Аделайда қаласында өткен бәсекеге ол қазақтың әнімен және Қазақстан мен Ресейдің туын ұстап шықты. Осы күнге дейін алты жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен жергілікті спортшыАлекс Горджеске қарсы кездесу үш раундқа созылды. Бәсекенің басынан аяғына дейін өте сауатты қимылдаған Дамир күмәнсіз жеңіске жетті. Қандасымыз тік тұрып айқасқанда да, күресте де қарсыласына қарағанда әлдеқайда алымды көрінді. Барлық төрешілер қазақтың қайсар ұлының мықтылығын бірауыздан мойындады. Есеп – 30-25, 30-26 және 30-26.Осылайша, Исмағұловтың есімі әлемдегі ең үздік промоушнде жеңіске жеткен тұңғыш қазақ спортшысы ретінде тарихта қалды.
Жарыс қарсаңында қобалжығаным рас. Қанша дегенмен, бұл – менің UFC-дегі тұсаукесер кездесуім ғой. Бір апта бойы дұрыс ұйықтай алмадым. Жергілікті ауа-райына да бейімделу де оңай болмады. Соған қарамастан көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Осы жарыс барысында көптеген адамдар «мынау қай елдің туы?» деп сұрап жатты. Мен кең байтақ Қазақстанның байрағы деп айттым. Ең бастысы, енді олар қазақтың жігіттері қаншалықты қайратты екенін білетін болады, – дейді Дамир.
Естеріңізге сала кетейік, 27 жастағы Дамир Исмағұловтың осы спорт түрін серік еткелі төрт жылдан енді асты. Сол уақыт аралығында ол 19 мәрте айқас алаңына шығып, 17 рет жеңіс тойын тойлады. 10 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Қазақ спортшысы кезінде Ресейдің М-1 Global нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»