25 Қаңтар, 2012

Өзгеге өмір сыйлаған

456 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Өзгеге өмір сыйлаған

Бүгінде Астанада жаһандық же­тіс­тік­тердің озық үлгілерімен жа­рақтанды­рылған жаңа аурухана ашылды деген хабар елді елеңдетер ерекше жаңалық болмай қалды. Мемлекет басшысының бастамасымен елордамызда әлемдік озық технологияларды тұғыр еткен, өрке­ниетті медицинаның барлық талаптарына жауап беретін тұтас бір медициналық кластер қалыптасты. Дәл­дік диагностикамен қаруланған, дертке дауа тиімді ем қолданатын ғылыми-зерттеу орталық­тары бой көтерді. Кең байтақ Қазақ­станның түкпір-түкпірінен келген отандастарымыз осы медици­налық орталық­тарда емделіп, асқынған сырқаттарына шипа тауып, алғыстарын ақтарып жатады.

 

Бүгінде Астанада жаһандық же­тіс­тік­тердің озық үлгілерімен жа­рақтанды­рылған жаңа аурухана ашылды деген хабар елді елеңдетер ерекше жаңалық болмай қалды. Мемлекет басшысының бастамасымен елордамызда әлемдік озық технологияларды тұғыр еткен, өрке­ниетті медицинаның барлық талаптарына жауап беретін тұтас бір медициналық кластер қалыптасты. Дәл­дік диагностикамен қаруланған, дертке дауа тиімді ем қолданатын ғылыми-зерттеу орталық­тары бой көтерді. Кең байтақ Қазақ­станның түкпір-түкпірінен келген отандастарымыз осы медици­налық орталық­тарда емделіп, асқынған сырқаттарына шипа тауып, алғыстарын ақтарып жатады.

«Жаңадан ашылған №2 қалалық ау­руханаға қолы дуалы бір жас хирург бас дәрігер болып келіпті. Жарық дүниедегі санаулы демі біткен, үмітсіз науқастар­дың өзіне күрделі операция жасап, өмір­лерін ұзартыпты. Талай емдеу орындары күдерін үзген менің әкемді…, ағамды.., досымды… қатарға қосып, екінші өмір сыйлады». Осындай әңгімелер соңғы кезде көп аузында жиі айтылатын болды. «Халық айтса, қалт айтпайды».
«Жақсыны көрмек үшін» деген қағи­даны қанат қылып, қала шетін­дегі қа­шықтау №2 қалалық ауруханаға жеттік. Астананың сәнді салтанатына сай салын­ған аурухана ғимараты алыс­тан-ақ «мен мұндалайды» екен. Құрылыс индустрия­сының бар­лық соңғы үлгілерін қолдан­ған жаңа аурухананың сыртқы келбеті мен ішкі құрылымы да халықаралық медициналық стан­дарттарына сай жаб­дық­тал­ған екен. Алдын ала келісіміміз бола тұра, бұл жолы бас дәрігермен кездесеміз деген үмітіміз ақталмады.

«Мақсат Әскерұлы жаңа сіздердің алдарыңызда ғана «жедел жәрдеммен» жеткізілген сырқатқа шұғыл операция жасауға кірісіп кетті. Операция өте күрделі, 5-6 сағатқа созылуы мүмкін…» деді бізге аурухананы таныстырып жүр­ген бас дәрігердің орынбасары кешірім өтінгендей, қинала сөйлеп.
Бұдан кейін де шұғыл операцияларға байланысты бас дәрігермен кездесу туралы бірнеше келісімімізді кейінге қал­дыруға тура келді. Ақыры жоспарлы операциялар белгіленбейтін сенбі күні сағат кешкі сегізден аса №2 қалалық аурухананың бас дәрігерімен кездесудің сәті түсті.
Ақ халатты, аққұба өңді жап-жас елгезек жігіт бізді жылы шыраймен қарсы алды. Атағы ел аузына ерте іліккен білікті хирург, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Мақсат Әскерұлы Жантұр­ғанов алдымызда тұр. Жүзінен жылылық лебі ескен, табиғи кішіпейілділігі бой­дағы терең кісілік келбетті паш еткен бас дәрігермен әңгімеміз бірден жарасып жүре берді.
1991 жылы химия мен биология пә­нін тереңдей оқытуға бейімделген №1 орта мектепті тәмамдаған Мақсат көп ойлан­бас­тан Ақтөбе мемлекеттік меди­ци­налық академиясына оқуға түсіпті. Бір қызығы, сол жылы Ақтөбедегі №1 орта мектепті бітірген түлектер түгелдей дерлік осы жоғары оқу орнын қалаған көрінеді.
– Әкем – Әскер Еменұлының ма­мандығы инженер, анам – Тұрар Ахмет­қызы экономист болатын. Жақын туған-туыстарымыздың арасында да ақ халатты абзал жандар жоқ. Мектеп қабырға­сында жүргенде-ақ әкем менің инженер болғанымды, анам экономист болға­ным­ды қалады. Неге екенін білмеймін, өз басым жастайымнан өзгенің жанына бат­қан жарасын жазуды, қиналған жанның ауыртпалығын жеңілдетуді армандадым. Институттың алғашқы курстарында біз балалар ауруханасында тәжірибеден өтіп, жетім балалар үйіндегі дімкәс бүл­діршіндерге көмек көрсеттік. Мен балалар үйіндегі сырқат балаларға қолымнан келгенше медициналық көмек көрсете жүріп, өмірде өз мамандығымды дұрыс таңдағаныма талай көз жеткіздім, – дейді Мақсат ағынан жарыла, тебірене сөйлеп.
Төртінші курстан бастап Мақсат хирург болуға бет бұрды. Оның ішінде кардиохирургиялық салаға бейімделуді мақсат етті. Оған жастайынан жүрек ақауына (порок сердца) ұшыраған бүл­дір­шіндердің жан азабын жеңілдетсем деген ізгі сезім себеп болды. Осы мақсатпен Мақсат жиі-жиі ауруханаларға кезекшілікке барып, өз еркімен операция жасаған хирургтерге ассистент ретінде көмек көрсетті. Институт қабырғасында жүріп-ақ бірнеше жылға созылған осы тәжірибе үрдісінде оған Намаз Изенбергенов, Базылбек Жақиев, Салбет Келім­бердиев сияқты белгілі хирургтер тәлім­герлік тәрбие берді. Осы тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауымен Мақсат инс­титуттың төртінші курсында жүргенде-ақ өз қолымен жеке операция жасады. Жас маманның алғашқы бастамасы сәтті өтіп, кәсіби дәрігерлердің жоғары бағасын алды.
1997 жылы Ақтөбе Медициналық ака­демиясын ойдағыдай тәмамдаған. Мақ­сат Жантұрғанов білімін одан әрі жалғастыру үшін РМҒА-ның Мәскеудегі А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясының ғылыми-зерт­теу орталығының клиникалық ординатурасына қабылданды. Осы жерде ол орыстың атақты профессорларынан дә­ріс ала жүріп, кәсіби білімін тәжірибелік біліктілікпен жалғастырды. Ғылыми орталықта екі жыл клиникалық ординатурадан өткеннен кейін ол осы орта­лықтың жүрек ауруларын хирургия­лық жолмен емдеу бө­лім­шесінің клини­калық аспирантурасына оқуға түсті.
«Ізденген жетер мұратқа» дегендей табиғи табандылығы мен таңдаған мамандығына деген адалдығын қатар ұштастырған Мақсат жүрек ауруларын хирургиялық жолмен емдеу бөлім­шесінің профессоры В.С.Работниковтың жетекшілігімен жеке ғылыми жұмыспен айналыса бастады. Ресей Медицина ғылымы академиясының белгілі ғалымы Владимир Семенович Работников Мақ­саттың дәрігерлік ғылымға, оның ішінде адам жүрегінің кінәраттарын емдеуге деген құштарлығын ұштады. Мақсат адам ағзасының бүкіл тіршілік тетігіне нәр беріп, секөнт сайын қан құйып, дамылсыз дүрсілдеп тұрған жұдырықтай ғана жүректің барлық құдіретін бүге-шігесіне дейін білуге ұмтылды. Қарт профессор, барлық саналы ғұмырын жүрек ауруларын зерттеуге арнаған маман-ғалым Владимир Работниковтың басшылығымен жүрек құрылымына үңілген сайын Мақсат оның құдіреті құрық бойлатпайтын тылсым екенін түсінді. Түсінген сайын сол тылсымның құпиясына ынтығып, тұңғиығына тереңдей берді.
– Кандидаттық диссертация жазу барысында мен мәскеулік ұстаздарымның берген дәрісін місе тұтпай, өзімше терең ізденіс жолына түстім. Кітапханалардағы том-том ғылыми еңбектерді ақтарып, интернет арқылы осы саланың талай-талай сұңғылаларымен хат алмастым. Ғылыми деректер жинау барысында жүрек ауруларын хирургиялық жолмен емдеу саласында дүние жүзінде алдыңғы қатарға шыққан неміс ғалымдарымен жан-жақты байланысқа шықтым. Бұл ретте Герма­нияның Фрайбург қаласындағы универ­ситеттік клиникасының профессоры Байерсдорфтың баламасыз ұстаздық тәлімін ерекше жоғары бағалаймын, – дейді Мақсат Жантұрғанов нағыз ғалым­ға тән ашықтықпен.
2002 жылы Мақсат Жантұрғанов Ресей Медицина ғылымы академиясында профессор Владимир Работниковтың жетекші­лігімен жүрек ауруларын хирур­гиялық жолмен емдеу мәселелері бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағы­дай қорғап шықты. Мәскеудің өңкей ығай мен сығай академиктерінің сынынан сүрінбей өтіп, ғылым кандидаты атану айтуға ғана оңай. 28-ге енді ғана толған жас жігіт үшін бұл аз абырой емес. Енді елге оралып, тәуір бір қызметтің орынтағына отырса да болады. Басқа біреу болса, сөйтер ме еді, бірақ Мақсат емес…
Ғылым кандидаттығының диссертациясын қорғап, енді ғана еңбек демалысына шыққалы отырған Мақсат Герма­ния­дан шұғыл шақырту қағазын алды. «DAAD» Неміс академиясының тәжірибе алмасу орталығының стипендиаты ретін­де профессор Байерсдорфтың жетекші­лігімен «Жүрек-қан тамырлары хирур­гиясы» бөлімінде ғылыми-зерттеу және нақты тәжірибе жұмыстарын жүргізуге шақырыпты. Мақсат ешбір ойланбастан келісімін беріп, Германияға аттанды. Бас­тап­қы кезде тіл мәселесінен аздап қиын­дық көргені болмаса, бұл орта жас ға­лымға нағыз өмір мектебіне айналды. Осы жерде жүріп, орталықтың арнайы жолдамасымен Ұлыбританияның Бирмингем қаласындағы Елизавета Король­дік госпиталінің медициналық орталы­ғында жүрек-қан тамырлары хирургиясы бойынша тәжірибе алмасу курстарынан өтті.
Жүрек аурулары медициналық ғылы­мы­ның ғұламасы, профессор Байерс­дорф­тың қарамағындағы клиникада өт­кіз­ген екі жыл ғылыми тәжірибе жұмысы жас ғалым Мақсат Жантұрғановтың өмі­ріне өшпес із қалдырған маман ретіндегі шыңдалу, ғалым ретіндегі толысу кезеңі болды. Өкінішке орай, 2004 жылы Гер­манияның Фрайбург қаласындағы уни­вер­ситеттік клиниканың жүрек және қан тамырлары бөлімшесінде профессор Байерс­дорфтың жетекшілігімен жүр­гізіл­ген ғы­лы­ми-зерттеу және нақты тә­жірибе сти­пендианттығының мерзімі аяқталды.
Таңдаған мамандығының тұңғиығы­нан терең сусындайтын таптырмас ғылы­ми ортадан Мақсаттың кеткісі келмеді. Болашағынан мол үміт күттірген туа біткен талантты жас хирургті профессор Байерсдорфтың да жібергісі жоқ еді. Бірақ арнайы стипендиясыз универ­си­теттік клиникада жұмысты жалғастыруға тағы болмайды. Ұзақ толғаныстан кейін Мақсат Германияның Бохум қаласын­дағы университеттік клиникасына ауысып, «Кардио-торакалдық хирургия» бөлімшесіне келісім-шарт арқылы дәрі­гер-хирург ретінде еңбек етуге келісті. Осы жерде ол екі жыл бойы еңбек ете жүріп, білікті неміс хирургтарынан тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдады.
Тәжірибесі толысқан жас хирург-ғалымды 2006 жылы Дрезден қаласын­дағы немістің атақты «Жүрек орталығы» атты жүрек хирургиясы клиникасы жұмысқа шақырды. Мүйізі қарағайдай жергілікті мамандардың өзі жұмысқа қабылдануды армандап, жылдар бойы кезек күтетін беделді клиниканың Мақсат­қа арнайы шақырту жіберуінің өзі көп жайды аңғартса керек. Байерсдорф сияқ­ты әлемдік деңгейдегі ғалымнан тәлім алған қазақтың жас хирургіне неміс мамандары да үлкен үміт артты. Мақсат осы орталықта дүние жүзіне әйгілі ғалымдар­мен бірге талай-талай жүрекке күрделі операциялар жасап, «адам өміріне араша тұрсам» деген балалық арманының биік мұраттарын жүзеге асыра бастады.
Дрезден қаласындағы «Жүрек орта­лығында» жылдан астам еңбек еткен Мақсат күзге салым Қазақстан медици­на­лық саласының білікті басшысы, белгілі ғалым, жақсы сыйласатын ағасы Абай Байгенжиннен хат алды. Ол өз хатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен еліміздің медициналық саласында түбе­гейлі реформалар жасалып жатқанын айтыпты. Елбасының бастамасымен Астана қаласында әлемдік деңгейдегі «Меди­циналық кластер» құрудың қолға алын­ғандығын хабарлапты. Өкінішке орай, елімізде білікті ұлттық кадрлардың же­тіс­пей жатқандығын айтып, Абай Байгенжин хатын азаматтық қарыз, перзент­тік парыз сияқты асқақ ұғымдармен аяқтапты.
Абай ағасының ағынан жарыла жаз­ған ашық хаты Мақсатты қатты толған­дырды. Ұзақ он жыл бойы шет елдерде жүріп, шеберлігін шыңдағаны да рас. Ота­­нын шын сүйген адамның таңдауын тап басып, елінің алдындағы азаматтық парызын ақтайтын кезеңі болатындығы да ақиқат. Ендеше, Мақсат үшін таңдауын танытар, он жыл бойы жырақта жүріп алған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жаратар уақыт жетті. Осындай шынайы тебіреніс оның бойындағы отаншылдық сезімін оятып, алыстағы неміс жерінен ата қонысқа алып ұшты…
Мақсат Жантұрғанов 2007 жылы елге оралғаннан кейін Астанадағы №2 Ұлт­тық ғылыми медициналық орталықта кардио­хирур­гиялық бөлім ашу жұмысын қолға алды. Біраз уақыт бөлімді қалып­тастыру, маман-кадрлар іріктеу шараларымен өтті. Ақыры Мақсат Әскерұлы ғылыми медици­налық орталықта 10 орын­дық кар­диохирур­гиялық бөлім ашып, жүрек аурулары асқынған қазақстандықтарды хи­рур­­гия­лық жолмен емдеу жұмысын қолға алды.
«Іс тетігін маман шешеді». Айтуға оңай. Ал білімді де білікті маманды бір сәтте қолдан жасай алмайсың. Ол жылдар бойы жүйелі түрде шешілуге тиіс. Ғылыми медициналық орталықта кар­дио­хи­рургиялық орталық құруды қолға алған Мақсаттың алғаш тірелген тығы­рығы осы болды. Астанада операция жасайтын білікті хирургтар былай тұрсын, жүрек ауруының диагнозын дұрыс қоя білетін кардиологтардың өзі саусақпен санар­лықтай екен. Мақсат шет елде алған тәжірибесіне жүгініп, РМҒА-ның А.Н.Ба­кулев атындағы жүрек-­қан тамырлары хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығын­да төрт жыл бойы тәжірибе алмасып жүрген Әділжан Әлбазаровты аттай қалап алдырды. Жүрек хирургиясы саласында маманданып жүрген Кенжебек Әлтенов, Сәуле Нұрақаева сияқты жас мамандарды топтастырды.
Ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургиялық орталығы құрылып, толық жан-жақты жұмыс істей бастаған кезеңде, бір жыл ішінде Мақсат Жантұр­ғанов бастаған дәрігерлер 440 адамның жүрегіне ашық операция жасады. Ойлап көріңіз, 440 санының астарында не жатыр?! Бұл – 440 өмір! Бұрын бұл адамдардың жүрегіне осындай ашық операция жасату үшін миллиондаған теңге ақша төлеп, шет елдерге баруы керек еді. Оған екінің бірі бара ала ма?! Әрине жоқ. Ендеше, қаншама адамның тағдыры қыл үстінде тұр еді. Енді міне, Мақсат Жантұрғанов бастаған ақ халатты абзал жандардың аялы алақанының арқасында 440 өмір қайта оралды!
Астананың жылт еткен жақсылығына жол ашып, бас қаланың беделін көтеру жолында барлық күш-жігерін жұмсап келе жатқан қала әкімі Иманғали Тасма­ғамбетовтің назарынан өз ісінің нағыз маманы, білікті жас ғылым Мақсат Жантұрғанов та сырт қалмады. Қала әкімдігі өткен жылдың сәуір айында оны жаңадан бой көтерген №2 қалалық ауруханаға бас дәрігер етіп тағайын­дады. 350 орындық бұл заманауи емдеу орталығының елор­дамыздың денсаулық саласы үшін маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Астаналықтар үшін ауадай қажет жан-жақты жабдықталған жаңа ауру­ханаға Мемлекет басшысының өзі сәттілік тілеп, тұсаукесерін өткізген болатын. Ауруханада бес ірі бөлімше жұмыс істейді. Бұл бөлімшелерді профессор Сәрсен Қобыландин, Темір Мұратов сияқты білікті де тәжірибелі мамандар басқарады.
Мақсат Жантұрғанов өзі басқаратын №2 қалалық ауруханада да кардиохирур­гиялық бөлім ашты. Бұл бөлімде Әділ­жан Әлбазаров сияқты тәжірибелі хирургтар еңбек етеді. Жаңа аурухана ашылғаннан бергі уақыт ішінде мұнда Мақсат Жантұрғановтың тікелей басшы­лы­ғымен 250 адамның жүрегіне күрделі ашық операциялар жасалды. Тағы да асқынған дерт аранынан арашалап алынған 250 өмір!..
Бұл көп пе, аз ба?! Біз осы ойымызды халықаралық дәрежедегі хирург Мақсат Әскерұлына аңғарттық.
– Адамзат үшін ХХІ ғасырда аса қауіпті болып отырған кеселдің бірі – жүрек кінәраты. Бұл кеселдің алдын алу үшін әлемдік статистика бойынша әрбір 1 миллион адамға 1 мың операция жасалуы керек. Осы статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстанда жылына кем дегенде 16 мың жүрек операциясы жасалуы керек. Әзірге бұл көрсеткіш 4-5 мыңға да жетпейді, – деді Мақсат Жантұрғанов.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жас та болса, бас болып, халық денсаулығын қорғау жолында «қанатымен су сепкен қарлығаштай» қалтқысыз қызмет жасап жүрген №2 қалалық аурухананың бас дәрігері, халықаралық дәрежедегі хирург, ғалым Мақсат Жантұрғановтың ізденісті еңбек жолы туралы азды-көпті қалам тербедік. Болашағы зор білікті жас маманның өнегелі істері хақындағы алғашқы мақа­ланың ел газеті – «Егемен Қазақстанда» жарық көруінің өзінде ырымды ой түйер мән бар сияқты. Бас дәрігер, жас ғалым, халықаралық дәрежедегі білікті хирург Мақсат Жантұрғанов туралы тұңғыш мақаланың жазылуына «Егемен Қазақ­стан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаевтың мұрындық болғанын атап айтудың да артықтығы болмас. Ол кісіге кейіпкеріміз туралы көптеген адамдардан хат келген. Айтатындары – ақ желеңді абзал жанға деген алғыс. Бас редактор оларды оқып отырып шешім қабылдаған. Адам танитын, шынайы маманды бағалайтын журналист екеніміз шын болса, Мақсат Жантұр­ғанов жайында талай басылымдар әлі жарыса жазатын болады.
Ауруханадан шығар сәтте біздің қасымызға самайларын ақ қырау шалған жігіт ағасы келді.
– Менің аты-жөнім – Ғарифолла Слам­ғазиев, – деп таныстырды ол өзін. – Осыдан екі апта бұрын «жедел жәрдем­мен» хал үстінде осы ауруханаға келіп түстім. Ешқандай квота да жоқ, ертеңгі өмірден мүлде күдер үзген болатынмын. Жылдар бойы жанымды жегідей жеп біткен бұл жүрек кінәратынан аман қалам деген ой да болған жоқ. Балала­рымның тілеуі мен талайым тағдырым Мақсат Әскерұлы Жантұрғановқа кез қылыпты. Ол ештеңеге қарамастан, хал үстінде жатқан маған шұғыл операция жасады. Міне, екі жұмадан бері мен жарық дүниеге жаңа көзқараспен қарап жүрмін. Тәтті тіршілікке қайта оралдым. Мені өмірге екінші рет әкелген шипалы алақаныңнан айналайын Мақсат!..
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Астана.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.