасиетім жоқ. Шындығы сол. Бізді қолдап жүргендердің арасында тағы Мкхитар Манукиянды да айта аламын. Ол да Дә­кеңнің шәкірті ғой.

– Өздерінің қолынан келмесе де осындай қолы ашық кі­сі­лерді көре алмайтындар да бар. Мысалы, қазір қазақ күре­сінің балуандары да федерация мен сондай жаны жомарт аза­маттардың көмегімен жарыс­қа барып, ел намысын қорғап жүргені белгілі. Бізге, осы жа­ғынан алғанда басқа спорт түр­леріне де Үкімет тарапынан ғана емес, бизнес пен мем­лекеттің әріптестігі аясында «Самұрық-Қазына» қорының да қаржылай қолдауы керек екені анық емес пе?

– Иә, қандай спорт түрі болса да қолдауды қажет етеді. Біз­дің күрес, Құдайға шүкір, осындай қолы ашық азаматтардың қолдауына ие болып отыр.

– Балуандардың денсаулығы туралы айтсаңыз.

– Тіл-көзіміз тасқа, ешкім жа­рақат алған жоқ. Бәрі дә­рі­гер­лердің тексеруінен өтті. Оларға спорттық-медициналық орталық бар жағдайды жасап, ем-дом­дарын берді.

– Биыл Олимпиададан кейін екінші рет қазақ күресінен «Қа­­зақ­стан Барысы» турнирі­нің фи­налдық бәсекесі өтеді. Оған грек-рим балуандарының қатыс­қанына қалай қарайсыз?

– Енді оның бәрі Олимпиададан кейін шешіледі. Негізі қар­сы емеспін. Бұл турнир балуандардың дзю-до, самбодағы әріптес­те­рімен бірге шыңдалуына жақсы.

– Қазір балуандардың арасында өздерінің туысқанда­рын, інілерін күреске тартып жатқандар бар ма?

– Бар. Нұрмахан Тінәлиевтің Қажымұқан деген інісі бар. Сол бала грек-рим күресіне қатысып жүр. Салмағы – 70 кило. 1994-1995 жылғы бала. Енді оның бо­лашағы туралы ештеңені болжап айта алмаймын. Бәрі бап­ке­рі мен өзінің қолында. Бұйыр­т­қа­ны болады. Негізі жақсы бала.

– Бапкерлер туралы айтып қалдыңыз. Олардың жұмысы­на көңіліңіз тола ма?

– Бапкер балуанға әке сияқты болу керек. Балуанға жақсы тәр­бие беріп, жарысқа жақсы дайындап, бағын ашатын да бапкер. Қазір біз Мкхитар Манукиян мен Бақтияр Байсейітовпен тізе қо­сып жұмыс істеп жатырмыз. Олар – күрестің ыстық-суығын көр­ген тәжірибелі бапкерлер. Бап­кер баланы жарым жолда тас­тамайтын, сағын сындырмайтын, қабілет-қарымын білетін адам болуы керек. Бұл енді үл­кен психологиялық жұмысты талап етеді. Сондықтан түсінген адам бапкерлердің жұмысының қандай қиямет-қайым екенін жақсы білуі керек. Мкхитар Манукиян мен Бақтияр Байсейітов сондай бапкерлер.

– Жақын арада Астанада Елбасының жүлдесі үшін үл­кен лицензиялық турнирдің өте­тіні белгілі. Оны елімізде өткізу қалай шешілді?

– Бұл турнирді елімізде өткізу үшін Дәулет Тұрлыханов көп еңбек сіңірді. Ол – Халық­аралық күрес қауымдастығында беделі, әлемдік спортта аты бар адам. Сол кісінің арқасында мә­селе шешілді. Жоғарыда айтқа­нымдай, біздің елімізге осы турнирде төрт лицензия алу жүк­тел­ген. Өзің көріп отырғандай, соған дайындалып жатырмыз.

– Бап бар, енді бақ керек дей­сіз ғой. Жалпы, мүмкіндік бар ма?

– Бар.

– Мәке, кезінде екеуміз Алматыда бір командада доп тебуші едік. Қазір қалай, ойнап жүрсіз бе?

– Қол тигенде ғана.

Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.

–––––––––––

Суретте: Спорт және дене­шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовтың спорт ке­шінде «Жылдың үздік бап­ке­рі» атағын иеленген грек-рим кү­ре­сінен ұлттық құрама ко­ман­дасының бас бапкері Мұрат­бек Қасымхановты марапаттау ке­зі; грек-рим күресінен Қа­зақ­станның ұлттық құрамасы.