29 Наурыз, 2012

Дүбір

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүбір

Олимпиадаға 120 күн қалды

ЖОЛДАМА ОСЫ ЖЕТІДЕ ШЕШІЛЕДІ

Грек-рим күресі – қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрінің бірі. Қазақ балуандары күрестің бұл түрінен әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарынан жүлдесіз оралған емес.

Мысалы, қазіргі жас буын ба­луандардың тек газеттің сар­ғай­ған тігінділерінен оқып, бейнетаспалардан көре алатын Анатолий Колесов, Валерий Анисимов, Владимир Бакулин, Валерий Рязанцев, Анатолий Назаренко, Анатолий Быков, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыхановтың жеткен биіктері спорт тарихында алтын әріппен жазылды.

Олимпиадаға 120 күн қалды

ЖОЛДАМА ОСЫ ЖЕТІДЕ ШЕШІЛЕДІ

Грек-рим күресі – қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрінің бірі. Қазақ балуандары күрестің бұл түрінен әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарынан жүлдесіз оралған емес.

Мысалы, қазіргі жас буын ба­луандардың тек газеттің сар­ғай­ған тігінділерінен оқып, бейнетаспалардан көре алатын Анатолий Колесов, Валерий Анисимов, Владимир Бакулин, Валерий Рязанцев, Анатолий Назаренко, Анатолий Быков, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыхановтың жеткен биіктері спорт тарихында алтын әріппен жазылды. Қазақ балуандарының Кеңес Одағы ке­зінде салған сара жолына, солар­дың ішінде Дәулет Тұрлыханов­тың алатын орнына кезінде ер­кін күрестен Олимпиаданың үш дүркін, әлемнің жеті дүркін чемпионы болған Александр Мед­ведьтің өзі жақсы баға берген болатын. Ол сонда былай деген еді: «Кешегі Кеңес Одағының тарихында грек-рим күресінен қатарынан жеті дүркін КСРО чемпионы болған (1986-1992 ж.ж.) балуан 150 миллион орыс­та, 45 миллион украинда жоқ. Қазақта ғана бар. Мұндай адам­ға көзі тірісінде ескерткіш қойса да артық емес». Талантты талант қана таниды деген сөз – рас сөз. Мұны біз тек Дәулет Болат­ұлына ғана емес, Дәулеттей ұл әкелген қазақ халқына берілген зор баға деп білеміз.

Міне, осындай ағаларының сал­ған жолымен тәуелсіздік ал­ған кезде де біздің балуандар Олимпиададан несібесіз қалған емес. 1996 жылы Атлантада Юрий Мельниченко алтын медаль алса, 2004 жылы Афинада Георгий Цурцумия – күміс, Мкхитар Манукян қола медаль иеленді. Ал соңғы Олимпиадада Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов қола жүлдеге қол жеткізді. Біз енді еліміз тәуел­сіздік алған кезден бері қазақтан Олимпиада чемпионы шықпаған күндеріміз артта қалып, биыл Лондон тө­­рінде қазақ балуан­дарының құр­мет тұғырының ең биік сатысынан көрінетініне сен­гіміз келеді. 1998 жылы Дәу­лет Тұрлыха­нов­тың төл шәкірті Бақтияр Бай­сейі­товтің әлем чемпионы атанып, елімізге алтын жүлде әкелген кезден бері бір мүшел уақыт өтіпті. Әрине, әлем чемпионатында, Олимпиадада жүлделі орынға жету үлкен бақыт, асқан абырой, биік бедел. Дегенмен, 4 жылда бір келетін Олимпиада сияқты жарыстың төресінде тө­беден көріну бір басқа. Сондық­тан биылғы Лондон Олимпиадасы жігіттеріміз­дің қамшыны басып, алтын жүлдені жеңіп алатын жері деп ойлаймыз. Соған сенеміз, үміттенеміз.

Ол үшін қазір ұлттық құра­ма­да барлық жағдай жасалуда. Тек күш-жігер, спорттағы айла-тәсіл болса болғаны. Соңғы кездегі жа­рыстардың нәтижесіне қара­сақ, Тұманды Альбиондағы тартыста Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тінәлиевтің құрмет тұғырынан көрінуі әбден мүм­кін. Тіл-көзіміз тасқа, солай болсын дейік! Десек те, біздің балуандарға нағыз қар­сылас болатын спортшылар да осал емес екенін айту керек. Мысалы, Тінәлиевтің ең қарымды деген үш қарсыласы бар. Олар: был­тырғы әлем чемпионы, 2010 жыл­ғы әлем чемпионатының қо­ла жүлдегері түркиялық Риза Каялп. Екіншісі – Бейжің Олим­пиадасының чемпионы, төрт дүр­кін әлем чемпионы, әлем чем­пио­натының екі дүркін қола жүл­дегері Михайн Лопес деген ку­балық балуан. Үшіншісі – атақты ресейлік балуан Хасан Бароев. Ол да Олимпиада чемпионы. 2004 жыл Афинада өткен Олимпия ойындарында қарсы­лас­та­ры­ның бәрін тізе бүктірген. Ал Бей­жің Олимпиадасында ол күміс жүлдеге ие болды. Сонымен бір­ге, ол әлемнің екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы. Марек Швец деген балуанды да тізімнен алып тастай алмаймыз.

Бүгінде біздің «классикте­рі­міз» Олимпиаданың үш жолдамасына ие болып отыр. Әзірше төрт салмақтағы балуандардың лицензиясы жоқ. Олардың мәсе­лесі 30 наурыз бен 1 сәуір күн­дері Астанада Елбасы Н.Назар­баевтың жүлдесі үшін өтетін халықаралық турнирде шешіледі. Азия аймағы бойынша Олимпиада жолдамасы са­рапқа салынатын турнирде 55, 66, 84 және 96 кило салмақ дәрежесінде лицензиялар таратылады. Ал әзірше біздің құра­мада Олимпиада жолдамасы Алмат Кебісбаев (60 кг.), Асхат Ділмұхамедов (74 кг.) пен Нұрма­хан Тінәлиевте (120 кг.) бар. Осы балуандардың ішінде Нұр­ма­хан­ның басты қарсылас­та­рын жаңа айттық. Енді Алматтың жағ­дайына келсек, оның қарсы­лас­тары ретінде Иран, Ресей, Корея балуандарын айтуға болады. Мысалы, оған ирандық Омуд Норузи, әзербайжандық әлем және Еуропа чемпионы Гасан Әлиев, оңтүстіккореялық Джун Джи Хен, жапон Рютаро Мацуто мен ресейлік Заур Курама­го­ме­довтің қарсылас болатынын айтқан жөн.

Ал Асхаттың басты қарсыла­сы армян Арсен Джулфалакян екенін бәрі біледі. Десек те, ұлт­тық құраманың бас бапкері Мұ­ратбек Қасымханов айтқан­дай, балуандарымыздың бәрі жинақы да жігерлі, шыдамды да шымыр. Бәрінің алтын жүлдеге таласуға қабілет-қарымы жетеді. Кез кел­гені алтын медаль алуға лайық. Бірақ, қарсыластарымыз да осал емес. Әркім де үлкен жүлдеден үмітті. Ал оны белдесулер барысы шешеді. Біздің балуандардың да айтатыны осы. Қайсысымен сөйлесіп, әңгімеге тартсаңыз да алдағы белдесулер бәрін де орын-орнына қояды дейді.

Ендеше, іске сәт, жігіттер!

Дастан КЕНЖАЛИН.