Олардың арасында «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, кәсіпкер меценаттар Исламбек Салжанов пен Жақсылық Үшкемпіров, «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ляззат Шыңғысбаевалардың болғаны форум аясы мен ауқымын кеңейте түскені анық.
Бұған дейін қазақ баспасөзіне «Қайдасыңдар қазақтың меценаттары?» деген тақырып жиі қозғалатын. Бүгінгі күн биігінен көз салғанда бұлайша жоқтау салудың реті жоқ секілді. Яғни қазіргі күні ел мен жерге жан ашитын ел-жұртының алдындағы қарыздары мен парыздарын ұмытпайтын кәсіпкер-меценаттар қатары біршама көбейіп келеді. Сондай-ақ кейінгі кезде елімізде меценаттық пен қайырымдылық дәстүрлерін ынталандыру шаралары да оң жолға қойылған. Әрі бүгінде меценаттықты енгізу тетіктері де бір жүйеге түсіп келеді. Амангелді ауылында өткізілген «Ауыл – ел бесігі» форумы алға қойған басты мақсаттың бірі де осы десек оған қатысушылар аталған үденің биігінен шыға білді деп сеніммен айтуға болады. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл тұрғындарын жаппай кәсіпкерлік іске дағдыландыру, қажет жағдайда арнайы курстар ашып оқыту жөнінде мәселе қойғаны белгілі. Форум қызметі бұл орайда да нәтижелі болғаны анық. Өйткені мәртебелі жиында басқосқандар бұл мәселеге қатысты да өзекті әңгімелер өрбітті.
Республика Президенті белгілеп берген «Ауыл – ел бесігі» жобасы тар өрістіліктен ада, жан-жақты кешенді әрі көкжиегі кең ұғым. Бұған ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, ауылдағы мектеп, дәрігерлік амбулаториялар, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар мен мәдениет ошақтары ғимараттын жаңғырту мәселелері де осы жобаның бел ортасынан ойып тұрын орын алады.
Осы орайда «Ауыл - ел бесігі» облыстық форумы аясында Амангелді ауылында демалыс орталығының ашылуы, Қарабұлақ ауылындағы мектеп ғимаратын әкімшілік және мектеп ғимараты етіп қайта жасақтау жұмыстары жүргізілгені де іс пен нәтиженің үйлесімін көрсетеді. Мұның мәнісі мынада Қарабұлақ мектеп-балабақшасын оңтайландыру барысында мектеп ғимараты бір қабатының сол жақ бөлігіне әкімшілік қоныс тепсе, екінші бөлігіне ауылдық клуб пен кітапхана қоныс тепті. Ауылдарды жаңғырту жұмыстары тек мұнымен шектелмейді. Сонымен бірге Президент күні қарсаңында Таңды ауылындағы амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары да мәреге таяды. Тағы бір айта кетерлік мәселе бұл жұмыстар ауыл азаматтарының өз қаражаттары арқылы тындырылған.
Амангелді ауылында ұйымдастырылған «Ауыл - ел бесігі» форумының салтанатты түрде ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысы әкімінің Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, аталған форум Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап көрсетті. Бұл мейрам – әлем мойындаған тарихи тұлға, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа деген өз халқының ақ ниеті мен алғысы. Сондай-ақ бұл мереке ата-бабаларымызды ғасырлар бойы аңсаған арманына жеткізіп, абыройын асырған еліне деген ыстық ықыласы деген түйін жасады. Қазіргі Қазақстан өндіріс пен экономикасы жан-жақты дамыған, халқы тату-тәтті, ауызбіршілігі мол ауқымды бастамалардың елі. Бүкіл әлем жұртшылығының назарын ортақ отанымыз Қазақстанға аударған Елбасымыз нағыз көшбасшы деді бұдан әрі өңір басшысы. Осы орайда Ақтөбеде өткен форум Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасымен үндес екенін де айту парыз. Бұл бастаманы ақтөбелік азаматтар мен бизнес өкілдері зор ынтамен қолдағаны тағы бір мерей. Бүгінгі күні мұндағы әр аудан мен ауылда осы топырақта дүниеге келген перзенттердің көмегі мен ауыл ажары жылдан жылға ашылып келеді.
Облыста ауыл қамқоршыларының қатысуымен жыл соңына дейін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында үш миллиардтан астам теңгеге 786 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде құны екі миллиард теңгеден асатын 666 жоба қазірдің өзінде іске асып үлгерді. Атап айтқанда жаңа әлеуеметтік нысандар салынып жолдар мен көпірлер жөнделді. Елдімекендер абаттандырылды. Білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасы өсе түсті. Сонымен бір мезгілде қайырымдылық шаралар да қоса өткізіліп келеді. Өңірде сондай-ақ «Ауыл - ел бесігі» жобасының бір бөлігі – «Әр ауылға бір қамқоршы» акциясы да белсенді түрде қолдау тапты. Қазіргі таңда осы акция аясында құны екі миллиард теңге тұратын 344 жоба жүзеге асырылды. Таяу уақытта тағы да 323 кәсіпкердің қолдауымен 218 елді мекенде құны екі миллиард теңгеден асатын 322 жоба жүзеге асырылмақ.
Ақтөбелі азаматтар «Ауыл - ел бесігі» жобасын жасақтауға байланысты бір күн ішінде жарты миллиард теңгеден астам қаражат жинағаны да атап айтуға тұрарлықтай. Форум аясында Ақтөбе қаласында және облыстың барлық аудандарында әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ өңірде елімізде баламасы жоқ бұған дейін қолға алынған «Ауыл қамқоршысы» жобасының ауқымын одан әрі көтеру туралы қарар қабылданды.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе