Қазақстан • 29 Қараша, 2018

VI «Almaty Invest - 2018» халықаралық инвестициялық форумы өтті

438 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда өткен  VI «Almaty Invest - 2018» халықаралық инвестициялық форумы барысында әлемнің жиырмадан астам мемлекетінен келген өкілдер «Ritz Carlton» қонақүйінде оңтүстік шаһардың инвестициялық ахуалына қатысты жүзеге асып жатқан әрі таяу келешекте қолға алынатын жобалар барысы туралы баяндады.

VI «Almaty Invest - 2018» халықаралық инвестициялық форумы өтті

Іскерлік әлемі өкілдерінің алдында сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек оңтүстік астананың бүгінгі дамуы мен инвестициялық ахуалы жайындағы деректерді ортаға салды. Әкімнің айтуынша, осыған дейінгі форумдар барысында 1 млрд АҚШ доллары шамасында 40-тан аса меморандумға қол қойылып, қазірге дейін жалпы құны 400 млн долларды құрайтын 12 жоба іске асқан. Алматының шикізаттық емес сектордағы экономикалық үлесі 35 млрд долларды құрайды әрі елдің ЖІӨ 5 бөлігі мен салық түсімінің 4,1-ін береді.  Соңғы он жыл ішіндегі инвестиция көлемі 22,2 млрд долларды құраса, биылғы жылдың өзінде инвестициялық өсім 25, оның ішінде шетел инвестициясының көлемі 24 пайызға артқан.

«Тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында  мегаполис экономикасы 100 есеге, халықтың табысы 20 есеге дейін ұлғайған.  Бүгінде қала экономикасының 86 пайызы сауда және қызмет көрсету түрлерімен байланысты. Шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Бүгінде Алматыда мұнайға тәуелсіз тұрақты экономика қалыптасқан» деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Алматы өмір сүру мен бизнес жасауға қолайлы қала. Мұнда еліміздегі ірі салық төлеуші компаниялардың үштен бірі, отыздан аса трансұлттық компаниялар, банктердің тоқсан пайызы, бірлескен кәсіпорындардың 43 пайызы және ірі халықаралық кәсіпорындар орналасқан болса, жақында БҰҰ-ның 14 арнайы агенттіктері үшін жаңа ғимарат ашылған.

Алматы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына, ЭЫДҰ стандарттарына, әлемдік үздік тәжірибелерге сүйенеді. Осы орайда «Systra» кешенді көлік жобасы, америкалық IDC компаниясымен «Smart Almaty» тұжырымдамасы жасалды. Қаланың Шеберлік жоспары HATCH компаниясының қолдауымен жүзеге асуда.

Мегаполис басшысының айтуынша, қала дамуының қайнар көзі – бизнес. Осы ретте қолайлы бизнес орта қалыптастыруда кешенді жұмыстар жолға қойылған. Қазақстан бизнес жасаудағы жеңілдіктер бойынша әлем бойынша 28 орынға шығып отыр. Бұл рейтинг Алматы бойынша есептеледі. Үкімет бизнесті жақсарту реформаларды кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Кешенді шаралардың барлығы да оңтүстік астанада белсенді жүзеге асуда. Осының есебінен Алматы елімізде ғана емес, ЕЭО елдері арасында көш бастап тұр. Смарт технологияларды енгізуде де Алматының өзіндік ерекшеліктері бар. Соның нәтижесінде қағазсыз құжат айналымы жолға қойылды. Интернет арқылы кәсіпорын тіркеу, есеп-қисап жүргізу, түрлі мазмұнды өтініштер беру, т.б. бар. «Қазпошта» мәліметтері бойынша электронды сауданың 55 пайызы қалаға тиесілі. БҰҰ рейтингінде электронды үкіметті енгізу бойынша Алматы 25 орынды иеленіп отыр.

Қала әкімі жүргізілетін құрылыстар, тұрғын үй, көлік дәліздері, білім, денсаулық саласына қатысты жетістіктерді баяндай келе, алдағы уақытта Алматының инвестициялық тартымдылығы және  даму стратегиясы бойынша нақты қадамдардың екпінді жүзеге асатындығын жеткізді.

Форум жұмысына қатысқан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бүгінде Алматының жаңа кейіпте, жаңаша бағытта дамып келе жатқандығын атап өтті. Интерактивті карта арқылы қаланың заманауи сипатына қысқаша шолу жасап өткен Абылай Мырзахметов сандық технологиялардың әлеуетіне де тоқталды.  Бас жоспар қаланың дамуының жарқын көрінісі дейтін болсақ, бүгінде геопортал арқылы оңтүстік шаһардың алдағы жопарларын жіті бақылауға мүмкіндіктер жасалған. Егер де жаңа бизнес бастауға немесе бизнесті кеңейту мақсаты қойылса, онда осы порталдан  қала туралы барлық ақпаратты алуға болады. «Almaty-open» қызмет орталығының өзі бизнес ортаның жұмысын жеңілдетуге мол мүмкіндіктер береді. Осы тұрғыдан алғанда «Атамекен» ҰКП бизнес ортаның жұмысын жеңілдетуге байланысты қала басшылығымен бірлесіп бизнес алаңдарды, қызмет түрлерін заманауи сипатқа толықтай көшіру бағытында жұмыстар жасайтын болады.

Форум аясында сөз алған Түрік және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығы Басқарма кеңесінің төрағасы Фырат Девелиоглу, «China National Oil and Gas Exploration and Development Corporation» жоғары вице-президенті Биан Дыжы, «Universal tea» ЖШС бас директоры Тибб Пармендер Синх, Орталық Азия бойынша IFS Әлемдік банктің аймақтық жетекшісі Кассандра Колберт, «Astana Group» перзиденті Нұрлан Смағұлов,  т.б. Қазақстан, сондай-ақ Алматының  инвестициялық жағдайы, әлуеметтік-экономикалық тұрақтылығы мен келешегі барысына тоқталды.

Форум аясында инвесторлар іздестірудегі жобалар, халықаралық қаржы институттары және мемлекеттік органдардың қолдау барысына қатысты семинарлар өтіп, инновациялық стартаптар көрмесі өтті.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ