Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2018

«ICECCO-2018» ғылыми конференциясы өтті

602 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сүлеймен Демирел атындағы университетте жоғары оқу орындарымен түрлі салалардағы идеялар мен соңғы зерттеулер нәтижелерін біріктіруге бағытталған Халықаралық Электрондық компьютер және есептеу техникасы (International Conference on Electronics Computer and Computation - ICECCO конференциясы өтті.

«ICECCO-2018» ғылыми конференциясы өтті

Ғылыми тәжірибелер алаңына басқосуға отандық жас ғалымдар, шетелдік сарапшылар қатысты, олардың қатарында АҚШ-тың Пердью, Нигерияның Нил университетінен келген және де Назарбаев университетінің профессорлары ғылыми еңбектерімен бөлісті.

Шетелдік қонақтарға қазақтың қонақжайлық дәстүрімен ерекше сый-құрмет жасалды. СДУ ректоры Қанат Қожахмет пен Инженерлік және жаратылыстану факультетінің деканы Мейрамбек Жапаров бүгінгі тәжірибе алаңының маңыздылығын атап өтті. Ғалымдар замануи трендтегі IT саласының жан-жақты бағыттары бойынша кәсіби тақырыптарды кеңінен талқылады. Жобаға 35 ғылыми жұмыс қабылданса, олардың 25-і отандық авторлардан, 10-ы СДУ университетінің жас ғалымдарының зерттеулері болып табылады. Таратылған интеллектуалды жүйелер, медициналық информатика, жасанды интеллект, ғылыми есептеулер, сандық сигналдарды өңдеу, инженерлік моделдеу және бақылау, бағдарламалық қамтамасыз етуді жобалау, есептеу (есептеу ғылымдары), компьютерлік көру, қызықты қосымшалар және бағдарламалау тілдері сынды түрлі өзекті тақырыптарды қамтыған ғылыми жұмыстар қатысушылар тарапынан жоғары бағасын алып, зор қызығушылық туғызды.

АҚШ-тың Пердью университетінен келген профессор Эрик Мэтсон ғылыми еңбегінде замануи технологиялар мүмкіндігімен дрондар арқылы лаңкестік актілерінің жасалу қаупі, онымен күресу жолдарын түсіндірді.

Конференцияғңа келгеніне жылы лебізін білдірген сарапшы Эрик Мэтсон жас ғалымдардың ғылыми тұрғыда жаңа технологиялармен байланысты мүмкіндіктерімен қатар қоғамда болып жатқан түрлі мәселелерді көтеруіне өз бағасын беріп, ғылыми жұмыстардың мазмұны мен мағынасы өте сапалы деген пікірін білдірді.

Жас ғалымдар мен докторанттар электронды компьютер және есептеу техникаларының барлық аспектілерінен оқу-әдістемелік жұмыстарын, жүз тану ғылымы бойынша күрделі алгоритм, микрооқулықтарды әзірлеу және тәжірибе жүзінде пайдалану сияқты түрлі зерттеулерін жиынға қатысушы ғалымдар қауымдастығының назарына ұсынды.

СДУ аға оқытушысы Джемиль Тұран «Конференцияда талқыланып жатқан түрлі тақырыптар ең алдымен ғалымдарға зор тәжірибе алмасу мүмкіндігін әрі зерттеу саласына тың серпіліс береді» деген пікірін білдірді.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ