Қазақстан • 30 Қараша, 2018

Алматыда деректі фильмдердің көрсетілімі өтті

461 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қазақстанның түркі тілдес халықтары» циклы бойынша түсірілген деректі фильмдердің көрсетілімі өтті. Бұл деректі туындыларды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Алматыда деректі фильмдердің көрсетілімі өтті

Деректі фильмдердің бәрі де Қазақстанда тұратын түркі халықтарының өмірі туралы баяндайды. Режиссерлер әр фильмде бір ұлттың өкілін басты кейіпкер етіп көрсету арқылы сол ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен салт-дәстүрімен таныстыруды мақсат тұтқан. Туыс халықтар туралы фильмдердің бәрін де қоюшы режиссерлері немесе шығармашылық топтың өкілдері таныстырды. 

Көрсетілім «Түстің дәмі» атты деректі фильммен ашылды. Деректі туынды Венера Важитова есімді жас суретші мен киім дизайнері туралы баяндайды. Фильмнің түсіру тобы бас кейіпкермен бірге оның туып өскен ауылы Шонжыға барып, ұйғыр халқының мәдениеті мен тұрмыс тіршілігі туралы көп мәлімет алады. Көрсетілімнен кейін фильмнің режиссері Камилла Әбделдінова көрермендермен түсіру тобын таныстырып, еңбектің игілікке айналуы үшін ұжымның біліктілігімен бірге, бірлігі де маңызды екенін атап өтті.

         Ал «Жіп» атты деректі фильм татар ұлтына арналған. Татар ұлттық  киімдерін тігумен айналысатын Вадига Галимбаева есімді кейіпкер Қазан қаласына барып, өз ұлтының тарихы мен мәдениетімен жақын танысады. Көрсетілімнен кейін фильмнің режиссері Надира Садуова шығармашылық топқа, сонымен қатар, қолдау білдіріп, фильмді шығаруда атсалысқан өзінің ұстазы Әсия Байғожинаға алғыс білдірді.

 «Чуваш халқы. Қазақстан – менің екінші отаным» деректі фильмін жас режиссер Динара Манабаева таныстырды.  Фильмде Павлодар облысы чуваш халқының қоғамдық-мәдени орталығының өкілі Мария Симулинаның өмірі баяндалады. Жолдасымен бірге Қазақстанға кездейсоқ келген ол, қазақ жерінде тұрақтап, өсіп-өнеді.

Мария түркі тілдес халықтарының ең аз, тіпті жоғалып кету қаупінде тұрған этностардың бірі – чуваш хылқының өкілі. Соған қарамастан, Мария өзі сынды құрбыларымен бірге чуваш халқының мәдениеті мен тілін сақтау жолында мақсатты жұмыс істеп, пайдалы істің басы-қасынан табылып жүр. Кейіпкердің өз қолымен жасаған чуваш халқының ұлттық бас киімі немесе туған ауылын бейнелеген кестесі арқылы оның туған жеріне деген сағынышын бірден байқауға болады.

         – Бұл фильм мен үшін үлкен жаңалық болды, – деді Әсет Ерназаров, Ш.Айманов атындағы «Деректі фильмдер» ШБ жетекшісі.

Кеш соңында жақында ғана Алматыда өткен «Бастау» халықаралық кинофестивалінде Ораз Әбішев атындағы «Үздік деректі фильм» жүлдесімен марапатталған «Ата кәсіп» фильмі көрсетілді. 

Деректі фильм Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын өзбек халқының өкілі, ата кәсіп – бесік жасаумен айналысатын қырық жеті жастағы Абдиманоп Зупаров есімді шебердің өмірін баяндайды. «Біздің ниетіміз таза. Қазақстандықтардың саны өсіп жатса, біздің жұмысымыз, жейтін нанымыз болады. Осындай таза, пәк ниетімізбен қолөнермен айналысып келеміз», –  деді фильмнің кейіпкері. Фильмде бесіктің қалай жасалатыны, сондай-ақ, өзбек халқының сәбиді бесікке қалай бөлейтіні егжей-тегжейлі көрсетіледі.

Сценарий авторы Фариза Жаханова, алғаш фильм түсіру туралы идея туғанда, балама мақсат болғанын, алайда сценарий жазу барысында Абдиманоп ағаның отбасына тоқталғандарын айтты.

– Бүгін көрсетілген барлық фильмдердің көркемдік жетекшісі Әсет Ерназаровқа, «Қазақфильм» басшылығы мен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымызды айтамыз. Деректі фильм жанрын дамытуды көздеп, тиісінше қолдау жасап отырған тиісті мекемелердің жас киногерлер өзінің фильмдерін түсіруге және кәсіби шеберлермен бірге жұмыс істеуге кең мүмкіндік алып отыр, – деді фильмнің директоры Бану Рамазанова.

Көрсетілімге келген қонақтар – фильмдердің бас кейіпкерлері, диаспора өкілдері және студенттер, барлық фильмнің авторларына алғыстарын айтып, шығармашылық табыстар тіледі.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ