Сонымен қатар «Шығыс базары» атты фестиваль өткізу де жоспарда бар. Ондағы мақсат қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтардың жәрмеңкесі өткізу арқылы қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтың бірі екенін паш ету. Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың мәлімдеуінше, Елбасы тапсырмасы бойынша Қ.А.Ясауидің тарихи болмысын жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында жаңа Ясауи музейі салынады. Сондай-ақ, Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпірінде Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ясауитанушылардың басын қосып, халықаралық конференция өткізу межеленген. Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі.
Аталған жұмыстардың барлығы Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған міндеттерді орындау шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы