29 Ақпан, 2012

Қасқыр-ана

569 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қасқыр-ана

Ұядағы ұл мен қиядағы қыздың қам-қарекетін ойлап, миым «ашып» келе жатқанымда ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. «Қорамсаққа» қол салып ем, ар жақтағы әйел үні: «Танып тұрсың ба, Тұрахан апаң ғой» деді. Қапелімде күмілжіп қалдым. Таныстардың дауысын танымай қалғанда өстетін әдетім бар. Әйел үні: «Таныдың ба?» деді тағы. «Иә» деп өтірік айтуға ұятым жібермеді. «Жоқ» деп ем, дауыс иесі ұялы телефонын «өшіре» салды. «Ал саған керек болса! Мынау кім де болса тегін адам болмады…» деп ойладым.

 

Ұядағы ұл мен қиядағы қыздың қам-қарекетін ойлап, миым «ашып» келе жатқанымда ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. «Қорамсаққа» қол салып ем, ар жақтағы әйел үні: «Танып тұрсың ба, Тұрахан апаң ғой» деді. Қапелімде күмілжіп қалдым. Таныстардың дауысын танымай қалғанда өстетін әдетім бар. Әйел үні: «Таныдың ба?» деді тағы. «Иә» деп өтірік айтуға ұятым жібермеді. «Жоқ» деп ем, дауыс иесі ұялы телефонын «өшіре» салды. «Ал саған керек болса! Мынау кім де болса тегін адам болмады…» деп ойладым.

Сосын байланысқа өзім шығып, сөзімнің біссімілләсін «Ало, кешіріңіз…» деп, жұмсақтау бастадым. «Неғып танымай қалдың, Асанәлі Әшімовтің кітабына жазған Тұрахан апаңмын ғой…» деді бұл жолы дауыс иесі. «Қиналған Жамбыл жер осы» дегендей, мұндай ұялмас­­­пын! Осыдан екі жылдай уақыт бұрын, Тал­­­ғардың маңындағы ауылда, одан кейін М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрдағы актерлер бөлмесінде сағаттап отырып әңгімелескен, әңгімелесіп отырып қара нардай қайсарлығына бас иген Тұрахан Сыды­­­қованың дауысын танымай қара басыппын. «Танымай қалу» дегеннің ар жағында «менсінбеу» деген бұзық ой да қылтиып тұрады емес пе, менде ондай жоқ екенін білдіріп, «кешіріңіз, күнде жазу, күнде ондаған адамдармен сөйлесу, жұмысбасты журналист ініңізді әбден «алжытты», апа» деп, ақталып жатырмын.

Қайран да қайран қайсар апам менің. Танысуымыз да қызық болды өзі. Ә дегенде аты-шулы «Келін» фильмінен түрі мен мінезін көрдім. Шетел кинематографиясының құлағын ұста­­­ған­­дар мұндай типаж актрисаларды кинодан ки­­­но­­­ға тартып, қашан Оскар сыйлығын алғанша екі аяғын жерге тигізбейді. Тағдыр тауқыметімен алысқан, табиғаттың тасыр мінезімен күрескен, тау көкжалы – қасқырдың өзімен «тіл табысқан» актриса-ананы қалайша құрмет тұтпайсың?! Фильмді көріп отырып «Ойпырай, мына актриса кім болды екен?» деп аласұрғам. Қырғыз ба, әлде саха, тува, хакас сияқты аз ұлттардың дарабоз дарындарының бірі ме? Неге екенін қайдам, Ене рөліндегі қайсар кемпірді қазақ актрисасы ойнап шықты деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Сөйтсем, ол Хантәңірі шыңының бау­­­райындағы ханжайлауды жайлаған ақынжанды халықтың қайсар қыздарының бірі екен ғой.

Құдамыз Әбжан Талғарға қарай баратын күре жолдың бойындағы шағын ауылдардың бірінде тұрады. Бұл қарсы алдынан ақ бас Алатау асқақтап шақырып тұратын керемет сұлу жер өзі. Құдамның қонақтарының бас-аяғы тү­­­гел жиналып қалған сәтте бір дегдар кейуана келіп сырт­­­тағы үстелдің шетіне жайғасты. Әбекең: «Бұл кісі «Келін» фильміндегі ененің рөлін ойнаған апамыз» демегенде мән беруіміз екіталай еді, аты-жөнін естуім мұң, отырған орнымнан ұшып тұрдым. Мұндай қуанбаспын, өйткені фильм арқылы «танысып», фильм арқылы өнеріне тәнті болған жұмбақ актриса тура алдымда отыр.

– Апа, мүмкін болса, дастарқаннан кейін бір сәт уақытыңызды бөлсеңіз.

– Жарайды, бірге барайық, мен бір-екі үйден кейін тұрамын, – деді ол.

Бірақ ас желініп, құран оқылып, бата беріліп болған соң Тұрахан апамды іздеп далаға шық­­­сам… жоқ. Құдамнан сұрап ем, үйін көрсетті. Барсам апам үйін жинастырып жүр екен.

– Үйіміздің түрі осы, – деді, ол әлі толық бітпеген баспанасына ыңғайсызданғандай, – бітіре алмай жатырмыз.

– Ой, апа, біздің мұндай да үйіміз жоқ, – деп көңілін ауладым.

Тұрахан апа Алматыдағы «Алмагүл» шағын ауданындағы 3 бөлмелі пәтерін сатып, Айсұлу по­селкесіне көшіп келіпті. Бұл жерде, әрине, қала­­­дағыдай үйге келіп тұрған дайын газ бен су жоқ. Ауыз суды сатып алса, бау-бақшасын суғаратын суды бөшкеге құйып алады. Газды балонмен әкеліп сатады. Қыста үйді пешпен жылытады. Ол үшін көмір түсіріп, оны жағу керек. Мұның бәрін Тұрахан жалғыз өзі атқара алмас еді, Азамат атты баласы көмектеседі екен. Қазақша оқып, қазақы тәрбиемен өскен ұл да қаланың у-шуынан гөрі, ен даладағы еркіндікті жақсы көрем дейді.

Ал Тұрахан Сыдықованың өзіне келсек, ол Алматыға өнер іздеп сонау 1966 жылы келіпті. Шүу дегенде Нарынқол ауданындағы халық теат­­­рының сахнасында ойнаған. Облыстық байқауда бірінші орынды жеңіп алыпты. Содан кейін Ал­матыдағы «әкемтеатрдың» есігін именбей ашудың сәті түскен. Алматы – мәдениет пен өнердің үлкен ордасы ғой. Шәкен Айманов ағасын сыртынан көріп тәлім алса, Серке Қожамқұлов, Асқар Тоқ­­­­панов, Ыдырыс Ноғайбаевтарды елден ерек құр­мет тұтыпты. «Қаракөздегі» рөлі сәтті шыққанда Сераға, тіпті, риза болып, жақсы лебіз білдіріпті.

Бүгінде Тұрахан Сыдықованың Әуезов театрында актриса болып қызмет еткеніне 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ол көптеген спектакльдерде ойнап, көптеген бейнелерді сахнаға шығарды. Ұзын-ырғасы 22 фильмге түсіпті. Ал 22 фильм деген 22 рөл ғой. Қазақ киносынан басқа, Польша, Италия елдерінің киноларына да түскен. Сахналық өмір жолында эпизодтық рөлдер де, діңгек сияқты тұлғалы образдар да болды. Белгілі режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» филь­мі – Тұраханның кино өнеріндегі дебюті. Онда ол басты қаһармандардың бірінің зайыбы болып ойнады. Ал өзі, негізінен, театр сахнасында еңбек етіп ке­­­ле­ді. Режиссер Болат Ата­­­баевтың «Ша­ға­ла» спек­­­таклін­­­де­­­гі мыл­қаудың рөлі «Ке­­­лін» фильміндегі Ене бей­­­­не­сінің бастауы бол­­­ған сияқты.

Қазақ қаламгерлері мен киносыншыларының біржақтылығы сол, осы фильмдегі кейбір өрескел көріністер мен тарихи деректер мен дәйектерге қа­­­тысты көп шулады да, ал Ене рөлін ойнаған актриса талантының тылсым сыры туралы тіс жар­­­мады. Қайта орыс тілінде жазатын қандас ағайын­­­дар Ене рөлін дәріптеу арқылы Тұраханды Тә­­­ңір­­­­­таудың шыңына шы­­­ғармаса да, бір көтеріп тастаған. Өйткені, фильм­­­­­­­ді көтеріп тұрған Келін де емес, ондағы өрескел көріністер де емес, ұрпақ жалғастығын ойлаған абыз ананың өлермен образы еді. Тұрахан соны голливудтық шеберлікпен көрсетуге тырысты десек асыра мақтағандық емес.

Қазақта «Тегін адам таз болмайды» деген сөз бар. Тұрахан да тегін адам емес. Ата-тегін әкесі жағынан таратсақ арғы ата-бабасы қалың қол бас­­­таған Райымбек батырдың нақ өзі болып шығады. Дәлірек айтсақ, Тұрахан – Райымбек батырдың туған ұрпағы. Сон­­­дай-ақ, Алаштың ақиық ақын ұлы Мұқағали Мақа­­­таевпен жақын туыс. Ертеректе Мұқағали үйіне келгенде Тұраханды мойнына мінгізіп алып, «мына қыздың көзінің оты бар» дейді екен. «Кейін Мұ­қағали аға Алматыда тағдыр теперішін көріп жүргенде «қарындасым» деп іздеп келіп, демалып кететін. «Қыз бір ат дорба жемге жарайды» деген осы. Мұқаңды ешкім түсінбеді ғой кезінде» дейді Тұрахан ағасы туралы мұңая еске алып. Ал анасы жағынан таратсақ Тұрахан – «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ақын Жамбылдың да ұрпағына жатады.

Әке-шешесі қарапайым шаруа болса да рухы анау-мынау дауылдарыңа дес бермейтін сексеуіл­­­дей мықты адамдар болыпты. Ақылға кенен, тілге шешен, іске ілкімді болған соң ба, Тұрахан апаның әкесі Сыдық Тұржанов көп жыл ұжымшар төр­­­ағасы болыпты. Әкесі Сыдық пен анасы Биша соғысқа көмек ретінде астық жіберуді ұйымдас­­­тырған. Ата-аналары, сондай-ақ, домбырада ойнап, сахнада өнер көрсетіп, қобыз тартуды да шеккі көрмепті. Сол Сыдық әке: «адам ұрпақтарын өз өмірін құрметпен еске алатындай тәрбиелеп, өсі­­руі керек» деп отырады екен. Тұрахан апа әке­­­сінің сол өсиетін ұлы Азаматқа үйретіп жүр. Азамат та өзінің өнердегі алғашқы қадамын тәй-тәй баса бастапты. Сіңлісі Гүлнәр Сыдықова Жетіген ауылында тұрады. Ол француз тілінің маманы.

Қобызды Тұрахан туралы әңгімедегі ең басты тақырып десек те болады.

– Сыдықтың әулетінде ертеде дәулескер қобызшы болған деп ауыл ақсақалдары әңгіме етіп отыратын. Сол құдіретті өнер арада көп жылдар өткенде маған қонды-ау деп ойлаймын. Өйткені, қолыма алғаш рет қобыз алғанда бойымда зарлы үні сай-сүйегіңді сырқыра­­­татын өнерді тезірек меңгерсем екен деген ерекше бір құштарлық пайда болды. Қазір сол арманымның орындалғанына өзімді шын бақытты сезінемін. Бірақ бұл арман сүйектері «қатайып» қалған маған оңайға соққан жоқ. Көп уақыттар бойы үйрендім. Қобыз тарту өнерінің басында аты аңызға айналған ұлы түркі – Қорқыт ата тұрғаны белгілі. Қобызды алғаш рет ойлап тауып, алғаш рет күңіренте күй тартқан да осы ұлы абыз деседі. Оның күйлері бүгінде қазақ музыка өнерінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі жұрты саз өне­рінің баға жетпес мұрасына айналған. Сондықтан басқа емес, тура Қорқыт ата күйлерінің жазбасын іздедім. Ақыры таптым. Оны музыкант болмасам да күйге түсірдім. Қазір олар жарыққа шығып, кез келген қобызшы тарта алатын ортақ қазынаға айналды. Тіпті бір музыкалық байқауда Қорқыт атаның күйлерін орындау құрметіне бөлендім.

Қобызда ойнау менің бақсы рөлдерінде ойнауыма мүмкіндік берді. Тіпті бірде Елубай Өмір­­­зақовтың баяғы «Алдар көсе» фильмінде Бақсы болып ойнағанда пайдаланған киімдерін киіп, таяғын ұстап, жақсылыққа ырым еткенім де бар. Мысалы, «Келін» фильміне түсердің алдында түс көрдім. Түсімде Әмина Өмірзақова маған қарап жымиып күліп тұр екен. Мен мұны талантты актрисаның қолдап, қорғап жүргені деп жорыдым. Көп ұзамай «Келін» фильмінің киносына түскен 20-30 актрисаның ішінен режиссер мені таңдады. Ермек Тұрсыновтың «Апа, маған қараңызшы» дегенін әлі ұмытпаймын. «Ал саған қараған керек болса» деп көзіне көзімді қадап «атып» жіберіп едім, «Ойбай, болды, Ұмай ана мына кісі екен» деп салды…

Актриса Тұрахан Сыдықова Кетбұға баба болып ойнаған күні көрермендер немесе театрға келген өнер иелері рөлдегі ер адам деп ойлап қалады екен. Өйткені, Кетбұғаны Тұрахандай ешкім сомдай алмайды. Ол үшін туа бітті қобызшы болуың керек-дүр. Ал қобызды «көтере» алатын, яғни «қасиет қон­ған» адам ғана ұстайды деген түсінік бар. Қон­­баса, дұрысы, оған жоламаған. Ал Райымбек батыр­дың ұрпағына қобызшылық қонбауы мүмкін емес сияқты. Өйткені, жеті атасында да қобыз ұстаған адам болыпты дедік. Бірде сол атасы түсіне кіріп, «қобыз ұстайсың» депті. Содан бастап құлағында үнемі қобыз сарыны ызыңдап тұратын болған. Сосын музыкалық білімі жоқ болса да тәуекел деп консерваторияға барады. Онда атақты қобызшы Ықыластың немересі кездесе кетеді. Ол Тұрахан апасының жағдайын түсініп, ескі қобыз тауып бере­ді. Сөйтіп, саусақтары ә дегенде икемге келмей қат­ты қиналса да қасарысқан мінезіне басып қобызды ақыры үйреніп алады. Режиссер де осыған орай Кетбұғаның рөлін сеніп тапсырады. Қойылым да, оның ішінде Кетбұға рөлі өте табысты болады. Кет­бұға рөлі көңіл қы­лын шерткен көрермендер «Япырау, мына рөлдегі өнерлі шалды қайдан тапқан­сың­дар?» дейді екен бір-біріне сыбырлап. Біреуі анау, екіншісі мынау деп, тіпті, бәстесіп те қалады дейді. Сол кезде Асанәлі ме, Тұңғышбай ма біреуі: «Неменеге таласып жатырсыңдар, ол өзіміздің Тұрекең ғой» дейді екен гүрілдеп. Бірақ бәстескендер «Қойыңдар, мынау әйел адам емес қой» деп бәрібір сенбейді дейді. Міне, өнердің құдіреті!

Қара қобыздың қасиеті сол Тұраханның «Сталинге сыйлық» фильмінде де қобызшы болып ойнауына жол ашылды. «Көшпенділер» фильмінде де қобызшының рөлін берген. Режиссер Иван Пассер қобыз үнін көзінен мөлт-мөлт етіп жас ағып отырып тыңдайтын. Ал Докаскос болса мені «Қобыз апа» дейтін» деп еске алады Тұрахан.

Жә, қыл қобызды жаны жоқ ағаш делік, ал енді ет пен теріден жаралған пенденің азуы алты қарыс көкжал қасқырмен «тіл табысуы» деген қиынның қиыны, тіпті, адам өміріне төнген қауіптің қаупі емес пе? Оған жақындау тұрмақ, көзіне тік қараудың өзі жүрегінің түгі бар деген жігіттердің өзіне әжептәуір сын болатын ерлік қой! Тұрахан ұлы өнер абыройы үшін сол көкжал қасқырмен де тіл табысты…

– Бірде режиссер Ермек Тұрсынов: «Апа, бүгін қасқыр әкелеміз, сіз соны сауасыз» деп, маған «Не дер екен?» дегендей күдіктене қа­рады. Күлдім де қойдым. Әкем Сыдықтың Қа­ра­сазда қасқыр соғып алғаны бар болатын. Қо­раға кірген ғой… Көп ұзамай режиссер қас­қыр­ды алып келді. Айнала тізеден келетін қар. Қасқыр менен екі метр жерде ғана тұр. Оның ырылдағанын көріп киношылар дүркірей қашты. Әкем «қасқырдың көзіне тік қара» дей­тін. Сол есіме түсіп көкжалдың көзіне тесіліп тік қарап ем қасқыр да маған қадалып тұрып қалды. Екеуара «арбасу» біраз уақытқа созылды. Бір уақытта қасқырым айналып келіп мені иіскелей бастады. Иесі «Мына кісінің жағдайы не болар екен?» деп зәресі ұшып тұр екен, қуанып кетті. Сөйтіп, қасқыр иісімді алды. Мен де оның иісіне үйренім, сосын 4-5 күнде жотасын, сауырын сипай бастадым. Ішінде бөлтірігі бар екенін сездім, сипалап, қасыған сайын рахаттанып қалады. Былай барып ұлысам, ол да ұлып «жауап» қатады. Емшегін ұстап, сауған кезімде алғашқы кезде көнбеуші еді, кейін бұтын талтайтып тұра беретін болды. Сөйтіп, екі мұңлық, Ана-адам мен Ана-қасқыр екеуміз… жүрекпен ұғыстық.

– Мен, әрине, әртістердің отбасында туып-өскен жоқпын. Бірақ мылқаулар бейнесі мен мыл­­қау фильмдер таңсық емес. Орыстардың ондай фильмдері Қарасаз ауылына көшпелі кино­қон­­­дырғылар арқылы жиі келетін, – дейді Тұрахан.

Неміс режиссері Файт Хельмердің «Байқо­­ңыр» деп аталатын фильмінде Тұрахан Көрші­нің рөлін ойнайды. Бұл оның неміс режис­сер­лерінің киносына екінші рет түсуі. Бірінші рет Еуропа кино­­­­­­өне­­рінің көзі тірі классиктерінің бірі Фолькер Шлен­­­дорфтың «Ұлжан» фильміне түскен болатын.

Айтпақшы, қазақ киносыншылары үшін ке­лін емес, «келсап» бола жаздаған «Келін» филь­мі туралы Тұрахан Сыдықова:

– Бір жазушы теледидардан «Ке­лінді» жерден алып, жерге салып жамандап жатыр екен. Оныкі тасбауыр тағы замандағы қасқыр-ананың өз заманы мен өз салт-дәстүрі арқылы не айтпақ болғанын түсінбеген не тү­сін­гісі келмеген адамның сөзі. Мен өзім түскен 22 фильмнің ешқайсысында дәл осы фильм­дегідей жан-жүрегіммен езіліп, жан-жүрегіммен қиналған емеспін. Ақ қар, көк мұзда түз тағысымен бірге адам тағысы болып өмір сүрдім. Сондықтан келін-кепшік төңірегіндегі «дауды» айтпағанда, Ене рөлі менің болмысыма жақын болған­дық­тан оны осы күнге дейін ерекше құрмет тұта­мын. Сахна – Жаратушы мен көрермен алдына әртістің көңіліндегі адал махаббатымен аяқ басатын қасиетті орны десек, ал актерлік өнердің ең басты критерийі – көңілдің тазалығы мен ойдың тереңдігі, – деген Тұрахан Сыдықованың тұжырымына еріксіз қосыласыз.

Тұрахан бір сөзінде «Мен не көрмедім. Әзір­­­­байжан Мәмбетовті «ұрдым», Асанәлі Әші­мовпен «ұрыстым», ал Тұңғышбай Жаманқұ­лов жұмыс­тан шығарды» деп еді. Әрине, қал­жыңдап айтқан. Сол айтқандай, тағдырмен тартысып, қиындық­пен күресіп келе жатқан қасқыр-ана Тұраханға өнер мен өмір жолында тек қана табыс тілейміз.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.