Президент • 30 Қараша, 2018

Көкшетауда Елбасы туралы жаңа жинақ жарық көрді

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» деп аталатын жинағының тұсаукесері өткізілді.

Көкшетауда Елбасы туралы жаңа жинақ жарық көрді

Жинақта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жылдары атқарған ұлан-ғайыр еңбегінің аясы мен ауқымы кеңінен баяндалады. Ширек ғасырдан астам уақытта ел болашағын көксеген мерейлі мұраттар жүзеге асырылды. Елбасының әлемдегі зор  абыройы мен беделі сөзсіз асқақтап тұр. Сарабдал саясаткер екендігін төрткүл дүние тегіс мойындаған. Міне, осындай келелі тақырыптарды келістіре жазған қаламгердің әр жылдары қаламынан туған ой-толғамдары мен пайымды пікірлері топтастырылған құнды жинақты қалың оқырман жоғары бағалауда.

Тұсаукесер рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев және басқа да белгілі азаматтар жылы лебіздерін білдірді. Дәл осындай тұсаукесер жоғарыда аталған университетте де өткізілді. Елбасының тағдыры ел тағдырымен егіз. Ендеше, студенттер қауымы үшін таптырмас олжа. Осы жинақ арқылы егеменді еліміздің уық-керегесін бекіту жолындағы Елбасының сіңірген еңбегін толық білуге болады.   

Бұл жинақ – тәуелсіздік кезеңінің шежіресі. Осы тақырыпты өз шығармашылығының өзегі етіп келе жатқан белгілі қаламгер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясат сырларын, елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау жолындағы тарихи маңызы зор ғажайып еңбегін ашып көрсеткен. Сондықтан да, бұл жинаққа кез-келген оқырманның қызығуы әбден заңды.  

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»  

Ақмола облысы