Жазушы-журналист Қайнар Олжай өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында жарық көрген «Президент пырағы» атты репортаждар кітабында, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы қазан айында Моңғолияға барған ресми сапары жайлы көрген-білгенін баяндай отырып: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзекті мәселелерді шешіп алған соң осы елдегі қазақтармен кездесіп, атамекенде болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды айтты. ...Кездесуден кейін Бай-өлке аймағының басшысы Мизамхан Күнтуғанұлы бастаған азаматтар Қазақстан делегациясына қонақасы беруді парыз санапты. Олар «Көк тәңір» резиденциясы ішіне он екі қанат киіз үй тігіпті. Сол жерде үкілі домбырасын қолға алып, өзі де үлбіреп тұрған Меруеш Башай деген қарындасымыз Қазақстан Президентіне арнау айтты. Атажұрттан алыста жатқан бұлардың сағынышы, аңсауы, өксігі, өкініші, үміті, болашағы жатқан бұл арнаудың жөні бөлек болды. Наз да бар, базына да бар. Тілек те бар, қайсарлық та бар. Ақбоз үйдің алдында арнауды тыңдап тұрып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев толқыды. Бұған дейінгі талай сапарда бұл кісі таңданысын да, толқынысын да байқатпайтын» деп жазыпты.
Журналист жазған бұл сәтті ол кезде телеэкраннан бәріміз де көрдік. Тіпті Нұрсұлтан Әбішұлы арнауды тыңдап тұрып көз жасын сүрткенін былайғы жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Расында аққудың балапанындай үкісі желбіреген жас қыздың «Қанды бұғау қақырап, Қайта оралды көк туым, Алыстағы ағайын, Келші деген жетті үнің...» дейтін зарлы толғауын бейжай тыңдау мүмкін емес-тін.
Одан бері қаншама жылдар алмасты. Тәй-тәй басып тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан қазір әлемдегі алдыңғы қатарлы елге, Ханғайдағы қандасына қамыға қараған Елбасы қазір ғалам таныған тұлғаға айналды.
Арада 15 жыл өткенде, яғни 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да кезекті рет ресми сапармен Моңғолияға барды. Тағы сол Ұлан-батыр қаласында қандастарымен кездесті. Осы қауышу үстінде он бес жыл бұрын Елбасыны жырымен елжіреткен әнші Меруеш ән салды. Бұл жолы ертедегідей зарлы сұңқыл емес, 10 жылдың ішінде іргесі кеңейген алып шаһар Астана жайлы, дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның бүгіні мен болашағы жайлы шаттық жыры жырланды.
Кездесу үстінде Нұрсұлтан Әбішұлы әнші қарындасымызға «Атажұртқа оралмайсың ба?» деген сауал тастап, Меруештің «иә» деген жауабын естігеннен кейін мезетте қызмет бабымен бірге барған адамдарға «Қарағанды облысы әкіміне хабарласыңдар, Меруешті жұмысқа қабылдасын!» деп қолма-қол тапсырма бергізді. Сөйтіп, әнші қызымыз атажұртына оралып, қазір Қ.Байжанов атындағы Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінде абыройлы қызмет атқарып жүр.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»