Қазақстан • 29 Қараша, 2018

Ұлы адамның ұлт туралы толғауы

628 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ұлы адамның ұлт туралы толғауы

Қазақтың жаңа тарихында екі сілкініске ерекше тоқ­таламыз. Біріншісі, ұлы Мұхаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында өзі­нің атақты «Жыл келгендей жаңа­лық сеземіз» атты мақа­ла­сын жариялаған болатын. Бұл шын мәнінде дүйім елді дүр сілкіндірген жаңалық болды. Неге? 

Неше түрлі тар жол тайғақ кешулерді бастан өткеріп, есін енді жия бастаған қазақ қоғамы бұдан былайғы жерде осындай бір бағдарламалық дүниеге зәру екенін жас та, жасамыс та сезіп жүрді. Дәл осы кезде Мұхтар Омарханұлының атал­мыш толғауы сол кезде халық­қа қалай әсер етсе Ел­ба­сы­мыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласы ұлты­мыз үшін бұлтты түні қа­раң­­ғыны жарып шығып, жарқ ете қалған он бесінен толған айдай дүние болды. 

Бұдан кейін мақсат айқын, бағдар анық. Қазақ ендігі жерде егемендігінің расында да баянды екеніне имандай сеніп, ештеңеге, ешкімге алаңдамай, жасқанбай, жасымай, ақ жүзбен, абыроймен алға нық қадам жасауы тиіс. Енді жалтақтайтын, жарамсақтанатын, бүгежек­тей­тін ештеңе жоқ. Біз өз тари­хы бар елміз. Көне тарихы бар халы­қпыз. Бұл – біз өз бола­шағына сенетін елміз деген сөз. 

Тарихсыз ел болмайды. Ол тарих тасқа жазыла ма, қағазға түсе ме, не болмаса белгілі бір себептермен жазылмай қала ма, бірақ қалай болғанда да түптің түбі жерді тесіп, тасты жарып шығатын қырдың жусаны секілді қайта көктейді. Ешқандай дауыл, ешқандай топан оны тоқтата алмайды.

Аулақпыз атасы арзан

 болжамдардан,

Жұртында әр ғасырдың

 олжаң қалған.

Жамағат, біздің тарих

 алтын шынжыр,

Әр жерден, жиі үзіліп көп

 жалғанған,

дейтініміз сондықтан. 

Тарихты дұрыс жазбайтын кезеңдер болады, ол аз десе­ңіз тарихты бұрыс түсін­діру, бұр­малап көрсету басты ба­ғыт­қа айналған замандар бола­ды. Бі­рақ халыққа өз тари­хын ұмыт­­ты­ра­мын деген талпыныс­тар­дың қай қай­сысы да ақыр түбі арбадан тү­сіп қалады. Ал көш алға қарай тар­та бермек. Иә, өкінішке қарай та­рихтың көп­теген көне беттері кейде көш алысқа ұзап кеткен соң ашы­­лады. Бірақ, әйтеуір ерте ме, кеш пе ашылады. Жабылып қала бермек емес. 

Қазақты түсіну үшін оның өткен замандарда басынан кешкен кезеңдерін сана елегінен қайта өткізуіміз керек. Ештеңеге кіріптар емес, ешкімге тәуелмен емес жаңа қазақ­тың санасын қалып­тас­тыру үшін жазылған дүние бұл. Біз бұдан былай дүниеге санасы таңның таза нұрымен шайылған жарқын ұрпақтың, жасампаз халықтың көзімен қарайтын боламыз. Біз ешкім­нен кем емеспіз, артық та еме­спіз. Біз тең атаның балалары­мыз. Басқа елдерге озып кеткен жұрт деп емес, тарих көшіндегі үзеңгі жолдас деп қараймыз һәм бағалаймыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың бұл мақаласы расын­да да кезекті бір келелі кеңес қана емес, нағыз ұлы адам­ның ұлт туралы толғауы деп түсінеміз.

Есенғали РАУШАНОВ, 

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты