Аймақтар • 29 Қараша, 2018

Ақтөбе облысында 120 мың бала «Бақытты бала» жобасымен қамтылды

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жыл Ақтөбе облысында «Бала жылы» деп жарияланып, оның шеңберінде «Бақытты бала» ауқымды жобасы іске асырылды. Бастаманы Білім және ғылым министрлігі, отбасы және балалар мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлары қолдады. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Ақтөбе облысында 120 мың бала «Бақытты бала» жобасымен қамтылды

«Жоба Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жинақталған тапсырмаларына негізделген. Көптеген маңызды әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылды. Басты мақсат - балаларға, олардың интеллектуалды, физикалық, рухани және адамгершілік дамуына жағдай жасау. Келесі жылы жоба Елбасы жариялаған «Жастар жылының» аясында жалғасады», - деді спикер. 

Жобаны жүзеге асыруға 4 млрд. теңге бөлінді. Бұдан басқа демеушілік көмектер тартылды. Нәтижесінде, азғана уақытта Ақтөбе облысында еліміздегі алғашқы жыл бойы «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті лагері, бюджеттен тыс қаражатқа аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық, түзету балабақшасы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы, жыл бойы «Әсем» оқу-танымдық орталығы ашылды.

Бұдан басқа, 36 мектепке дейінгі ұйым, 177 спорттық және ойын алаңдары, хоккей корты, жазғы аквапарк, мұз айдыны, теннис орталығы пайдалануға беріліп, жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы жалғасуда.

25 IT-класс ашылып, мектептер 24 3D-принтермен, 27 робот техникасының жиынтығымен, 28 эксклюзивті фокус-проектормен жабдықталды.

Облыстың 120 мың оқушысы жазғы демалыстармен қамтылды, оның ішінде 17 мың бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне туристік сапарларға шығып, 11 мыңнан астам дарынды бала Ресей, Татарстан, Қытай, АҚШ және Малайзия елдеріндегі ең жақсы жазғы демалыс және білім беру лагерлерінде болды.

Жобаның басты мақсаты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға толық қолдау көрсету болды. Нәтижесінде жыл басынан бері кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар балалардың ҚТҚЖБ-дағы жинақ есепшоттарын 80 млн. теңгеге толықтырды. 81 жетім балаға жаңа пәтерлер мен үйлердің кілттері табысталды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы