Елбасының халық үшін атқарып жатқан әрбір ісі ғасырға да, мыңжылдыққа да татиды деп айтқан болар едім. Қазір еліміз аман, жұртымыз тыныш! Тәубе!
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Қазақ елінің, Ұлы дала елінің символы, оның бірлігінің кепілі. Ең әуелі Сарыарқаның төсіне Астанадай ғажайып шаһар салып, осының арқасында еліміз дамудың бұрын-соңды болмаған кезеңіне қадам басты. Ел еңсесін тіктеді, береке мен бірліктің, татулық пен келісімнің орталығына айналған, бір-біріне қырын келгендерді табыстырған бітімгер ел – Қазақстанды күллі әлем таныды.
Астанадай қала салу Елбасындай замананың бет алысын дәл болжай алатын, көреген көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Елорданы көргенде көкірегімді қуаныш билейді. «Қазақ не деген бақытты халық!» деймін. Астананың 20 жылдық мерейтойына орай менің Елбасының «Қазақстан жолы» кітабының желісінде жазған «Астана» публицистикалық драмам Астана халқына көрсетілді. Бұл – менің шығармашылық жолымдағы айрықша оқиға.
Әрбір бастамасын ел тілегімен ұштастырып, ұлттық рухпен көріктендірген, азаматтық биік мұраттарымен нұрландырған, ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қоятын, шын отаншыл, патриот қайраткер Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жолындағы күрестерде көрсеткен қажыр-қайраты, елді ұйымдастырып соңынан ерте білу қабілеті талай жинаққа, жыр-дастанға өзек болғандай.
«Достық үйін салған кім, достық шаңырағын биік көтерген қайсы батыр, қандай мейірімді ұлт екен?» деп ертең дүние халқы сұрайтыны хақ!
«Қазақстандықтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ете отырып, ұлтаралық келісімді сақтау, саяси тұрақтылыққа мемлекеттік саясаттың басты қағидаты ретінде басымдық беру өте маңызды» дейді Елбасы!
Мәңгілік ел құру жолында күні бүгінге дейін бір үлкен қадам жасалды. Осының бәрі өздігінен келмегенін, қаншалықты күш, ақыл, даналық сарапқа түскенін ел жақсы біледі.
«Мен осы істі бастадым, елім сеніп, соңымнан ерді, мемлекет құруда да, Астана салуда да солай болды. Осыдан артық бақыт бар ма?!» деп жазады «Қазақстан жолы», «Өмір өткелдері» кітабында Елбасы.
Кешегі Кеңес одағы кезінде мүлде ауызға алынбайтын «Түркі дүниесі» деген сөз тәуелсіздік жылдары жан бітіп, жаңадан жаңғыра бастаған қасиетті ұғым болатын. Сөйте тұра, өз деңгейінде атала алмай құмығып, қалыс қалып келді. Міне, осы сөзге тың серпін берілді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жолғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркілік идеяның екпінін, орнықтылығын анық сездім. Зер салып байқаған адамға тұтас мақаланың арқауы, негізгі өзегі дәл осы түркілік бірлікке, түркілік даңққа, түркілік айбынға толы екенін аңғаруға болады. Елбасының: «Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын» деген сөзі тегіннен-тегін айтылып тұрған жоқ. Осы арқылы алдыңғы ойларын дамытып, мазмұнын ашып тұтас қоғамға қозғау салып отыр. Рухани жаңғыру бір күннің, бір жылдың шаруасы емес екенін, ол ұзақ мерзімге арналған, іркіліссіз жалғастыруға тиіс мәселе екенін аңғартады. Жай аңғартып отырған жоқ, қадап тұрып қайталап орындауға бағыт-бағдар беріпті. Мақалада айтылатын Ұлы даланың жеті қыры, түркілердің адамзат өркениетіне қосқан үлесін бір-бірлеп жіпке тізіп көрсетіп ұрпақ жадына салады. Тарихты тереңінен қаузап бұлтартпас дәлел, мойындатар ақиқаттар арқылы жеткізген. Империялар мен отарлаушылар тарапынан кезінде кемсіте айтылған дүниелерді, мақтаныш сезімімен, көтеріңкі дауыспен жар салып отыр. «Азиялық тобырлар», «далалық жабайылар» деген қырық шоқпыт жамауды сыпырып алып, түркілердің даңқымен, даралығын жарқырата көрсетіпті.
Әрбір сөйлемі, әрбір тақырыбы бір-бір мақаланың жүгі екені анық. Алайда біз де мақаланың бір қырын таңдап алып, сөз етіп отырмыз. Ол – «Түркі дүниесі бірлігі» идеясы. Назар аударып қараңызшы, бұрындары жалтақтап, абайлап айтылатын сөзді қаймықпастан төтесінен ортаға қойып, ой өрбітеді. Әр жемістің пісетін мезгілі, үзіп алатын уақыты болады, сол секілді кезек күттірмей қолға алатын идеяның бірегейі де осы түбі бір түркі халықтарының еңсе көтеруі болуға тиіс. Елбасымыз осы мақаласында Ұлы даланың рухы ер түріктің туы, ерліктің кепілі екенін есімізге тағы бір қайтара салып арқаландырып тастады. Мыңдаған жылдар бойы әлемге өнеге шашқан, өнер үлестірген түркілерге «тұғырыңнан түспе!» деп жар салып тұр.
Мақаладан көзіме түскен көп ойдың бір парасы былай. «Ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих. Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек» деп анық жазады. Бұл көреген басшымыздың жан әлемінде тұтас түркілерді, Ұлы далаға табаны тиіп, тарихқа ізін қалдырған халықтарды қамтып тұрғанын меңзегені дер едім.
Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырған жоқпыз. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз дейді. Міне, әлдекімдердің сабан астынан су жүгіртетін теріс пиғылына да саңлау қалдырмай дөп басып, мәселенің басын ашып, ақиқатын түсіндіреді. Айналамыз, әлем бізге көз тігіп отыр, бір ауыз сөздің қалай еріннен шығуы мен бір қадамның қалай басылуын бақылап төбемізден төне қарап тұрғандар сан-саққа жүгіртпеу үшін Президентіміз салауатты пікір айтып, санаға сіңіреді.
«Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты». Осы тұжырымның астарында қанша шындық, қанша сыр жатыр. Түркілердің өркениеті тек қана көшпенділік немесе бірыңғай қалалық өмір емес. Ол қос қанат тәрізді даланы да, қаланы да қамтыған бір дене. Оның тамырлары басынан бақайшығына дейін таралып, бір жүрекпен тіршілік ететінін жеткізіп отыр. Дала мен қаланың құнды жәдігерлері мен даңқты дәстүрлерін жіпке тізгендей жайып салады. Нық сеніммен тарихқа тура қарап, әлем жұртына бетпе-бет тіл қатады.
«Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді»... Көрдіңіз бе? «Жібек жолы» деп аталатын сан ғасырлар бойы сары даламыздан ендей өтіп жатқан керуен жолдарымен сауда-саттық жүйесін қалыптастырған, батыс пен шығысты жалғап жатқан өткелдің иесі, өмірдің «өткізгіші» түркілер дәурендеген замандар екенін шегелейді. Оны дамытқан түркілер, біздің бабаларымыз екені тұжырымдалады.
«Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «қарашаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деуі – салмағы ауыр салиқалы сөз. Мынау, парсы әлеміне мемлекет құрған бақтиярлар, Еуропаны ендей өтіп, жаңа өркениет жалғаған қыпшақтар, Рим елін сескендіріп, Византияны түріп тастаған «оғыздар», үнділерді үйіріп, Бабыр елін байтағына қондырған моғолдар, алты ғасыр дүниені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Шыңғыс хан әулеті бәрі-бәрі Ұлы даланың ұландары, сайыпқыран саңлақтары болатын. Президент сөзінің астарына үңілген сайын көз алдымызға алып құрлықтар, шалқыған мұхиттар орала береді.
«Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет»... Мақаланы оқып отырып осы бір жолдар ойымды онан сайын бекіте түседі. Түркістан облысы неге құрылды? Ол әншейін ғана әкімшілік бөліс пе? Жо-жоқ. Мәселе тіпті ондай жеңіл болмаса керек. Беткі көрінісі солай көрінгенімен, оның астарында ар мен намысымыз, сөнбес алауымыз бен көтерер жалауымыз жарқырайды. Халықтың рухын көтеру, алтын қазық асыл мекеннің шашылар нұры, шарықтайтын үні екенін түсінген адам ғана атқарған жұмыс екені белгілі. Онда рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың жатқандығынан. Қазақ халқына астана болған ардақты мекен, қазыналы өлке екенін таныған адамның таңғажайып таңдауы жатыр.
Мақаланың өн бойында атан түйеге жүк болатын салмақты ойлар, салиқалы пікірлер өте мол. Тұтас қоғам талқылап, салалар бойынша сараптап жатыр. Біз де басымызға келіп, жанымызға нұр болып сіңген тұстарына қысқаша пікір білдірдік. Сол себепті мақаламды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір тұжырымымен аяқтағанды жөн көріп отырмын: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін»
Ахметжан АШИРИ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері