1991 жылдың 24 мамырында туған Виктор Сведберг әлемдегі ең бойшаң хоккейшілердің қатарында. Оның бойы – 203 сантиметр. Спорттық карьерасын өз елінде бастаған қорғаушы бірқатар белді командалардың қатарында өнер көрсетті. 2013 жылы Америка хоккей лигасындағы (АХЛ) «Рокфорд Айсхогстің» жейдесін киген Скандинавия түбегінің түлегі Ұлттық хоккей лигасындағы (ҰХЛ)«Чикаго Блэкхокстің»сапына ауысты. 2015-2016 жылғы маусымда айтулы команданың құрамында 27 рет мұз айдынына шыққан Сведберг екі гол соғып, екі рет нәтижелі пас берді. Одан кейін ол қайта АХЛ-да ойнады. Кейіннен Швецияға оралып, «Линчепинг»клубының намысын қорғады.
Еске сала кетейік, қазіргі кезде «Барыс» ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінде тоғызыншы орында келеді. 32 кездесу өткізген жерлестеріміз 44 ұпайды еншіледі. Ал осындай тәжірибесі зор хоккейші қатарға қосылса, астаналық клубтың қорғаныс шебіндегі біраз олқылықтың орнын толады деген үміттеміз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»