Көрмеге суретшінің пейзаж жанрындағы 75-ке жуық туындысы қойылды. Серікжан Ысқақбекұлының натурасындағы пейзаждық этюдтарына адам мен табиғаттың ажырамас бірлігі арқау етілген. Әсіресе кескіндемеші назарына көк аспан мен асқаралы шың биіктері көбірек іліккенін байқар едіңіз.
– Менің шығармаларымда кең-байтақ даламыздың дархандығы мен кеңдігін жырлаған табиғат көріністері басым келеді. Өйткені өзім ауылда туып-өскен соң ба, асқар таулар мен биік шыңдарды салуға ерекше құштармын, – дейді суретшінің өзі.
Жалпы пейзаждың дербес жанр ретінде Қытайда XV ғасырда пайда болғандығы айтылады. Ақындық шабыт басым келетін қытай суретшілерінің кескіндемесіндегі кеңістік мұнартқан тұманмен ұласып жататын шексіздікке негізделеді. Ал Серікжанның кескіндемелік туындыларындағы шексіздікке баланатын аспан бірде әне-міне жауардай болып түнеріп төбеңнен төнсе, бірде ұшы-қиыры жоқ көкжиекпен момақан астасып жатады. Суретшінің сезімі, көңіл күйі, табиғатқа деген көзқарасы айрықша көрінетін «Бояуға сіңген боздала», «Ыстықкөл», «Үшқоз ауылы», «Қара жон», «Лапас үй» картиналары суретші шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылар. «Лапас үй» туындысында ойнақы жылы түстердің өзара байланысы мамыражай көңіл күй тудырады. Композиция құрылымы орталық бөлікке негізделіп, айқара ашық жатқан есіктен бірден ішке көзіңіз түседі. Мұрныңызға қышқылтым құрт иісі келгендей ме, әлде қазан-ошақтың маңында ұзақты күн күйбеңдеп апаңыз жүргендей ме, әйтеуір дәл бала күнгідей қамсыз қарап тұрғандай боласың.
– Пейзаж қандай да бір жерді айнытпай бейнелей салу емес, онда суретшінің ішкі толғанысын берудің тамаша мүмкіндігі жатыр. Табиғат өте құбылмалы, сол сәтті ұстап қалу үшін барыңды салып, ыстыққа күйіп, суыққа тоңасың. Ал салған суретің тамаша шығып жатса барлық қиындықты ұмытып, көңіліңіз жадырап кетеді. Бұл ретте Ыстықкөлге сапар кезінде салынған композицияларымды ерекше айтар едім, – дейді Серікжан.
1978 жылы Қытайдың Іле-қазақ автономиялы облысына қарайтын Кеңсу ауылында туған Серікжан Шыңжаң көркемөнер академиясының сурет факультетінде оқыған. «Ымырт» атты жұмысы Қытай ұлттық музейінің «Алтын қорына» сақталған.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»