– Бақыт Мұлхайдарқызы, сізді және зауыт бастауыш партия ұйымының барлық мүшелерін «Нұр Отан» партиясы республикалық конкурсында жеңіске жетулеріңізбен құттықтаймыз! Әрине, бұл бүкіл «АтМӨЗ» ЖШС еңбек ұжымының жетістігі екендігі даусыз...
– Көп рахмет. Әрине, бұл біздің кәсіпорын еңбеккерлерінің жеңісі. Олардың көпшілігі «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Осыған орай зауыттың бас директоры Ғалымжан Жыршыбекұлы Амантурлин бастаған барлық партияластарымды осындай үлкен жетістікке және құрметке жеткізген бірлескен тиімді жұмысымыз үшін, ортақ мақсат жолындағы жұмыста көрсеткен қолдаулары мен түсіністіктері үшін зор алғысымды білдіремін.
– Конкурс жеңімпаздары қандай өлшемдер бойынша анықталды?
– Әрине, ең басты өлшем БПҰ-лардың қоғамдық өмірге, атап айтқанда, партиялық жобаларды іс жүзіне асырудағы белсендігі. Өзіңіз білесіз, «Нұр Отан» партиясы бірқатар әлеуметтік жобалардың бастамашысы. Атап айтқанда, «Аға буынға қалтқысыз қамқорлық», «Кедергісіз болашақ», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Жастар еліміз үшін», «Өмірге жолдама» және басқа жобалар бар. Біздің бастауыш ұйымымыз осы және басқа да жобаларды іс жүзіне асыру барысында ерекше белсенділік танытты.
– Партияны жаңғырту қандай дәрежеде жүргізіліп жатыр және осыған байланысты БПҰ алдында тұрған міндеттер қандай?
– Форум жұмысына 600-ден астам делегат қатысты. Сонымен бірге 1 мың адам бейне-конференция байланысы арқылы форум жұмысына қатысты. Осы форумда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейлі мерекесіне байланысты атқарылатын шаралар бастау алды. Бастауыш партия ұйымдарының мүшелеріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз арнады. Елбасының құттықтау сөзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев форумға қатысушыларға оқып берді. Елбасы аталған форум партия жұмысын жаңғырту үрдістеріне жаңа жігер және тың серпіліс беруде маңызды қадам болып табылатындығына сенім білдірді. Кадр резервтерін қалыптастыруда бастауыш партия ұйымдары шешуші рөл атқарып, қоғамдық ұйымдармен және азаматтармен жұмыс жүргізуде көшбасшы болмақ. Форум барысында партиялық жұмыстардың тиімділігін арттыру туралы Мәулен Әшімбаев та жан-жақты әңгіме қозғады.
– Алдын ала белгілі болғанындай, форум барысында БПҰ-лардың қызметін жетілдіруге бағытталған тұжырымдама талқыланды. Осы орайда не айтасыз?
– Иә, жаңа құжат бойынша алдағы уақытта жұмыс бес бағыт бойынша жүргізіледі. Партияға қабылданғысы келетін үміткерлерге талап едәуір артатын болады. Құжаттарды тапсыру кестесі жеңілдетіледі. Үміткерлерге кепілдеме беретін тұлғалардың жауапкершілігін күшейту жоспарлануда. Алдағы уақытта үміткер партияға өту туралы өтінішті электронды портал арқылы жібере алады. Партия мүшелері үшін тағы бір жаңалық енді үміткерлер «сынақ мерзімінен» өтетін болады. Партияға қабылдану үшін өтініш берген күннен бастап, БПҰ жиналысында қабылданғанға дейінгі мерзімде үміткерлерге партия мүшелігіне «кандидат» дәрежесі беріледі. Кадр резервтерін қалыптастыруда жаңа талаптар қойылады. Кадр резервіне БПҰ-лардың ең белсенді өкілдері қабылданады. Оларды іріктеу өлшемі – үміткерлердің партия бастамашы болған жобаларға қатысудағы белсенділігі, жоғары рейтингі және жұмысының тиімділігі. 2018 жылдың соңына дейін Орталық аппараттың және партия филиалдарының партиялық жетекші лауазымдарына, сонымен бірге барлық дәрежедегі мәслихаттардың депутаттарына резервтер құрылады. Келесі жылдан бастап аудандық, облыстық және республикалық дәрежедегі резерв қалыптастырылады. Бастауыш ұйымдардың белсенділері тұрғындардың өткір проблемаларын анықтаумен және тиімді шешумен айналысады. Партияны жүйелі жаңғырту шеңберінде цифрлы технологияны және заманауи коммуникациялық желілерді белсенді түрде пайдалану шаралары жүзеге асырылады. Бірыңғай ақпараттық («Е-инфо») порталын белгілеу және қолдану жоспарлануда. Партияның ішкі коммуникациялық жұмыстарын жетілдіретін және бюрократтық үрдістерді барынша азайтатын 11 кіші желіден құралған «Цифрлы партия» жаңа ақпараттық жүйесі енгізіледі. Бір аумақта орналасқан БПҰ-ның санын 3 адамнан 30 (немесе 50) адамға дейін көбейтіп, оңтайландыру жоспарлануда.
Атырау облысының делегациясы форумнан мол тәжірибе жинақтап қайтты. Алдағы уақытта біз осы игі тәжірибелерді өзіміздің жұмысымызда жан-жақты іске асыратын боламыз.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»