Қазақстан • 30 Қараша, 2018

Елбасының ерен еңбегі

40755 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. 50 жасар Қазақстанның лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі мол бо­лады», депті тәуелсіздіктен бұ­рын-ақ  ХХ ғасырдың ұлы ре­фор­маторлардың бірі Ли Куан Ю. Осы пікірді оқи отырып, оның соншалықты кісі тани білетін данышпандығына, көрегендігіне таңғалмауың мүмкін емес.

Елбасының ерен еңбегі

Сол айтқандай, кеңестік жүйеден шыңдалып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшыға айналды. Ол – бабаларымыздан  келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді  тұғырлы ету жолын­дағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өз орнын алды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы АҚШ конгрессмені Крис Кэннон былай деген еді: «Мен жас Қазақстанның да­муын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін, 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған сәтінен бастап, бұл ел таңғаларлық саяси және экономика­лық жаңғыруларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді, әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Президент Н.Назарбаевтың саяси көре­гендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті». Біздің Елбасымыздың бүкіл еңбегі осы бірнеше жолда тамаша көрініс тапқан сияқты. 

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы экономикамен бірге білім және ғылым саласын дамытуға айрық­ша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі таңда елі­міздің білім жүйесі жаңа заманға лайық әрі халықаралық стандартқа сәйкес  же­т­і­ліп келеді және оның отан­дық үл­гісі қа­лып­тасуда десек, мұнда Елбасы Н.Наза­рбаевтың инновациялық ой-тұ­жырым­дары мен тікелей қамқорлығының маңызы зор болғанын атап өтуіміз қажет. 

«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін қадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алыс­ты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт». Бүгінде Президенттің осы тапсырмасын ұстанған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Себебі білімді де білікті маман-кадр­лар экономиканы қарқынды дамытуда ма­ңыз­ды ресурс болып табылады.  

Тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім беруде жинақталған тәжірибені талдап қарасақ, еліміздің білім беру жүйесі әлемдік стандартқа біршама жақындап қалғанына нақты деректер көз жеткізеді. Осы  үдерістің бүгінге дейінгі  нәтижелі атқарылып келуіне, әлбетте, Елбасының әр жылдардағы еңбектеріндегі, әсіресе оның Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауларындағы елі­міз­­дің білім жүйесінің сапасын арт­тыруға, стра­те­гия­лық міндеттерін ше­шу­ге бағыт­­тал­ған түбегейлі қайта өзгер­ту­лер­дің қажет­тілі­гін туындататын инн­ова­ция­лық ой-пікірлері мен мем­­ле­кеттік стратегиялық бағ­дар­ла­малары негізгі ғылыми-теория­лық, ғылы­ми-әдістемелік бағыт-бағдар болып, еліміздің білім беру саясаты мен оның жүйесін қалыптастыруға мол мүмкіндік бергенін байқау қиын емес. 

Содан бері бүкіл Елбасы атап көрсет­кен мәселелерді жүзеге асыру үшін ғы­лы­ми-практикалық жобалар мен тұжы­рым­дамалар және стратегиялық бағдар­ла­ма­лар жасалып, қыруар жұмыстар атқарылды. 

Мен жуырда ғана Мемлекет басшысы­ның қабылдауында болып, отандық білім саласына қамқорлығын шын жүрегіммен сезінгендей болдым. Кездесуде Мемле­кет басшысына оқу орнының қызметі және «Қазақстандықтардың әл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» тақырыбындағы Жолдауды іске асыру аясында атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жөнінде есеп бердім.  Прези­дентіміз еліміздегі жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру және дамыту үдерісіндегі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің рөлін ерекше атап өтті. «Бұл университет – Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің негізі осы оқу ордасынан бастау алады деуге болады. Сіз және бүкіл оқытушы-профессорлар құра­­мы отандық білім беру ісіне алдағы уақыт­­та да үлес қосатындарыңызға сене­мін», деді Елбасы. Сондай-ақ ол «Мен сіз­­­дер­­дің 90 жылдық мерейтойларыңызға өзім келейін деп едім, бірақ мүмкіндігім бол­мады. Сондықтан арнайы Құттықтау хатым­ды беріп,  Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықованы жібердім. Менің бұл университетке көзқарасым ерекше. Мен сізді университеттің 90 жыл­дығы­на байланысты бүкіл ұжым атынан қа­был­дап отырмын. Ұжымыңызға менің құт­тық­тауымды жеткізуді тапсырамын», деді. 

Жарты сағатқа созылған бұл кездесуде көптеген маңызды мәселе көтерілді. Президент, біріншіден, университеттің 90 жылдық мерейтойын қалай өткізгенімізді, екіншіден, қазан айындағы Жолдауды орындау үшін қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды, үшіншіден, Педагог мәртебесі туралы қабылданатын заңға байланысты атқарылатын жұмыстарды, төртіншіден, университеттің бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін не істеу керегін сұрады. Мен Елбасына университеттің 90 жылдық мерейтойына байланысты атқарылған іс-шараларды, оның ішінде Еуразиялық педагогикалық жоғары оқу орындары қауымдастығының форумын, математикалық модельдеу жөнін­дегі ха­лық­­аралық конференциясын өткіз­ге­німізді, франциялық жоғары оқу орын­дары басшыларымен әріптестік тура­лы бірнеше келісімшарттарға қол қой­ғаны­мызды, Түлектер форумын және Сал­та­натты мәжіліс өткізгенімізді және бұл іс-шараларға шетелдерден 200-ге жуық ғалымдар, 70-ке тарта жоғары оқу орын­дары­ның басшылары қатысқанын атап өттім. Сонымен бірге Елбасының қазан айындағы Жолдауына байланысты ал­дағы жылдары қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын жасап, Білім және ғылым министрлігіне тапсыр­ғаны­мызды, жалпы, Жолдау бойынша тиісті іс-шаралар жоспарын бекітіп, жұ­мыс істеп жатқанымызды жеткіздім. Елба­сы­ның бәсекелестікке қабілетті университеттер қатары көбейіп тұрған қазіргі таңда оларды қалай басып озасыңдар деген сұрағы да көңілге терең ой салды. Осыған байланысты мен университеттің стратегиялық жоспары бойынша 2025 жылға қарай Еуразиялық одаққа мүше елдердің 45 жоғары педагогикалық оқу орындары арасында көшбасшылыққа талпынып отырғанымызды, QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша 481 орынды иеленіп отырсақ, 2025 жылға қарай 450 орынға тұрақтауды мақсат етіп отырғанымызды айттым. 

Мемлекет басшысы әлемдік үздік университеттермен байланысымыз, Сорбон­на-Қазақстан институтының жайы туралы сұрады. Мен бүгінде Абай атын­­дағы ҚазҰПУ жаһанның 27 мем­лекетінің 150-ден астам беделді уни­верси­т­ет­­терімен байланыс жасап отыр­ғанын, халықаралық қатынастар сала­сындағы әріптестіктің аясы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олландтың қолдауымен Абай университеті базасында ашылған Сорбон­на-Қазақстан инс­титутын бүгінге дейін 77  магистрант бітіріп, олар Франция мен Қазақстанның екі бірдей дипломын алып шық­қанын,  бүгінде бұл оқу орнының әле­уе­ті артып келе жатқанын, онда жұмыс іс­тей­тін оқытушылардың көпшілігі Париж Сорбоннасы университетінің профес­сор­лары екенін Елбасының қаперіне салдым.

Өз кезегінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында оқыту және ағарту қызметі мен студент жастардың жағдайын жақсарту мәселелеріне баса мән берілгенін айтты.  «Педагог мәртебесін арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Осы міндетті жүзеге асыру барысында уни­вер­ситеттеріңіз алдыңғы шепте болуға тиіс. Бұл мәселе­ні жан-жақты пы­сық­тау қажет», деді Мем­лекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент уни­вер­си­теттің қазіргі заманғы ғылыми-тех­ни­ка­лық прогресс талаптарына сай болуы керек екенін қадап айтты.  «Әлемнің ал­дың­­ғы қатарлы оқу орындарымен ынт­ы­мақ­тасып, байланыс орнатқан жөн. Тәжірибе алмасып, бірлесе ж­ұмыс істеу қажет. Сондай-ақ Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің мәртебесін арттыру жөнін­дегі жұмыстарды жалғастырудың маңыз­ы зор. Сіз басқаратын универси­тет пе­да­­го­­гикалық білім беретін басты оқу орны болуға тиіс», деген Н.Ә.Назарбаев психолог мамандарын көп­теп дайындауды, мұғалім дайын­даудың сапасын арттыруды, оқу бағдарламасын жаңартуды, педагогикалық ғылымды дамытуды, келесі жылы өткізілетін «Жастар жылына» байланысты жастар саясатын жан-жақ­ты жүргізуді тапсырды. Соны­мен бірге университет түлек­терін жұмысқа орналастыру мәселесімен тиянақты айна­лысуды, латын графикасын енгізуге байланысты оқу-әдіс­те­мелік құралдар даярлауды жедел­детуді ұсынды. Осы кездесуде Президент Н.Ә.Назарбаев өзі­нің бес әлеуметтік бастамасына бай­ланысты студенттер жатақ­ханасын салудың жайын сұрады. «Биыл жер телімін алып дайындалып отырмыз, студенттер жатақханасының құрылысын келер жылы бастаймыз» деп едім, ол кісі ризашылығын білдірді. Тіпті «Сіздерге қандай көмек керек?» деп әкелік қамқорлығын да білдіріп жатты. Ал университет ұжымына алғыс айтып, қайта-қайта сәлем жолдауының өзі  Елбасының қарапайымдылығы мен зор адамгершілігінің белгісі. Бұл кездесуден мен рухани байып, қанаттанып қайттым, университет ұжымына Елбасы сәлемі мен тапсырмаларын жеткіздім.

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің

ректоры, профессор

АЛМАТЫ