27 Ақпан, 2010

ҚАТЕР ӘЛІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

813 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Газеттің кешегі нөміріне суыт жолдаған мақаламызда Жетісу жеріне жауған мол жаңбыр тоңы жібімеген жерге сіңбеуінен сел қаупін туғыз­ға­нын жазған едік. Қатер әлі сейілген жоқ. Алты мыңнан ас­там адам сел қаупінен тыс жерлерге көшірілгенінің өзі апаттың аумағын аңғарта алады. Кеше облыс әкімі С.Үм­бе­тов Іле ауданындағы Ақши селосына келіп, жұртшылықпен жиналыс өткізді. Тосын таби­ғаттың аяқ астынан туындатқан қатеріне орай кезекті еңбек дем­алысын үзіп, қиындықта қалған елдің арасына тез жеткен Серік Әбікенұлы халыққа ат­қа­рылып жатқан жұмыс жайында жүйелі әңгімелеп берді. Сел қаупі төнген жерлердегі тұрғын­дар ағайындарына, көршілес елді мекендерге, сондай-ақ аудандық ауруханаға орналас­тырылған. Таяу арада шатырлы қалашық орнатылады. Азық-түлік жедел жеткізіліп жатыр. Іле ауданындағы геологиялық-бар­лау пунктінің ғимараты қал­пына келтірілді. Бұл жерге 300 ұйықтайтын қапшық, 300 жи­налмалы төсек жеткізілді, 38 тон­на бензин мен 39 тонна дизель отыны берілді.   Бөгеттің бас жағынан суды шақтап тө­менге жіберу ұйымдастырылуда. Облыстың Жамбыл, Ескелді аудандарында, Қапшағай қала­сының маңайында да осындай су қатері бар. Жамбыл ауданын­да еріген қар суы Тарғап бөге­тіне қарай жөңкіле ағып, бөгетті бұзып кететіндей қауіп төнді. Соған байланысты Тарғаптың төменгі жағында тұратын 200-дей адамды көшіру жөнінде ше­шім қабылданды. Мұнда су ал­ған 50 үйдің 3-іне зақым келген, бір үй апатты жағдайда тұр. Алматы –  Бішкек тасжо­лы­ның бір учаскесін де су ба­сып қалды. Қапшағай – Бал­қаш – Қарой айналмалы жо­лын­дағы жағдай да осындай.  Тө­тенше жағдайдың салдарла­рын жоюға қолда бар күш то­лық жұмылдырылуда. Панфилов, Ұйғыр аудан­дары­нан жеткен хабар бойын­ша, ондағы судың деңгейі бір­ша­ма қалыпқа түскен, қауіп азай­ған көрінеді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.