25 Қаңтар, 2012

Баукең үйінің люстрасы

608 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Баукең үйінің люстрасы

Батыр дүниеден озардан бір апта бұрын өзінен өзі құлап түсіпті

Ер Баукеңнің қара шаңыра­ғының шырақшысына айналып, батыр тұтынған заттарды көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан баласы Бақытжан мен келіні Зейнеп екені белгілі. Бұрнағы жылы Жуалы ауданындағы батыр атын­дағы облыстық музейге аты аңызға айналған адамның тағылымды тарихы мол заттарын Зейнеп апай өз қолымен әкеліп тапсырды. Тапсырып қана қойған жоқ, біртуар батырдың от басы, ошақ қасын­дағы алуан түрлі көңіл-күй ауанынан сыр шертетін экспонаттардың ғибратын аманатқа адал келіннің көзімен әңгімелеп беруге тырысты.

Батыр дүниеден озардан бір апта бұрын өзінен өзі құлап түсіпті

Ер Баукеңнің қара шаңыра­ғының шырақшысына айналып, батыр тұтынған заттарды көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан баласы Бақытжан мен келіні Зейнеп екені белгілі. Бұрнағы жылы Жуалы ауданындағы батыр атын­дағы облыстық музейге аты аңызға айналған адамның тағылымды тарихы мол заттарын Зейнеп апай өз қолымен әкеліп тапсырды. Тапсырып қана қойған жоқ, біртуар батырдың от басы, ошақ қасын­дағы алуан түрлі көңіл-күй ауанынан сыр шертетін экспонаттардың ғибратын аманатқа адал келіннің көзімен әңгімелеп беруге тырысты.

– Атам дүниеге ешуақытта қы­зыққан адам емес. Артына қалдыр­ған байлығы да, аманаты да, өсиеті де – қарапайымдылық пен қанағат болды. Кезінде біз үшін де, елі үшін де ең үлкен қазына – ол кісі­нің өзі мен сөзі болатын. Қазір ше? Қазір ойлап отырсам, ендігі қазы­на атам жазып қалдырған дүние­лер екен. Одан кейін қарияның тұтынған заттары да көзіме өте ыстық көрінеді. Тіпті ескіріп, заман көшінен қалып қойса да, қи­майтын сияқтымын. Өйткені оның әрқайсысында ата қолының табы қалған. Батыр рухын аңсап, ерлік пен өрлікке ынтызар ұрпақ үшін де ең бас­ты қазына осылар деп білемін…
Зейнеп жеңешем осылай деп барып бір тоқтады. Жазуды жа­ңа бастап жүрген ке-зімде «Шуақты күн­дері» жаныма бұлттан шыққан күннің шуа­ғындай әсер еткен. Кітабын бір деммен оқып шығып, қысқа күнде қырық құбыла­тын батыр мінезіне келінінің көнбістік та­нытқан төзімділігіне таңғалғаным бар. Бертін келе таныс-біліс бол­дық. Жеңістің 60 жылдығында Ба­қытжан аға, Зейнеп жеңеше, тағы біраз кісі бар, бәріміз Мәскеуге сапар шеккенбіз. Батырдың даңқын аспандатқан Волоколамск тас жолының бойымен атақты 28 батыр шайқасқан тарихи жерге де табанымыз тиген. Қаһарман қолба­сы­лар Панфилов пен Момыш­ұлына Қазақ елі атынан қойылған ескерткішті Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен ашқан. Мәс­кеулік қазақтар болса батыр­дың ұлы мен келінін сыйлап, қа­рағайлы орман арасындағы үйле­ріне алып барды. Ауласына киіз үй тігіп, соның төріне шығарып күтті, сонда байқағаным, жеңешем, шынында, қызыл тілде анау-мы­науыңа дес бермес шешен екен. Ал Бақытжан көкем болса қой аузынан шөп алмас момынның өзі, тіпті, жеңешем мың рет сөйлеген­де, ол кісі бір рет қана: «Сөзді Зейнепке бердік қой», деп жымиған да қойған. Жуалыдағы музейден де сол ділмар жеңгемді көрдім.

– … Атам кемпір алып, бізден «бөлініп шыққанда» тек қана бір шабаданмен кетті. Ал қолы тиген, иісі сіңген заттарының барлығы үйде қалды. Мен, міне, отыз жылдан астам уақыт бойы атамның сол бұйымдарын көзімнің қарашығын­дай сақтап келем. Әрине, ол кісі­нің артында ұрпағы бар, ұлы бар, немересі бар, шөберелері бар, оларға да ескерткіш керек, сон­дық­тан үйге де біразын қалдыр­дым. Ал көптеген дүниесін батыр музейіне келген жұрт пен жас ұрпақ көріп, ұлағат алсын деп ұйғарды отбасымыз.
Атамыздан қалған жәдігерлер­дің барлығын мұражайға әкеліп бере салу да оңай емес. Біреу жүрегімді жұлып алып жатқандай қатты қиналдым. Сондықтан болар, толқып та тұрмын қазір. Өйт­кені әр заттың өзіндік тарихы бар. Мысалы, мынау 1908 жылы жасалған сейф екен. Тіпті жасаған адамына дейін, яғни Пивоваров деген шебердің тегіне дейін жазулы тұр. Осы сейфке байланысты мынандай бір қызық оқиға болды.
Атамның қолына көшіп келген кезіміз. Кілетті ашсам осы жәшік тұр екен, «Мына қара темірді мұнда неге қойған?» деген оймен шығармақ болғаным сол еді атам: «Тиіспе оған! Не трогай!» деп, айғайлап жіберді. Шошып кеттім. Сөйтсем менің «қара темір» деп менсінбеген затым соғыста алдымен батальонның, кейін Панфилов дивизиясының бүкіл құпия құжаттары сақталған сейф екен. Сырты қап-қара болып, көзге қораштау көрініп тұрғаны­мен, бұл темір жәшік әрбір шайқас тағдырын шешуге қатысты талай құжаттарды ішіне сақтаған, төрт жылғы қып-қызыл от пен оқтың ішінен елге аман-есен келген жауынгердей қат дүние болып шықты. Атам: «Тиіспе!» деген соң, мен де оны осы күнге дейін көзімнің қарашығындай сақтадым.
Ал енді мынау алдарыңда тұр­ған люстраның да «тарихы» бар. Сонау 1962 жылы Чехословакия­ның Вацлав Кубик деген журна­лисі Алматыға келіп атамның үйін­де қонақ болып, үш сағаттан аса әңгімелескен екен. Батыр болса әңгімеден соң өзіне тән кең­пейіл мінезімен журналисті үлкен сый-сияпатпен шығарып салады. Арада бір жыл өткенде атам Ку­баға барады. Ол кезде барыс-келіс тек қана социалистік елдер ар­қы­лы өтетін болғандық­тан, жол-жөнекей Че­хос­ловакияға аялдайды. Әрине, атамның келеті­нінен хабардар Вацлав алдынан шыққан, құ­шақ жая қарсы алған. Сол жерде басқа журналистер де қонақтан сұхбат алып, бүкіл газет-журнал жарыса ма­қала жазады. Вацлав­тың «Прага-Москва» деген журналда өте үлкен мақа­ласы шыққан екен, соны көрсетеді. Ол басылым қазір үйде тұр. Содан кейін атамды Ку­баға шығарып салады. Қайтар жолда тағы да Прагаға жолы түсіп, тағы да сол баяғы Вацлав Кубик қарсы алып, «зайыбыңызға сыйлы­ғым» деп қояр­да-қоймай осы люстраны береді. Чехтардың атақты хрусталі деп бағаланатын бұл дүние ол кезде қасқалдақтың қа­нын­дай қат нәрсе. Біздің елдің дүкендеріне, тіпті, түспейтін де еді.
Сонымен атамның бөлмесінде ілулі тұратын чех люстрасы өзі қайтыс боларынан жеті күн бұ­рын… құлап түсті. Құлап түскенде, электр желісінен жарқ-жұрқ етіп от шығып, бір жағы күйіп, бір жағы сынып, тура мистикалық фильмдердегі көріністердей зәре­міз­ді ұшырды. Мен ол кезде түкке түсінбеппін. «Люстраны әні-міні жөндетемін», деп жүргенде атам да қайтыс болды. Кейін барып санама жетті, бұл батырдың: «Әй, менің шырағым сөнейін деп жатыр, менің шырағым сөніп бара жатыр», деген белгісі екен ғой бізге білдірген. Біз болсақ оны түсінбеппіз. Бірақ люстраны содан кейін қайтып ілген жоқпыз. Тек осы мұражайға әкелердің алдында ғана жуып, тазаладым, тіпті, мон­шақтарының қалай жиналатынын да ұмытып қалыппын…
Жеңешем әңгімесін одан ары жалғастырды. Біз бір топ журна­лис­тер ұйып тыңдап тұрмыз.
– Ал мынау шағын үстелдің басында Димаш ата Қонаевтан бас­тап Сәбит Мұқанов, Тахауи Ахтанов, Әбділда Тәжібаев сияқты қа­зақтың талай марқасқалары отыр­ған. Менің бұл үстелдің үстіне жая­тын дастарқаным, орамалдарым да бар. Айтпақшы, бұл үстелдің де атамызға қатысты өз «құпиясы» бар.
Бәріміз үйде отырғанбыз. Бір кезде мені қария шақырып алып: «Қоңыр папканы әкел», деді. Тез тауып апарып беріп едім: «Енді мені мазаламаңдар, ұйықтай берің­дер», деді. Ұйқылы-ояу жатып мұрныма бір иіс келгенін сездім. Бақытжанды оятып, атамның бөл­месіне барсақ, үстелдің үсті жанып жатыр. Атамның беті түтіннен қап-қара күйе боп кеткен, өзі бөл­менің ортасына тұрып алып жалынды шапанымен ұрып, сөнді­руде. Үстелдің үстіндегі қағаздар­дан шыққан отты өшіріп болған кезде мен қарап тұрмай: «Кілем өртен­бепті», деп қалдым қуа­нып. «Кілемді қайтесің, атаңның қағаз­дары өртенді ғой», деп өкінді Ба­қытжан. Үстелдің де кішкене жері жанып, күйіп қалыпты. Бақытжан: «Жөндеуге болады», деп еді, әкесі: «Не трогайте, бұл менің «қыл­мысымның» куәсі болып осылай тұрсын», деді.
Біз үстел үстіндегі күйік шалған жерге қара­дық. «Батыр аңғал», деген. Шынында лак жағылған жылтыр үстел ер Баукеңнің аңғалдығынан сыр шертіп тұрғандай. Мұра­жайдағы «жол бастаушы­ның» кей­піне енген жеңгеміз енді назарын басқа жәдігерлерге аударған.
– Атамыз дәм татқан ыдыс­тар да ыстық. Алматыда қатты жер сілкінісі бол­ғанда көбісі құлап, сынып қалды. Дегенмен біразы сақ­талды, қазір мұндай заттар жоқ, өзі сондай жұқа, сондай нәзік жасалған фарфорлар.
Батырдың достары өте көп болатын. Соның бірі Ишанбай Қарағұлов еді. Сол кісі атамыздың 60 жылдығына күлсалғыш сыйлады. Ақын Әбілда Тәжібаевты білесіздер. Атамның бала кезден бірге өскен досы. Екеуі Шымкент­тің интернатында бірге оқыған. Сол ақын атамыздың да сыйлығы бар. Момышұлы отбасы үшін бұл да үлкен ескерткіш. Ленинградқа барған кезінде стакандар әкелді. Үйге келген құрметті қонақтарына сол стакандарға коньяк құйып беретін. Ал батыр тұтынған күміс қасық үшеу еді, екеуін немере­леріне қалдырдым да, біреуін мұ­ра­жайға деп әкелдім. Атам қолдан жасалған ағаш қасықты жақсы көретін, жұрт көрсін деп сол қасықты да қалдырғаным жоқ. Батыр шай ішкен самаурын да таңсық қой ата өмірін өнеге-үлгі тұтатындарға. Мұражай есігін ашқандар оны да көрсін дедім.
Жеңгеміз батыр өмірінен сыр шертетін әр затқа мұқият тоқтала­ды. Ол үшін жәдігерлердің үлкен-кішісі жоқ. Баукең тұтынған заттың бәрі үлкен, бәрі қастерлі.
– Ол кезде қазіргідей бір рет қана егілетін укол жоқ, оның инелері мен шприцтерін ыдысқа салып, сақырлатып тұрып қайна­тып алатынбыз. Ал уколды атама Бақытжанның өзі еге беретін. Белінде оқтың жарықшағы болған­дықтан жиі ауырып қала беретін еді ғой жарықтық. Беліне қоятын электрлі жылытқышын да ала келдім. Атамның тері сіңген зат болған соң сол қалпы тұрсын деп тысын ғана тазалап, ішкі жағына су тигізген жоқпын…
Етектегі ел ішінде: «Маған Баукең домбыра сыйлады». «Қы­лыш тарту етті», деген тұрғыдағы әңгіме көп айтылатын. Зейнеп жеңешеміздің Баукеңнің домбырасы туралы әңгімесі мұндай бос мақтан мен алыпқашпа сөзге нүкте қойған сияқты.
– Аталарыңның екі домбырасы болды. Біреуін немере, шөберелері үшін қара шаңырақта тұрсын деп алып қалдым. Ал мына домбыраны атамның 60 жыл­дығына қыздар педагогика­лық инс­титутының (ЖенПИ) ұжымы сыйлаған.
Соғыс кезінде атаға 4 жыл аспаз болған, барлық кітап­тарында айтылатын Жамбыл Қазиев деген кісі болды. Сол кісі: «Сіз ала тақия кимейсіз, мына өзбек шапанын киіңіз», деп батырдың 60 жылды­ғына жұқа өзбек шапанын алып келген. Атамыз оны балконға шыққанда иығына жамылып жүрді. Ал мына лупа қаламгердің жазу үстеліндегі құралдың бірі.
Атамның мінезі кейде әскери адамнан гөрі жаны нәзік ақын, жазушыға қатты ұқсап кететін. Мысалы, мына иттің мүсінін Ленинградтағы Киров зауыты жұмысшылары сыйлаған екен. Өзі таза шойыннан құйылғандықтан зілбатпан ауыр. Мен осының шаңын сүртіп қояйын деп ниеттенсем, ол кісі: «Сүртпе, иттің «жүні» көрінбей қалады», дейтін, жарық­тық…
Зейнеп жеңгеміздің әңгімесінен ата мен келін немесе әке мен қыз арасындағы мейірім мен сый­ластықты аңғаруға болады. Баукең туралы жазған журналис­тер ол кісіні көбінесе қатал, ашушаң, тік мінезді адам ретінде көрсетіп, ал жанының күнгей жағын, яғни айналасына мейірімін төгіп, жаны жадырап күлген сәттерін аз қамтиды. Біз Баукеңнің келінін тыңдап тұрып, оның сол «қатал» адамның «нәзік» сезімде­ріне деген үлкен құрметін анық аңғардық.
– Жеңістің 30 жылдығы жа­қындап қалған. Сол даталы күнге байланысты ол кісіге бір ерекше нәрсе сыйлағым келіп, көп ойландым. Артынша: «Не де болса өз қолыммен бір нәрсе істейін», деп мынау жастық қапты тіктім, алдымен сурет салып, оны кестеледім. Сөйтіп сыйлығымды ұсынып едім: «Мынау не пәле, ұзататын қыз құсатып», деп ұрсып берді. Содан ренжіп қалдым да: «Ата, мен мұны сізге өз қолыммен тігіп едім», дедім. «А-а, солай ма!» деп сипап көрді де: «Балам, мынау тура машинадан шыққандай ғой», деп еді, мен: «Өзім тіктім», деп мақтан­дым. Содан кейін барып: «Рахмет!» деді. Ертесіне Қазақстан Жазушылар одағында Азат Сүлеев деген референт жігіт бар екен, соны шақырып алды да, қасына ілестіріп бір жаққа кетті. Бұрын мені ертіп алатын. Содан екеуінің қайда барғандарын білмеймін, бір кезде қайтып келіп: «Міне, саған Жеңістің 30 жылдығына!» деп, «Ракета» деген шаңсорғышты әкеліп тұр. Мынау сол… «Ракета». Бірақ атам әлгі жастықты басына жастанған күні-ақ шылымның күлін түсіріп, күйдіріп алды, содан соң ойылып қалған жерді жамасам ыңғайсыз болғандықтан күн сияқ­ты ғып кестелеп, тоқып қойдым.
– Керемет жәдігер екен. Атаңыз тағы қандай сый жасады? Ылғи «ұрса» бермеген шығар?
– Ол уақыттағы әйелдердің күнін бүгінгі келіндерге көрсете көрмесін. Кір жуу үшін қазіргідей химиялық неше түрлі ұнтақтар жоқ кез. Әуелі сабынды еземіз, содан кейін кірді қайнатамыз, одан соң шаямыз, крахмалдаймыз, әй­теуір екі күннің бірінде кір жуып жатамыз. Бір күні атам: «Балам-ау, өзің бір жапырақсың, қолың судан шықпайды, қолыңды су сорып тас­тамай ма, кір жуатын бірдеңе бар дейді ғой», деді. Мен: «Бар, бірақ қымбат», дедім. «Қанша тұрады?» деді. Мен: «85 сом тұрады» дедім. Ол кезде 85 сом деген бір адамның айлығы. Бір үйді бір ай асырауға болады. Содан 1973 жылы қараша айының пенсиясын алуға барды да «Алматы» деген мына кір жу­ғышты әперді.
– Баукеңнің жазу машинкала­рының тарихы да тағылымды шығар?
– Атамда 3 жазу машинкасы болған. Біреуін жолға шыққанда алып жүретін. Шағын, ал мынау ең көнесі. Осыны мамама өзі қа­зақшалатып берген екен. Өзі де пайдаланған. Кейін Бақытжанның бірнеше кітаптары да осы машинкамен жазылды. Мынау кейінгісі. Мұнымен де біраз жұмыс істеді. Әсіресе, Бақытжан көп уақыт пайдаланды, «Восхождение…» кітабы осы машинкамен жазылған.
Мұның бәрі атамның өзі жұмыс істеген мына үстелінде тұрды. Қағаздары да осы үстелде сақталған. Күләш апа­мыздың, Ғ.Құр­­­ман­ғалиев, Қ.Жан­дарбековтің жақсы көрген әндері жазылған күйта­бақтары да бар. «Бұлбұл» деп аталатын күйтабақ сол жылдардан хабары бар жұрттың есін­де болса керек. Айтпақ­шы, атама қолтаңбамен сыйлаған кітаптардың өзі бір төбе. Ол кісі Қасым Аманжоловты өте көп оқитын. Мынау батырдың поляк тілінде, ал мынау тәжік тілінде шыққан кітап­тары.
Ал жазушы Ә.Сатыбалдин өзінің кіта­бын: «Айбынды ағам Бауыржан мен қадірлі жеңешем Кәмешке шексіз құрмет­пен…» деп жазып беріпті. Жазушы, журналист Әзілхан аға: «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабына: «Ұлы Отан соғы­сында ерлігімен елге танылып, халқының абыройын асыр­ған, оның атағын бүкіл дүние жүзіне танытқан қаһарман қолбас­шы, қазақ әскери данышпаны, ұлттық мәңгілік мақ­танышымыз Бауыржан Момыш­ұлына, Отан со­ғысы­ның солдатынан, шын жүрек­тен, шексіз сүйіс­пенші­ліктен, адал­дықпен, ықы­ласпен інілік ілтипат­пен. 1970. Алматы» деп жазыпты…
Зейнеп жеңгеміздің майда тілі­нен батыр тұтынған жәдігерлердің тарихын естіп тұрып, қатты толқыдым. Отыз жылдан астам уақыт ел назарынан тыс қалып келген естелік дүниелерді батыр ұрпақтарының мұражайға өткізге­ніне де риза болдым. Бұл өскелең ұрпақ батыр тұтынған бұйымдар­дың тарихынан тағылым алсын деген даналық қой, біле білгендерге.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылы.
Суреттерде: Баукең үйінің люстрасы; жазу үстелі мен машинкасы; майданнан келген үшбұрышты хаттар.