25 Қаңтар, 2012

Атажұрт

874 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атажұрт

Егемендiктi елiмiз ендi еншiлеген кезде Қазығұрт ауданының адам аяғы баспаған, топырағына күрек жүзi тимеген ат шаптырым жазықтарында қос бiрдей ауыл сән түзедi. Екi елдi мекеннiң “Қызылсеңгiр” деген атты иемденгенiн Тәжiкстанның Қорғантөбе облысындағы Вахш және Колхозабат аудандарынан ат арылтып келген ағайындар ұжымдастырып едi. Ал, Қазақстан картасына “Заңғар” деп енгiзiлген екiншiсiн Өз­бек­стан­ның Ташкент облысы Бөке ауда­­нынан шекара асқан қан­­дас­тары­мыз көтердi.

Егемендiктi елiмiз ендi еншiлеген кезде Қазығұрт ауданының адам аяғы баспаған, топырағына күрек жүзi тимеген ат шаптырым жазықтарында қос бiрдей ауыл сән түзедi. Екi елдi мекеннiң “Қызылсеңгiр” деген атты иемденгенiн Тәжiкстанның Қорғантөбе облысындағы Вахш және Колхозабат аудандарынан ат арылтып келген ағайындар ұжымдастырып едi. Ал, Қазақстан картасына “Заңғар” деп енгiзiлген екiншiсiн Өз­бек­стан­ның Ташкент облысы Бөке ауда­­нынан шекара асқан қан­­дас­тары­мыз көтердi.
Тәуелсiздiгiмiз жаһанға жа­рияланысымен-ақ Қорған­тө­бе­ден атажұртқа қопарыла қоз­ғал­ған көштiң басы киелi Қа­зығұрттың құнарлы баурайына табаны тигенде жүз шақты отбасы едi. Жиырма жылда отау саны 270-тен асып, қазiр айдарлы ауыл болды.
Қызылсеңгiрдiң уығын шаншып, керегесiн керiп, шаңы­ра­ғын құрған көштiң бас бұй­да­сын ұстап, тарихи отанына қа­рай бұрған қадiрмендi қария­лар­дың айтуына қарағанда, олардың бабалары Қорған­тө­беге 1860 жылы отаршылдар атақонысын озбырлықпен тартып алғаннан кейiн жан­сау­ға­лап қашуға мәжбүр болыпты.
– Атажұртымыз – қазақ елi әлемге өз тәуелсiздiгiн паш еткенде Қорғантөбедегi бүкiл бауырларымыз бөркiмiздi аспанға атып шаттандық. Көп ойланып-толғанып жатпастан туған елге дүр көтерiлуге белдi бекем бу­дық. Алдымен атажұрттың қай аумағына бет түзейтiнiмiздi ақыл­дасып алдық та, жолға шы­ғуға жиналдық, – деп еске алады сол мәре-сәре күндердi ұлағатты ардагер ұстаз Тағай Шәкiбаев.
– Оралмандар көшiнiң туған елдiң Қазығұрт төскейiне бiр­жола бет бұруына септiгi тиген себептi де айта кеткен жөн, – деп әңгiменi жалғады ауыл биi Қалмантай Баймолдаев. – Ертеректе Душанбедегi институтты бiтiргеннен соң, Оңтүстiк Қа­зақ­стан өңiрiнiң Қазығұрт ай­мағында қызмет iстеп, осында тұрақтап қалған Дәуренбек Ауданов деген жерлесiмiз бар едi. Оның әкесi Әбсаматпен Вахшта бiрге тұрдық. Соның жаңағы ұлымен хабарластық. Сол жұ­ра­ғатымыздың да шақыруы дә­тiмiзге қуат болды. Атажұртқа қозғалған көштiң басы-қасында Тәжiкстанда да қазақ қауымы арасында халықшылдығымен та­нылған ағаларымыз Әбсамат Ауданов, Әбдiшүкiр Iлесбаев, Әбсалам Әбдiқалып, Қалабай Әлиев, Нағымет Машақов бел шешiп жүрдi. Киелi Қазы­ғұрт­тың бұл кездегi басқару тiзгiнiн ұстағандар бойларына ұлтжан­дылық, қандастарға қайырымы мол қасиет дарыған азаматтар болып шықты. Сол кездегi аудан басшысы Молдабай Iлиясов бiздi мидай тегiс тепсеңге, қа­рай­ған үйсiз қазiргi осы Қы­зылсеңгiр алқабына керуе­нi­мiз­дiң арқанын тарқатысып, жүгiн түсiрiстi.
Әрбiр шаңыраққа 20 сотық­тан жер телiмi бөлiндi. Қолдағы қаржымызға арзан бағаға құ­рылыс заттары берiлдi. Алдын ала жобасы дайындалған көше­лерде асарлатып үй тұрғы­зылды. Айналасы 3-4 айда жоқ жерден жаңа бiр ауыл жұмырт­қадай жұ­тынып шыға келдi. Жат жақтан ағайын деп жеткен бiзге Мол­де­кең бастаған елжанды азамат­тардың қолдан келген көмегiн, қамқорлығын, жылы сөзiн аяма­ғанына алғысымыз шексiз.
Қызылқия ауыл округiне қа­рас­ты Қызылсеңгiрден кейiн ке­лесi оралмандар ауылы Заң­ғарға да жолымыз түстi. Бұл елдi мекен Қақпақ ауыл окру­гiне қарайды. Ташкент облы­сы­ның Бөке ауданынан 1993 жылы көктемгi көкөзек шақта кө­шiп келген 5 отбасына берiлген жер телiмдерi де айдалада едi. Олар­ға да үйлерiн салуға мемлекет тарапынан көмек қолы ұсыныл­ды. Өздерi асарлатып бас­пана тұрғызды. Бұлардың жақсы жайғасқандарына көз жеткiзген жерлестерi де көп ұзамай осылай қарай қоныс аударды. Қазiр бұл ауылда 130 отбасын құрай­тын мыңға жуық тұрғын бар.
– Бiз Ташкент маңындағы шағын қала iспеттес Тойтөбеде тұрдық. Өнiп-өскен, орныққан жерiмiз ежелден қазақтың басыбайлы атамекенi едi. Амал нешiк, ол бөгденiң боданына байланып кеттi – дейдi осын­дағы мектеп директорының оқу iсi жөнiндегi орынбасары Мү­нира Қоңыратбаева. – Бiз кво­таға алаңдап жатпадық, өз ыр­қы­мызбен ұлтымыздың бiрегей отаны – тәуелсiз Қазақстанға жедел көшудi ғана мұрат еттiк. Ерім Өктем осында келген бетте өз қаржысына мектеп құры­лысын қолға алып едi, бiлiм ошағының оқу жылына дейiн бiтуiне аудан әкiмдiгi тағы да қолұшын бердi. Қазiргi жалпы орта мектебiмiздiң ғимараты мемлекет қаржысына салынды. Пошта бөлiмшесi, фельдшер­лiк-акушерлiк бекет, электр стан­сасы, дүкен халық сұра­ны­сына лайық қызмет етiп жатыр. Әуелгiде қиындықты бастан өткергенiмiздi несiне жасырамыз, бастысы, ағайындар арасына келдiк. Ендi мiне, тәуелсiз елiмiздiң бiр бұтағы болып орныққанымызға қуанышты­мыз. Балаларымыз да шадыман. Қазiр бiз оралман емеспiз. Өзiмiздi егемен Қазақстанның түпкiлiктi тұрғыны, азаматы ретiнде сезiнемiз.
Десе дегендей-ақ, алды ел тәуелсiздiгiмен түйдей құрдас, соңғысы да соған жетеқабыл қос ауылдың түзу көшелерi, жасыл желекке көмкерiлген келiс­тi үйлерi сүйсiндiредi. Ауыл ма­ңындағы жоталы жайлау төрт түлiк малға толды. Үйлерiнiң iргесiндегi жерден отбасынан артылатын көкөнiс жиналады. Елдi мекен айналасынан бөлi­нiп берiлген суармалы құнарлы танаптардан көл-көсiр ырзық алынады. Еңбекке жарамды бiр де бiреуi қол қусырып қарап отырмайды. Азаматтарының етi тiр­лiгi­нiң, ауызбiрлiгiнiң арқа­сында тұрмыстарын әлдеқашан түзеп алды. Басқаларға ендi өздерi де жәрдемдесетiн дәре­жеге жеттi.
Қазығұрттықтар қатарлары­на қосылған қандастарының ты­ным таппайтын аса еңбек­қорлығына, бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарудағы өте ұй­ымшылдығына, елдi бiрiк­тi­ре­тiн iске жанын сала кiрiсе­тi­нiне, қандай да қиындыққа тө­зiмдiлiгiне, балды бармақ, бес аспап шеберлiктерiне таңдай қа­ғысады. Олардың ерiнбей ең­бек етуiн өздерiне үлгi тұ­та­ды және де осы екi ауылда кез келген тойдың iшiмдiксiз өтетiнiне таңғалады. Ауданда қазiр мал ұрлығы өршiп тұрса да бұл ауыл­дардың өрiсiнен де, қора­сынан да бiр ашатұяқ жоға­лып­ты деген әңгiменi әлi күнге еш­кiм естiмептi. Қазақы өмiршең әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдiң қаз-қалпында сақталып отыр­ға­нын тамсана әңгiмелейдi. Көр­шi ауылдармен ерсiлi-қарсылы қыз алысып, қыз берiсiп, құ­дандалы болып тату тiршiлiк жасап жатыр.
Айтпақшы, Қазығұрт ауданында екi жыл болды, Алматы-Ташкент күре жолының бойында Өзбекстаннан оралған, ертең келетiн қандастарымызға жергi­лiктi әкiмдіктiң қаулысымен бел­гiленген, әзiрге шартты түр­де Жаңбыршы деп аталатын жаңа ауылдың iргесi қаланып жатыр. Келес өзенiнiң шұрайлы жағасынан бөлiнген 50 гектар аумақта бiрер жылда тағы бiр ауыл бой көтермек. Көршiлес елден мұнда 250 отбасы көшiп келмек. Олардың жүзден астамына жер телiмiн беру жөнiнде шешiм де берiлiп қойылыпты. Қазiр 20 үйдiң құрылысы аяқта­лып, адамдары қоныстанып та үлгеріпті.
Тәуелсiздiкпен басталған ұлы көштiң алыстағы қандас­та­ры­мызды елдегi ағайындармен қауыштырған шарапатты жолы осылай жарасты жалғасын таба бермек.
Жеңiс БАҺАДҮР.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы.