29 Ақпан, 2012

Қос шектен күмбірлетіп күй төгетін…

420 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қос шектен күмбірлетіп күй төгетін…

Күй құдіреті

Ежелден Нарын елі күйге бекім,

Баласы қаршадайдан үйренетін.

Заманның шұбар күні тұтылғанда,

Қазаққа демеу болып күй келетін.

 

 

Күй құдіреті

Ежелден Нарын елі күйге бекім,

Баласы қаршадайдан үйренетін.

Заманның шұбар күні тұтылғанда,

Қазаққа демеу болып күй келетін.

Күй тартқан данасы да, баласы да,

Күй тартқан хандары да, қарасы да.

Құдіретті күй атасы Құрманғазы

Арнады екі күйін анасына.

 

Күйлерге алтын арқау –

Ел ерлігі,

Ұлтымның парасаты,

Кемелдігі.

Кеудеде сәулесі бар адам болса,

Шым-шымдап тартып

кетер тереңдігі.

 

Күй сазы

Қиялыңмен жарысады,

Бір құлдилап,

Биікке тағы ұшады.

Тыңдаған жан

Өткенім, Бүгініммен,

Тіпті, Ертеңіммен де танысады.

 

Отырамыз тарихты еске алып та:

Көрмеппіз заманадан кеш қалып та.

… Қос шектен

Күмбірлетіп күй төгетін

Ұлы өнер

Болмай шықты еш халықта!

 

Жорға Жетпіс

Күн кештім:

Кеш – ойлантып,

Таң – күлдіріп.

Алпысым,

Қолың бұлғап,

Қалдың күліп.

Сенімен қимай-қимай қоштастым да,

Жетпіс атты жорғаға

Алдым мініп.

 

Қазанатым болды бұл

Жолда сынар,

Елпілдейді

Құларда дөң басынан.

Шаңда бір

Желе жортар жортағы бар

Кәдімгідей жаңылып

Жорғасынан.

 

Уа, Жетпісім!

Жаныма жайлы келдің!

Сере шығар қазыдай

Майлы келдің.

Тақымымда –

Шабыттың Шаңқанбозы,

Күміс сәнді ер-тұрман –

Сайлы келдің!

 

Әзер-әзер жеттім-ау бұл кезіме,

Ерекше нұр құйғандай күн көзі де.

Аңсаған, армандаған өмір-бақи

Өз еркім

Енді ғана тиді өзіме.

 

Дей алман:

Емін-еркін салдым ойнақ,

Күрестім

Отбасының қамын жайғап.

Жүрдім мен апы кіріп, күпі шығып,

Жастайымнан бір тілім

нанымды ойлап.

 

Адамның көрдім тексіз, тектісін де.

Талай сыр мәңгі орын тепті ішімде.

Мың шүкір:

Алаңсыз бір жыр жазуға

Мүмкіндік болды әйтеуір Жетпісімде.

 

Кез өтті біз күйзелген, біз арыған.

Құтылып тапшылықтың тұзағынан,

Көзіміз енді ашылып келе жатыр,

Құдайым сүйіндіргей ұзағынан.

 

Туған Елім!

Жайқалған Бәйтерегім,

Жырыма

Саясында ой теремін.

Тағдырым

Жетпісте де

Жыр жазуға

Кеңшілік етпегенде қайтер едім?!

 

Жыл басы

Сонау бағы заманда,

Дін аманда,

Тезіне салып Тағдыр сынағанда

Тату түркі мерейі үстем болып,

Хас дұшпаны қансырап жылағанда;

 

Дәуірдің тартып мініп шоқтығынан

Қан жемеген барағы тоқтығынан,

Тату түркі бастарын имеген де,

Дұшпанын саз балшықтай илеген де,

Ие боп, ат-тұяғын жеткен жерге

Айбармен аспан астын билегенде;

 

Бөленген бетегелі бел сағымға,

Зеңбірек қаһар шашпай жер шарында,

Қаруы:

Садақ,

Семсер,

Сүңгі болып,

Халықтар мүмкіндігі тең шағында;

 

Жыраулар хиссаларын толғағанда,

Түркілер тату болған сол заманда

Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап

Қарағай басын шортан шалмағанда;

Он есе күшті жауы жеңілгенде

Масайрап,

Көтерілген көңіл демде.

Даласына еркелеп ер бабалар

Сайрандап,

Саф ауаға семіргенде;

 

Әзелден мықтыларды жақтырған ба,

Сонда да алдарында тақ тұрғанда

Айбынып айбынынан көшпелінің

Талайлар тастан қорған соқтырғанда;

 

«Көк тәңірі нұрынан таралғанбыз,

Жорықтардан жеңіспен оралғанбыз,

Тек қорқақтар соғады қорғандарды,

Біз соларды бұзуға жаралғанбыз!»

 

Деген кезде түркілер өктем еді –

Ол заманда жыл басы – көктем еді.

Рахманын төккен Алла тату жұртқа.

Бұл кезде ол дәуреннің жоқ дерегі.

 

Аңдамай мейманасы тасығанын,

Араз боп түркілердің жасығанын,

Өзара жауласқанын Әлем көрді.

Әзелден алауыздың бәсі мәлім.

 

Сан ғасыр есен өткен сан сынақтан

Мықтылар бірін-бірі қансыратқан.

Үш мәрте Ақсақ шауып Тоқтамысты

Ақсақ Алтын Орданы сансыратқан.

 

Содан түркі көңілі жайланбады,

Басынан қапияда тайған бағы.

Балақтағы бит өрлеп басқа шықты,

Кемесі өрге жүзбей қайраңдады.

 

Мүсәпір күйге түсіп баяғыда,

Сүйеніп бодандықтың таяғына,

Қараң күн кешкен солай түркі жұрты

Қыс болып

Жылдың басы, аяғы да.

 

… Бағы күнде жыл басы көктем еді,

Ол заманда түркілер өктем еді.

Бұл кезде –

Бәлду-бәлду бәрі өтірік –

Сол дарқан замандардың жоқ дерегі…

 

Қазақы тірлік

Оңаша барып тау жаққа,

Саяжайымда,

Бау-бақта

Қаламым түспей қолымнан,

Іргемді салдым аулаққа.

 

Мүлгиді маңай.

Түн басқан.

Жыр жазған кезде тынбастан,

Алатауымның самалы

Менімен бірге жырласқан.

 

Биязымын тым.

Сынықпын.

Мен әсте-әсте шынықтым.

Өмірдегі мұратым

Поэзия деп ұғыппын.

 

Жыр жазып өмір сүріппін,

Түн перделерін түріппін

Ақыры –

Талай күншілдің

Гөй-гөйіне де іліктім.

 

Астынан Жердің жік шықты:

Қоздатқан шала бықсықты

Дәм татып жүрген үйімнен

Бір ақын ағай боп шықты.

 

Иттеріне де қаптырды,

Жаңдайшаптарын жаптырды.

Рушыл, күншіл сол ағай

Бас болып

Тас та лақтырды.

 

Танардай болып ес мүлде

Өшікпей,

Ғұмыр кештім де:

Кектенген жоқпын біріне,

Өкпелемедім ешкімге.

 

Жыландай жылжып өтті күн…

Солардың көбі жоқ бүгін…

Ешқашан кек тұтпағаннан

Бүгінде биік шоқтығым.

 

Өзіме қатал,

Өткірмін,

Жыр үшін азап шектірдім.

Нахақ сын,

Өрттей ғайбатты

Қазақы тірлік деп білдім.

 

Қара күз

Жер қара.

Жел де қара.

Қара суық.

Кеткендей біржолата дала суып.

«Япырай, қыстың басы

қалай болмақ?!»-

Десті жұрт абдыраған,

Аласұрып.

 

Құм борап, ауа райы тым бүлінді,

Қадірі қарлы қыстың шын білінді.

Ызғырық жұртты бүрсең қақтырғанда

Қаңтарда қар жауды да –

Күн жылынды.

 

Әлдилеп бізді өсірген сан аңызбен

Тілеулес боламыз да Даламызбен.

Жер қамы, ел қамы деп,

Әппақ қысты

Аңсайсың.

Безінесің қара күзден…

 

Қонақтадым ауылда

Сонау жылдар.

Колхоздасқан қауымда,

Тұрушы едік Айғырқұмда,

Ауылда.

Кең пейілді Жұбаншәлі басқарма

Бір бұзаулы сиыр берген сауынға.

 

Ертелі-кеш

Анам тыным таппайтын,

Сол сиырды бағып-қағып,

Баптайтын.

Басын құшып,

Қасушы еді әукесін.

Сиыры да

Сол еңбегін ақтайтын.

 

Түн баласы ит-құс құмда қаптайтын.

Қаптаған соң

Анам тыншып жатпайтын.

Зәремді алған

Түнде ұлыған қасқырлар,

Шаба алмайтын.

Алабайдан батпайтын.

Ала сиыр!

Қиын күнгі құтым ең!

Сен болмасаң –

Мен де жүдеп бітіп ем.

Алты ай қыстан

Аман шықтық арымай.

Сол жарықтық бір сиырдың

Сүтімен.

 

Құдай жар боп,

Көңіліміз жайланды.

Бірте-бірте

Ішіміз де майланды.

Сүтін іштім.

Қаймақ жедім там-тұмдап.

Анам, тіпті, ұйытатын айранды.

 

… Мен ауылға бардым былтыр

қонақтап.

Аңқам кепкен.

Өтіп кеткен сол аптап.

Анашымды сонда еске алдым.

Отырып

Келін құйған қара шайды сораптап.

 

Әйелдерге тұрмыс ауыр.

Сеніңдер…

Сәл қозғалса:

«Ойбай тізем!

Белім!» дер.

Тіпті, сиыр саумайды екен бұл күнде

«Жұмыссызбыз» деп отырған келіндер…

 

Қос арыс

Тұнығын көңілінің шайқамаса,

Кірбіңді ұсақ-түйек байқамаса,

Бозбала

Ғашығына шын үздігіп

«Сүйем!» деп,

Жүрек сөзін қайталаса;

 

Бір-бірін дәйім қастер тұтып тұрса,

Қашан да татулықпен ұтып тұрса,

Қанша жыл отасса да

«Сүйем!» деген

Бір сөзді көздерінен оқып тұрса;

 

Жеңбекші қиындықтың бәрін деймін,

Әмбеге бұл ақиқат мәлім деймін.

Алласы жар болған соң сол қос арыс

Ұзартар ғұмыр жасын кәміл деймін.

 

Күйбең

Көбінесе қол босамай күйбеңнен,

Өз-өзіме кейде налып, күйгеннен

Жыр жаза алмай, ұқсата алмай

жүрмін деп

Жерінемін машығымнан үйренген.

 

Ат-тонымды ала қашып жиренген.

Осы майда тірліктен де сый көргем.

Соны місе тұтасың да көнесің

Мынау жарық дүниені сүйгеннен.

 

Бұл қым-қуыт һәм шым-шуыт

тірліктен

Басы жұмыр пендемін мен жыр күткен.

Мұрыныма су жетпейді:

Қапылыс

Қысқа күнде қырық құбылған,

Дүрліккен.

 

Өмір алда деп өзімді сендіріп,

Ешқашанда

Үзілмеді менде үміт.

Қанша уақыт,

Қайрат-жігер сарп еттім

Тек түтінім түзу ұшсын деп жүріп.

 

Жақсыларға жанастым да жаңғырдым.

Қадіріне жете білдім әр күннің.

Адал терді нанға айырбастадым,

Дастарқаным мол болсын деп

қам қылдым.

 

Енді бүгін бір әулеттің басымыз,

Жерортадан асып кеткен жасымыз.

Аяладық,

Ақ бата алдық Анадан,

Біз де ұрпақ өрбіткен отбасымыз.

 

Көрмесем де атақ іздеп,

Шен қуып,

Өткен күндер оралмасын енді ұғып,

Тұрмыс қамы деп жүргенде

жыр жазбай,

Талай сырды

Қалғандаймын мен бүгіп.

 

Өмір-бақи күресуге үйренгем,

Кейде налып,

Кейде шаттық күйге енгем…

… Ұсақ-түйек болмайды екен тірлікте.

Тағдыр мені айырмағай күйбеңнен…

 

Құм Нарын

Батыстағы түстігім,

Асты – дария,

Үсті – құм,

Шығармасы –

Нарынқұм

Құдіреті күштінің.

 

Құм үстінде ну орман,

Құшақ жайып тұр алдан.

Оны көру –

Шын бақыт,

Аңсап жүрсең –

Бұл арман.

 

Қасиетін аңғардым,

Жерұйық деп таңғалдым.

Елге тартқан тартуы

Кешегі өткен хандардың.

 

Африка шөлдерін

Турист болып өрледім.

Сұлық жатыр өлі құм,

Қылтанақ шөп көрмедім.

 

Жаһан шахтай тұлғаның

Араладым гүлзарын.

Көргенім бар сол жолы

Үндістанның құмдарын.

 

Ол жақта құм борайды,

Аспан астын орайды.

Ешбір құм жоқ

Өмірге

Нарынқұмдай қолайлы.

 

Бұйрат құмдар шөккен кіл,

Күн құяды көктен нұр

Шынтақтай жер қазғанда

Су шығады мөп-мөлдір!

 

Мұнда шөптің шүйгіні

(Зердеңе, дос, түй мұны!)

Жүріп-ақ тұр

Нарында

Тіршіліктің бұйрығы!

 

Саған көңіл құлап тым,

Мәрттігіңді ұнаттым!

Жер шарында біреу-ақ

Нарынқұмым –

Жұмақ құм!

 

Мың шүкір

Мен енді босқа уақыт оздырмайын,

Бекерге жоқты-барды сөз қылмайын.

Үстелге отырайын қалам алып

Жұмыс бұл тауысатын көздің майын.

 

Ақының

Заман артқан жүгін білсе,

Арман не –

Кеше жылап,

Бүгін күлсе

Ешқашан үміт үзбес ертеңінен,

Харамдар сүріндірсе,

Түңілдірсе.

 

Сырласып алғаннан соң қаламымен,

Қуантып елді әрбір қадамымен,

Мың шүкір дейді

Жаббар иесіне

Бұйыртқан баба сыйы –

Даланы кең.

 

Салқын нұры себезгілеп…

Жайықтың жағалауы жасыл орман

Жастарды қарсы алатын тосып алдан.

Осында сан ғашықтың шат күлкісі,

Сан ғашықтың көзінің жасы тамған.

 

Күндізгі шулы шаһар үні тынып,

Мамырдың жанға жайлы түні тымық.

Жер үсті жұмсақ бозғылт реңге енді

Толған Ай – ғашықтардың күні туып.

 

Ай туды –

Мейірімен еліткелі,

Адамды

Жамандықтан жеріткелі.

Ай туды –

Салқын нұрын себезгілеп,

Жүрегін ғашықтардың еріткелі.

Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ.