29 Ақпан, 2012

Тамыр бүлкіліндегі тақырып

391 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Тамыр бүлкіліндегі тақырып

 ТАҒДЫРЫМ ТАҢДАПТЫ. Немесе менің тағдырымдағы адамдар десем сөз көркі кіріп, мағына мархабатты бола түсер ме екен? Әлде екінші үйім болып кеткен қасиетті редакция шаңырағында оты маздап, ұшқыны миыма шашыраған тағдыр-талайлы тақырыптар ма екен? Тіпті жазғым келіп жабығып, қолым жүрмей қиналғанда көңіл ауаны буған сәттегі шамырқаныстың шаужайлатқан несібе-мақаласы ма? Жалынан ұстап жалынғандай боп, ой толғағымен елеп-екшегенде, емеурінімен емексіткен «қызық дүниенің» тосын толғақты, таптаурыннан тыс, бітімі бөлек, пішімі түйдек, айтпағы ерен, маңызы берен, жүрек лүпілі шығар, бәлкім?

 

ТАҒДЫРЫМ ТАҢДАПТЫ. Немесе менің тағдырымдағы адамдар десем сөз көркі кіріп, мағына мархабатты бола түсер ме екен? Әлде екінші үйім болып кеткен қасиетті редакция шаңырағында оты маздап, ұшқыны миыма шашыраған тағдыр-талайлы тақырыптар ма екен? Тіпті жазғым келіп жабығып, қолым жүрмей қиналғанда көңіл ауаны буған сәттегі шамырқаныстың шаужайлатқан несібе-мақаласы ма? Жалынан ұстап жалынғандай боп, ой толғағымен елеп-екшегенде, емеурінімен емексіткен «қызық дүниенің» тосын толғақты, таптаурыннан тыс, бітімі бөлек, пішімі түйдек, айтпағы ерен, маңызы берен, жүрек лүпілі шығар, бәлкім?

Редактор бастамасы ма, әлде өз жүрегіңнің әмірі ме немесе жиі жүргенге жолығысатын кейіпкерің ұсынған тақырып па: жазылмағы – қаламға серт! Айтылмаса – жүрекке дерт! Қане…

 ШЕРХАН МҰРТАЗА: «Орақты со­сын, алдымен театр…» 1990 жылдың 27 тамызы. Шерағаң мені «Социа­лис­тік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») Торғай облысы бойынша мен­шік­ті тілшісі етіп, қызметке қабыл­да­ды. Нұсқауынан бұрын қасы қай­шы­ланып, мұрты жыбырлайды. Бара сала театрды жазуға кірісуім керек екен. Таң­данып­пын. Талмауратып, бір соққы жасады: «Орақты сосын!..» Салым су­ға кетіп, бүгіле түссем керек, тік­те­луім­ді өтінді. Орақтың нағыз жан алып, жан бе­рісіп жатқан қарбалас шағы-тын. Ал­ғашқы тапсырманың түрі мынау. Шын айтып отыр ма өзі? Нұрлы жанары алдамайтын сыңайлы. Өткір көзі­нің ұш­қы­ны өкіртіп жаз, қатырып жаз дей­тін­дей. Менің үнсіздігімнен аздап қар­сы­лық, аңғалдық, алаңдаушылық ны­шанын сезді білем, сәтте жібіп, орақ­ты кім оратынын сұрады. Әрине, Адам! Дұры-ы-ысс! Алдымен адамды тәрбие­ле­йік. Тор­ғайың жабылған тұста Жез­қаз­ғанға бас сауғалаған театрыңды қай­та ашуға кіріс. Проблемасын аямай төк. Өзің­ді құдды егіс даласында жүрген­дей жауапты сезін. Театр оңалмай, адам оңалмайды. Тәрбие керек! Тәр­биелі адам астықтың обал-сауабын бі­ле­ді. Театр ашылып, көрерменін жи­на­ғанша орақ маусымы түгесілмей ме, осы бас­тығым аңдаусыз талап қойып оты­р­ған­нан сау ма дегендей дүдәмал күйімді тағы сезіп қойып, театр бір күндік немесе науқандық емес, жыл­дық, ғасырлық деп, шашыраңқы ойымды жинақтап, қолыма ұстатқандай болды.

Содан… Театрсыз орақ науқаны біт­пейтіндей ойға малшынып, Торғайыма ұшып келейін. Келсем, орақ қызған. Бас­қа тірлік қалмаған. Менің ойымды тек театр қаумалаған. Облыс басшысына кіріп, Шер­ағаңның мақамына сал­масам да, өзім­нің ресмиленгендегі ызғарланып ке­те­­тін сұсымды тежей алмай, дөкейдің «алдымен орақ, орақ…» дегенін құлаққа қыстырмай, «орақ сосын, театр алдымен…» дей беріппін ғой. Басшы да беріс­пейді. Мен де райдан қайтпаймын. Алдымен театрды жаз деген кім дейді ол. Шерхан Мұртаза! Облыс басшысы күрт моп-момақан бола қалды. Басын изеді. Құпта­ды. Театрды жазудың жырын қалай бас­тағанын өзі сезбей қалды.

Қандай қызық тақырып! Кейіннен білдім ғой, театрсыз дүние бос екен! Әрине, орақ науқанын да ұмыт қал­дыр­ған жоқпыз. Қайта, жақсы қамты­дық десек те болады. Театрды шартты ұғым ретінде астарлап, меңзеген екен ғой бас редакторым. «Шерағам-ай!» деймін әлі күнге, тақырып іздеп сар­сылғанда: «Ақылыңнан айналып ке­те­йін!» Осындай талаптан соң тақырып таңдауда басты идеяны бөлектеп танып, көре білу машығын бойға дарыт­қандаймыз. Мә­се­ленің ішкі астарын қопарыстырып, ең өзектісі деген аса ділгерін ноқ­талайтын болдық.

ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ: «Мәди ба­бам­ның «Қарқаралысын» ғарышта шыр­­қадым!» Байқоңыр.1991 жылдың 2 қаза­ны. Батыр қазақ Тоқтар Әу­бә­кіров Алматы уақытымен 11 сағат 59 минөтте ға­рыш­қа самғап кетті. Қазақ елі бөркін ас­панға атып, қуанды. «Егеменнің» бас­шы­лығынан: «Әдет­те­гі­дей Арқалық маңы­на қонуға тиіс қой, өте қырағы бол, репортаж бере­сің» деген тапсырма түс­ті. Ен­ді жатсақ-тұрсақ, көкке қарап елең­дейтін болдық. Тоқтарлардың ті­леуін ті­лей­міз. Ол жалғыз емес еді, қасында орыс пен австрия ғарышкері бар. Бұрын тақы­рыпты жерден іздеп табатын басымыз, енді аспанға алақтаумен 10 қа­зан­ның таңын атырғанымызды бай­қа­май қал­ғандай едік. Алматы мөл­шері­мен 9 сағат 12 ми­нөт­те Арқалықтың оң­түстік-шығы­сы­на қарай 58 шақы­рым жерде ғарыш­кер­лер аман-есен қонды. Тікұшақ­пен жеткен едік. Адам көрме­ген­дей, үшеуін қаумалап алдық. Сұрақ­тар қардай борады. «Мәди ба­бам­ның «Қарқаралысын» шырқа­дым», – деп, Тоқтар шаршаңқы күйін сездірмей, көзі күлім қақты. Осы кезде бетін тер жуып кетті де, өбектеп жүр­ген арнайы адамдар орамалмен жеңіл құрғата бастады… Біз сол әнді қазір жерде шырқап жібер­се ғой деп көксеп тұрмыз. Оған әл-дәр­мені жоқ­ты­ғын сездік те, іші­мізден «Қар­­қа­ра­лыға» бас­тық… «Атың­нан айналайын Қар­­қа­ра­лы, Сенен бұлт, менен қайғы тар­қа­мады. Сайыңнан сайғақ құр­лы сая таппай, Мен бір жан қуғын көр­ген Арқадағы»…

Нөмірге репортаж берем деп, екі иіннен дем алып, аласұрып жүргенде ән мәтінін жете қаузай алмағандықтан, кейін, тіпті бүгінге шекті уақыттарда да, өзектегі ой өрмегін тарқатпаққа әуес едік. Сонымен, тосын тақырып өз жұм­бағын бірден аша қоймайды екен-ау.

Тоқтар талғамы неге «Қарқа­ра­лыға» түсті екен? Әрине, кіндік қаны тамған жері – Қарқаралы. Орынды-ақ. Бірақ өзге де сыры болуы мүмкін-ау. Көңілі шерменді ғана осындай әнге жүгінер. Несі бар, Мәдидің өзіндік мұңын сәл тарқатып көрелікші. Кең пішіп, терең толғасақ, айып па? Тоқтар ұғымына сәйкестендіріп дегендей. Қарқаралыны қазақ еліне баласақ ше? Кеңес кезінде басынан бұлт, халқынан іштей болса да қайғы тарқамағаны кәдік. Өсе келе Тоқтар туған жерінен сая таппай орыс жерін паналап, оқу іздеп, талпынып, мәртебесі өсіп, Батыр атанғанымен де, Қарқаралысын аңсаған Мәди бабасындай, өз еліне жеткенше асық болды. Мұ­ратына жетті. Қоныс аударды. Тоқ­тар қазір әр қазақтың жалғызы да төресі!

Жалғызы деп қалдық. Тұңғыш ға­рышкер ұғымын дөп басып берген ықыласымыз ғой. Соңынан ерген Тал­ғат Мұсабаевтай іні-ізбасары бар екен, достығы ұзағынан болсын екі алып қазақтың. Кімнің бірінші, кімнің екінші екендігін тағдыр маңдайларына анық етіп жазған екен. Еш солқыл­дақ­тығы жоқ. Мұны айтыс, пікір-талас т­а­қы­рыбы етіп алып, өнбес дауды өр­ші­тудің ешқандай қисыны жоқ секілді.

Рас, біз де редакция алғаш тағ­ды­рымызға еншілеген осынау ғарыш­кер­лік тақырыбын аракідік жаңғыртумен келеміз. Көктен түскен Тоқтарды жерде көріп, тілдесуіміз, қандай ән айт­қанын сұрауымыз – қай бір тілшінің де кәсіптік мақтанышы болар, бәлкім. Соны жұбаныш етеміз.

… Жеті қат аспан мен жұмыр жерге бірдей сыйлы Тоқтар бауырымыз туралы «Егеменнің» бетінен тұңғыш рет қазақ елінен сүйінші сұраған мақа­лам­ды, әлі күнге мақтан етемін! Және де сондай жұлдызды тақырып толассыз толғандырып жүреді екен.

ЛЕОНИД ТЕЛЯТНИКОВ: «Чернобыль атом-электр стансасындағы апат­­та қазақстандық өрт сөндіру­ші­лер­дің өжет­тігін алғашқы айқаста-ақ дә­лелдедік!» Бір тақырып болады екен, қалам тер­бе­ге­сін, біраз уақыт жоғалып кетіп, ойла­ма­ған жерде қайта табысатын. Соның жайын айтып берейін енді. 1986 жылғы Чернобыль апатында қос­танай­лық Леонид өрт сөндірушілер жа­са­ғын бастап, асқан ерлік көрсеткені үшін кейін Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағына ие болды. Күзге салым Қос­та­най­ға келгенде кездестік. Облыстық га­зеттің тапсырмасымен очерк жаздық. Ол туынды еселе­ніп, «Чернобыль қаһар­маны» деген де­рек­ті хикаят болып, 1989 жылы баспадан шықты. Сөйтіп, бұл та­қы­­ры­бымыз бірте-бірте саябырсыған-тын.

1996 жылғы сәуір басында «Егеменнен» тапсырма алдым. Чернобыль апа­ты­ның он жылдығына байланысты Телятниковтың қазіргі жағдайымен елді таныстыруым керек екен. Оны Киевтен телефон арқылы іздеп таптым да, «Атом ажал айдаһары ма?» деген ма­қала (13.06.1996 ж.) бастырдым. Атақ­ты өрт сөндірушінің денсаулығы мәз емес екен. Атом сөзін жиіркеніш­пен құсала­нып, демігіп айтады. Он жыл бұрын көр­ге­німде шашы жидіп түсіп, құйқасы та­қырланып қалғаны көз алдыма келе қалды… Атомға лағнет!

Лағнет дейміз ғой. Қажеттілігі ескеріліп, елімізде де атом стансасын салуға ұмтылыс болып жатқанынан хабардармыз. Түбі не болады?

Мүлтіксіз істеп тұрған Чернобыль­дікі де бір мезетте әлемді әбігерге салды емес пе? Зардабы әлі запыран жұт­қызу­да. Мыңдаған қазақстандық апатты алас­тауға қатысып, радиацияға уланды. Дені осы жегіқұрттан көз жұм­ды. Тірі жүр­ген­дерінің халі мүш­кіл. Пәтер, қаржы­лай көмек, дәрі-дәрмектік демеу жағы тапшы. Емдеу-сауықтыруға да зәру. Зейнетақысы да мардымсыз.

Чернобыльдіктердің қабағындағы осындай кірбіңді көргенде редакция тауып берген бұл тақырыпты ұдайы індетіп жазғың келіп кетеді. Жүрекке күш түссе де, қалам деген қара өгізің мойынын ағаш қамытқа қаймықпай тоса береді.

… Кейбір тақырыптың сананы қыр­ғышпен қырғандай етіп, сай-сүйегіңді сырқырататыны бар екен. Жорналшы жаны қандай қиындыққа да көнген ғой. Осындай артық­шы­лы­ғына оның өзінше қопаңдап қоятынын қайтерсің?! Қызық!

МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ: «Жаза гөр топырақты елден Алла!» Тақы­рып деуге келер ме екен? Бұл миссияны орындауға тиісті арнаулы экспе­ди­ция­ға қатысуды торғайлық тілшісіне «Егемен» Алматыдан нұсқау берді. Қатыс­тық. Еңку-еңку жер шалдық. 1992 жыл­ғы 1-18 қыркүйек аралығында Карелиядан М.Дулатовтың мүрдесі еліне жет­кізіліп, жер қойнына қайта табыс етіл­ді. Жангелдин ауданының Би­да­йық кең­шарында кесенесі тұрғы­зы­лып, мұ­ра­жайы ашылды.

Газетім ұсынған бұл киелі тақы­рып­қа әлі нүкте қойылмай келеді. Гүл­нәр Міржақыпқызын қатыстыра отырып, біраз рухани мәселелер шешімін табуда. Апай екі томдық кітап шығар­ды, кейін «Алаштың сөнбес жұл­дыз­дары» есте­лік­тер жинағының тұсауын 95 жасқа толғанда кесті. Бәрінде де әке­сіне қа­тыс­ты сөз өрбиді. Біз де кі­тап бастыр­дық. Нар қайысып көте­ре­тін тақырып болған соң, уақыт өткен сайын өзге де қаламгерлерге салмақ бөлініп түсуде. Бәрінің де Міржақып алдындағы парыз бен міндетке адал­дық тұрғысынан қа­райтыны қуантады.

Міржақыптың қайыра жерленуіне күдікпен қарап, ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Моңғолияда қай­тыс болды деп, еш қисынсыз байбалам салушыларға негізді тосқауыл қойыл­ғанын айтқанымыз абзал. Мақала авторы кешірім сұрап тынғанымен, оның кейбір тәуелсіз телеарналарда өзгеше сайрайтынын байқап қалып та жүрміз. Бұл не сонда? Беталды пікір айтуға бола ма екен? Сондай бейпіл ауыздарға соққы беру – тақырыптың жалғасына жатпағанда қайтеді? Бұл бір жағынан ұлттық мүддені қызғыштай қорудың төте жолы іспетті ғой.

Қазір Бидайық ауылының халі онша емес. Отыз шақты отбасы қалды. Был­тырғы оқу жылында оқушы саны мүлде аздықтан мектепті жабу мәсе­лесі күн тәртібіне қойылды. Небары – 19 бала­ның 9 сыныпқа қалай бөлінерін ойлай беріңіз. Ешкімге өкпе жоқ еді. Билік мектепті қалдырды. Қалдыр­ма­ғанда, ауыл ыдырап кетер еді. Сонда жұртта состиып Міржақып кесенесі мен мұра­жайы қалар еді. Түбі солай болатын шығар? Кезінде алаш арысы­ның мүрдесін кін­дік қаны тамған жері Қыз­белге немесе аудан орталығы Торғай селосына табыстау жөнінде айтылып, жазылған. Санас­пағандықтың кесірі. Ен­дігі нәти­жесі жан күйзелтеді.

Кесененің бір мүйісі қақ айырылып, құлағалы тұрғанын қостанайлық әртіс­тер «Міржақып» спектаклін облыс күн­деріне орайластырып Астанада сәтті қойған тұс­та жабығыңқы күймен айтып келді. Мір­жақыптың басына әдейі барып мінәжат еткен ғой. Мұра­жайы да мәз емес екен, жәдігер­лері жырым-жырым, бүлінген. Қыста аяз қарыған нәрсе оңушы ма еді. Кім көмек қолын ұсынар екен?

Әлгі аты дардай қойылыммен әртіс­тер Жангелдин, Амангелді аудандарында өнер көрсетіпті. Сонда кейбір әкім-қаралардың оны тамашалауға құлқы болмаған көрінеді. Бұл селқос­тық нені аңғартады. Түсіну қиын.

Алажаздай Міржақыптың туған ауылы Қызбел халқы Қоңыраулы өзені­нен алдымен құрттаған, кейін қызыл іріңді су ішіп отырды. Бұл тұрғысында «Еге­мен­нің» әлденеше рет қаққан дабылына аудан, облыс билігі қыңқ де­ме­ді. Мұн­дай енжарлыққа жол болсын.

Бір нәрсеге көзіміз жеткендей. Мір­жақыпқа қатысты тақырып уақыт керуе­ні­не ұласып, жалғаса беретін се­кілді. Өйткені, оянуымыз бен ойлануымыз қабыс­пай жатқандай-ау! Осы екі ортада безек қағып, тілші жүр­ме­генде қай­теді? Намыс жыртуға жаралған жорналшының басқа амалы жоқ қой.

СЫРБАЙ МӘУЛЕНОВ: «Мен де өзіңдей меншікті тілші кезімде редак­цияға хат жөнелтемін деп жүріп, қас­қырға жем бола жаздағанмын». Сыр­ағаң­мен де жете таныстырған «Егеменім» еді. Торғайда тілші болмасам, күндей күркі­реген адуынды да, жан иірімін саф самалымен жаңғыр­тат­ын сыршыл да, табиғатшыл ақын­ның маңайына етене жақындаса алар ма едім, бәлкім. 1992 жылдың шілде айында Сырағаң 70 жасын тойлауға Торғайға келді. Арқа­лық­тан қарсы алып, елді аралаттық. Сонда біте қай­на­сып кеткендей болдық. Әрине, тіл­шілік тапсырмам да бұлтиып бүйре­гімде жүреді. Мерейтойдың мейі­рімді шақтарын әуелгіде хабар-ошармен, кейін мол пішіммен оқырман­дары­мызға жеткізгенбіз.

Сырағаңның маңайына жұғысу қиын ба десем, таяз ойлаппын ғой. Көңіл райы түссе, нағыз ежіл-қожыл­дың адамы екен. Жүрегі елжіреп, ботасын аймалаған аруанадай жанарынан шуақ төгіліп, бауырына басып, жалпақ алақанымен жауырыныңнан қағып-қағып қояды. Бұл ықыласына мәз болып, баласындай еркелегің келіп кетеді. Өзі де еркелеткісі келіп отыр екен: «Білесің бе, мен сенімен газеттеспін ғой», – деп еркін әңгімеге шақырды. Біл­мей ше? Қостанайдың «Боль­ше­вик­тік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») га­зетінде меншікті тілші, кейін редак­тор­дың орынбасары болған. Жымиып, басымды изеймін.

«Қайран, тілшілік өмір! – деп алып, Сырағаң сағымды жылдарынан сыр суыртпақтай жөнелді. – Жаяулап-жалпылап сапарларға шығушы едік. Бір жолы Федоров ауданын қыстың көзі қырауда ат-шанамен аралап, апталап боранмен алысқанмын. Сөйте жүріп қаншама қойын дәптерлер толтырылды. Қызық өзі, қауіп-қатерді сезін­бей­сің. Көрсем, білсем дейсің. Жазсам дейсің. Қаламсабым – автоматтан бетер айбарлы секілді. Пәле-жала үркіп тұратын­дай. Бір жолы редакцияға қалай да материалды үлгертемін деп, стансаға жаяу борасында тартып кетейін. Әудем жер. Бұталы, тобыл­ғылы, сай-жыралы еңіс еді. Анадайдан сұр көкжалдың сұл­басы қылаң ете қалды. Біткен жерім осы шығар дегем. Қапталдасқан қас­қы­рың­ның өзі қағы­нып, жоламай қойсын қасы­ма… Қаламсаптың киесі болатынына сол жолы көзім анық жеткен. Қал­тамдағы «қаруымды» жалма-жан разыланып, қысып-қысып қойдым».

Осы, міне, Сырағаңның тілшіліктен бір қызық сыры.

Кейін, наурыздың түтеген май боранында өзім де далада қалдым. Қарыс жердегі жылқышы ауылына жете алмай, діңкеледік. Жентектеле соққан қар­дан көлігіміз белуардан енді қайтып босамайтындай, батты. Түн көзге түрт­кісіз. Шарасыздан жаяулап тарт­тық. Адам­ның бойы суынса, ойы да суынады екен. Ға­йыптан Сырағаңның қас­қырмен аңдыс­қан сәті зу етіп миыма шапшып шық­пасын ба? Құдай-ау, сол қасқыр ғой мынау! Бауырлай жылжып, жүргізушіні тарпа бас салатындай. Ту сыртындағы мен байқап қалдым. Серігім оппа қар­мен ауыр адымдайды. Сақ етіп ауыз салар-ау деген андағай сәтте қол фонарымды жа­ғып кеп жіберейін. Солаң етіп сұм­пайы­лынған бірдеңе арда тайыншадай жонынан көз тайдырып, қағыс кетті…

Нені ойласаң, сол келеді деген осы. Сырағаңның сонау жылғы қасқырмен бетпе-бет келген әңгімесі санамның бір түпкірінде түлен түрткендей сергек жатушы еді. Сол ғапылдан оянып кетсе керек. Қасқырға әкеп мені де жо­лық­ты­рыпты. Аман қалдық. Қасқырды қалам­саптың киесінен үріккен ғой деп, топшылаймыз.

Тақырыпқа барар жолдың кейде осылай тым ауырлап кететіні бар. Жыл­қышының үйіне ілдалдалап жет­кен­біз. Үйде 10-12 жас шамасындағы жал­ғыз бала. Әкесі жылқы соңынан ығып кетіпті. Шешесі қалаға бір бастыққа тай сойып әкетіпті. Ысытқан құрт кө­же­ні сораптап отырып, әңгіме со­ға­йық. Әке – депутат. Үйде сирек қона­ды. Жылқыны негізінен көмекшілері қайы­рып, бағады. Жиі-жиі жиналысқа шапқылайды. Кейде алыс сапарлардан ұзақ жүріп оралады. Шешесінде де таусылмайтын шек­сіз жұмыс. Әлдекімге қазы-қарта тасудан жалықпайды. Қыс­қа­сы, қолдары ұзын. Тікұшақпен бұл үйге не қажеттің бәрін төгіп тастайды екен. Азық-түлігің бе, дүние-мүлкің бе, талғамай жарыл­қайды. Үлкен қала­лар­да үйлері көп екен. Аға-апалары көбіне шетелге қы­ды­рады. Әрқай­сы­сын­да қос-қостан керемет көлік. Өзінің оқуын сұрасақ, мұғалім жалдап беріпті.

Баланың әңгімесін бас шайқап отырып тыңдадық.

Жазылмай қалатын тақырып та болады екен. Қалам жүрмей қойды. Бір­деңеден секемденіп, сескендік білем… Мүмкін, әке-шешесімен тілдеспе­ген­дік­тен жазуды қолдай көрмеген шы­ғар­мыз. Әйтеуір, тартпай қойды. Жазамыз деп барып, жазбай тастадық…

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ: «Еге­меннің» 90 жылдығы тойының өзінен тау­сылмайтын талай тақырып суырт­пақ­тауға болады». 2009 жылғы 23-25 жел­тоқ­сан аралығында Астанада «Егемен Қа­зақстан» газетінің 90 жылдық тойы өтті. Газет басшылығы тойға жан-жақтан келе­тін әр тұлғаға дербес адам бекітіп қойды. Менің «мен­ші­гімде» – Әзілхан Нұр­шайықов! Ал кеп кірісейін міндетіме.

Алдымен әуежайдан күтіп алдым. Әзағам қолында дипломаты бар, домаланып қасындағы бойшаң бір жігіттің қолтығына тығылып, жолаушылардың басы боп көрінгенімен, жүк алатын жерде тосылып қалды. Кітаптарынсыз жүрмейтін, соны алмағын шамаладым. Көп күттірген жоқ. Тағы бір кісі қол­дасып қомақты қапшықты қампайтып алып келді. Зілдей. «2-3 кітабымның әрқайсысынан 90 данадан әкеліп едім. 90 жылдыққа шашуым ғой», деп Әзағаң байғазысыз жүрмейтін әдетінің мәнісін түсіндіріп жатыр.

Қонағымды «Данияр» мейманханасы­на түсірдім. Одан әрі той іс-шара­лары­ның аясындағы бағдарламаларға бағына қи­мыл­дадық. Опера теат­рын­дағы салтанатты кеште Әзағаң жазға­нын көсілтіп оқып берді. Маңайында өңкей газет ардагерлері тұрған-тын. «Еге­менмен» түйдей құрдас Саламат Хайдаров атамыз, тағы басқалар төл газетінің сарғайған парақтарындай шиы­рылған шежірені тарқата түсті. Өнеге. Өріс. Өскен өркен. Тағылым. Тоқ­таңыз – Тақырып!

Залда, Әзағаңмен иықтаса отырып, ол кісінің кеше: «Газет тойының өзі тың тақырыптар ұсынады. Бейқам болма, айналайын. Жадыңа тұта біл, есті сөз­дер­ді», деген ақылын санамда қайыра жаңғырттым. Әркімнің жүрек­пен айт­қан­дарына ықыластана түсем. Шынында да, газет жүріп өткен сан қилы соқ­пақтар түгесілмейтін мақала тақы­рып­тары секілді емес пе. Тек, көркемдік сүзгісінен өткізіп, жан бітіре біл. Енді байқадым, залдан шығарда, қойын дәптеріме біраз жазу түрткенімді.

Салтанат сарайындағы мерекелік дас­тар­қан талғамды рухани нәрімен есте қалды. Сөйленген сөзден ғибрат мол болды… Мұхтар, Ғабит, Сәбиттер ағын­дап тілек қосқандай төгілтеді. Шырқалған ән­нен кешегі ғажап дауыстар естілгендей еді… Әміредей жез­таң­дайлар көмей бүл­кілдеткендей ғой. Биден ше? Мың бұрал­ған қимыл құб­ы­лысынан – Шаралар тірі­ліп түскендей. Күй-аңыз бабалар үніндей бебеу­лей­ді… Дина анамыздың күйіне Жам­был атамыз құлақ тосыпты, әне… Қайран тіршілік: бәрі-бәрі болған, жым-жылас озған… Осыларды кезінде газет наси­хат­таған, әлі де жалықпайды ол парызынан. Өткен дәуір бүгінге жалғасып жатыр ғой. Демек, тақырыпта толас жоқ, тек ебін тауып, өзге қырынан жарқырата білген жөн. Әзағаң біліп айтады екен ғой.

Әзағаңды талай кейіпкерлері қонақ етпек боп, қолдарына түсіре алмады. Соның бірі біздің әріптесіміз Гүлзира. Оның өкінішін бумалы 90 кітаптың бірі­мен бастық. Әйтеуір, өзгелердің де жа­бың­қы қабағын кітап жадыратып жібе­реді. Ал Оразбек Аймақұлы ақса­қал­дың шақыруын амалсыздан қабыл алды. «Оразбек бәйбішесі Ай-апа қажы екеуі Халиманың басына тәу етіп, дұға оқып, кейін сюжетті бейнетаспа түсі­ріп, зор ілти­пат көрсетіп еді, дәм татып шыға­йық», деп ықылас та­нытқан. Әзағаң қажылар шаңы­рағы­нан аса көңілденіп, марқайып аттанған болатын. «Міне, та­қы­рып қаншама: келіні ән айтады, неме­ресі тақпақтайды, балалары зәулім үй салыпты, қос бәй­те­рек сөзімен үлгі екен», деп халық жазушысы тілші пақырыңызға көп нәрсені меңзеген.

Ара-арасында Астананы аралатып қоямын. Қуанып, дедектей жөнеледі. Қо­лы­нан фототүсіргішін тастамайды. Есіл мұзына аяғын жеңіл сырғытып тұ­рып, Ертісті, Жайықты, т.б. өзен­дер­ді еске алды. Абай, Жамбыл, Бауыржан, Әлия ескерткіштеріне тағзым етіп: «Шіркін-ай, менің Мәншүгіммен қатар тұрар ма еді. Шығыстың қос жұлдызын ажыра­ту­ға болмайды ғой», деп әлденеге ре­ніш білдірді. Өкіні­ші­нің өзінен та­қы­рыптар қоздап жат­қан­дай. Рас-ау!

Әзағаңды қайда апарсам да – алдымда тақырып өріп жүретіндей елес пайда болды бойымда. Бастапқы бір сөзі­нің қуаты қандай! Шынында да «Егемен» тойы – тақырып тауып беріп, байыта түсетін тұма бұлақ көзіндей екеніне көзім жетті.

Әзағаңды қолтықтап жүріп, тақы­рып атаулыдан жем жегендей күй кеш­кенімді енді сезіп отырмын. Әзағаңның өзі де – тақырып тылсымы екен!

ҚАЛАМЫМ ЖАЗЫПТЫ. Иә, тақырып сайлы болса – қалам майлы болады екен. Тапқаныңды қызғыштай қорып, оқырман кәдесіне жаратудың өзі, ғанибет қой. Тақырыптың да талан, талайы бар: біреуге жағарсың, енді біріне жақпассың. Іліп жазғанды кім жақтырады. Ерін бауырына алып тулайтындары да кездеседі. Мақаладан өз бейнесін көріп, іші сезген соң сөйтеді де. Бола берсін. Тілші шындық жағында. Солай қалыптасқан. Ешкімнің көңіліне қарамайды. Тез қасында қисық ағаш жатпайды. Тәуелсіздікке қалтқысыз қызметтің алтын тіні осы болса керек.

Тақырып таяз болса, жазғаның жасық шығады екен. Терең тақырып теңіздей тулайды. Уақытпен жарыса зулайды. Таңдауымыз түңілтпесін. Тамыр бүлкіліндегі тақырыптарда толас болмасын. Жазар көбейсін!

Қайсар ӘЛІМ.