Әдебиет • 29 Қараша, 2018

Шымкентте М.Әуезовтің ескерткіші ашылды

1708 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте еліміздегі іргелі оқу орны, республикадағы жоғары оқу орындарының  үздік үштігіне кіретін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Жақында ғана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болған бас ғимараттың алдынан заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке арналған еңселі ескерткіш бой көтерді.

Шымкентте М.Әуезовтің ескерткіші ашылды

Биіктігі  5,3 метр болатын ескертіштің лентасын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен  Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов  қиды. Салтанатты рәсімде сөз алған облыс әкімі мүсіннің шынайы шыққанын, өңірдегі қара шаңыраққа айналған білім ошағының ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың есімімен аталатыны үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Мерекелік шарада қонақтар, сондай-ақ «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуына қатысты.  

Тұсауы кесілген тағы бір нысан – «Студенттерге қызмет көрсету орталығында» болды. Шәкірттерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен министр Ерлан Сағадиев арнайы танысып шықты.  Орталық бір мезетте 40-50 студентке қызмет етеді. Университеттің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарованың айтуынша, цифрланған орталық қызметі арқылы студенттің білім алуы, сабаққа қатысуы, емтихан нәтижелері бақыланып, қажетті құжаттарына да қол жеткізуіне болады. 

 Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент