25 Қаңтар, 2012

Сәкеннің нағашы жұрты

449 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәкеннің нағашы жұрты

Әңгімелегелі отырған кісі­мен біраздан бері таныс едік. Осы жақындағы кездесуде сөз­ден-сөз туындау үстінде әуле­тіне байланысты бір сыр айтып қалды. Сөйтсек кейіп­керіміздің атасы халқымыздың аяулы тұлғасы Сәкен Сейфул­линнің туған нағашысы болып келеді екен. Ұлы адамдар өмірбаянына байланысты қан­дай дерек те құнды ғой. Әрі қазақ үшін қастері бөлек туыс­тықтың тұяғынан жай-жап­сарды білу қызықты емес пе. Сыр қозғалды, құлақ қойылды.

Әңгімелегелі отырған кісі­мен біраздан бері таныс едік. Осы жақындағы кездесуде сөз­ден-сөз туындау үстінде әуле­тіне байланысты бір сыр айтып қалды. Сөйтсек кейіп­керіміздің атасы халқымыздың аяулы тұлғасы Сәкен Сейфул­линнің туған нағашысы болып келеді екен. Ұлы адамдар өмірбаянына байланысты қан­дай дерек те құнды ғой. Әрі қазақ үшін қастері бөлек туыс­тықтың тұяғынан жай-жап­сарды білу қызықты емес пе. Сыр қозғалды, құлақ қойылды.
Алдымен әңгімелесімізбен таныстырып өтелік. Ол облыс­қа танымал жан. Әсіресе, ұс­таздар қауымы, әр салада қыз­мет ететін үлкен шоғырлы шәкірттері жақсы біледі. Қы­рық жылдан астамғы еңбек жолын жас буынға білім, тәлім-тәрбие беруге сарп еткен Карл Жансағымұлы КСРО, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі, Қаражал қаласының құрметті азаматы. Неге Қаражал десек, сонау 1965 жылы биология, химия пәндерінің мұғалімі ретінде басталған ұстаздық қызметі осы шағын кентте терең тамыр тапқан. Күнделікті сабағын беріп қана қоймай, ғылыми ортадан жырақта жүрсе де өздігінен ізденіп «Көкөніс­тердің дамуына бор микроэле­менттерінің тигізетін ықпалы» атты зерттеу еңбек жазды. Ол басқарған 11 орта мектеп өңір­дегі іргелі оқу орнына айналды. Сәбит Жәмбеков, Бақыт Жұмақаева сынды ғылым докторлары қолынан ұшты.
Әңгімеміз арқауына айналып келгенде Сәкен ақынға нағашылық жолы былай тарқа­тылады екен.
– Үлкен атам, яғни әкем Жансағымның әкесі Асқар Сәкеннің анасы Жамалдың аға­сы. Әкем жездесі Сейфолланы, апасы Жамалды, жиені Сәкенді 1914 жылы бала кезінде көріпті. Соның алдында қайтыс болған атам Асқарға бата жасай келген көрінеді. Бір жағынан Атасу атырабына атақты Жайма болыстың асына қатысыпты, – деп бір уақ ойға шомған Кәкең сөзді әрі жалғастырды. – Әкей оңаша­ланған шақта Қызылордаға оқуға тартып, одан соң Ал­матыдағы совпарт мектебіне түсуге Сәкеннің көмек еткенін, 1937 жылғы жаздың аяғында шақырып алып, елге қайтуына ақыл қосқанын, Гүлбаһрам шешеміздің өзі шығарып сал­ғанын айтып отырушы еді,– деді.
– Сіз өзіңіз Сәкеннің туған-туысқандарымен араластыңыз ба? – деп сұрадық біз әңгіме ыңғайында.
– 1964 жылы Иманақ тауы баурайында өткен Сәкен Сей­фуллиннің 70 жылдық тойына бардым. Ешкім танымайды, білмейді. Гүлбаһрам апамызға жайымды жазған қағаз жі­бердім. Әлден уақытта біреу іздеп келді. Ең төрдегі киіз үйге қарай бастай жөнелді. Кірген бетте түр-сипатымнан анық шырамытты ма, Гүлбаһ­рам апай орнынан түрегеліп келіп, ескіше көрісіп , бауырына басты. Одан кейін араласа қоймағаныма осы күнге дейін өкінемін.
Карл Жансағымұлы ағамен әңгімеден соң бір ойға қалдық. Әлемде ұлы ақын-жазушы­лардың, өнер қайраткерлерінің шығармашылық ерек­шелігі­мен қатар тегін, үрім-бұтағын түптеп зерттейтін үрдіс бар. Солай болса, бізде де түсерлік із жетерлік-ау.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы.