Лекторий жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Аналар кеңесінің мүшелері, көрнекті қоғам қайраткерлері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері, мемлекеттік органдар мен республикалық жастар бірлестіктерінің, жоғары оқу орындарының, қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері, жазушылар қатысты.
Бастама туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко: «Қазақ халқының дарқандығының арқасында елімізде қақтығыс болған емес. Тәуелсіз бейбіт елдігімізге сын түспеуі үшін қазақтың болмысын, тарихын, мәдениетін, дәстүрін насихаттау – парызымыз» деп атап өтті. «Қазақтану» жобасы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланған тұста өзектілігін арттыра түсті. Қазір Атырау облысында 80-нен астам этнос өкілі тұрады. Этно-мәдени бірлестіктер жұмысы жақсы жолға қойылған.
Лекторий жұмысы Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханада, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде де өтті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ұлттық салт-дәстүрлер» театрландырылған қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
«Қазақтану» жобасының бір ерекшелігі – облыс орталықтарымен шектелмей, алыстағы ауылдарды да қамтиды. Атырау облысындағы Махамбет және Жылыой аудандарының елді мекендерінде дәрістер циклы ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жобасы бойынша қайырымдылық ұйымдар, меценаттар мен донорлардың республикалық форумы да Жайық жағасында салтанатты түрде ашылды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ