Съезд Елбасының қазан айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудағы партияның рөлі жайында «Ауыл» ХДПП төрағасы Әли Бектаевтың баяндамасымен басталды.
– Бүгінгі съезд жұмысының Тұңғыш Президент күні мерекесімен тұспа-тұс келуінің символикалық мәні бар. Партиямыз құрылған сәттен-ақ Елбасының елдік жолындағы әрбір бастамасын қолдап, салиқалы саясатының жүйелі жақтаушысы болып келе жатқан «Ауыл» партиясы болашақта да ел мүддесі үшін саяси бағдарынан ауытқымақ емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы биылғы жылдың ең елеулі оқиғаларының бірі болды. Халықтың көкейінде жүрген келелі мәселелерді арқау еткен Жолдау бүгінге дейін әр өңірде үкіметтік ұйымдар мен қоғамдық құрылымдар тарапынан қызу талқыланып жатыр. Жолдау жарияланған сәттен бастап, әр аймақтағы партия жетекшілерінің мүшелері түрлі жиындарға қатысып, ой-пікірлерін білдіріп, белсенділік танытуда. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана мен Алматы секілді қалалық филиалдар тарапынан Елбасының Жолдауын талқылап, түсіндіру мақсатында бүгінге дейін 19 қоғамдық-саяси іс-шара өткізілді. Бұдан бөлек стратегиялық маңызды құжатты халыққа насихаттап, ондағы міндетті орындауға атсалысу мақсатында «Ауыл» партиясының 2018-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді, – деді партия жетекшісі.
Ауыл шаруашылығының даму қарқынына ықпал етіп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуды ұстаным еткен саяси ұйым бұл жиында бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе ауылдық жерлерде халық санының азаюы мен елді мекендердің селдіреп бара жатқаны жан-жақты талқыланды.
Бүгінде ауылдан қалаға көшіп жатқан халықтың қарасы көп. Бірақ барлығына бірдей жұмыс табыла бермейді. Қаладан баспана табу, балаларын балабақшалар мен мектептерге орналастыру бір мезетте шешілетін дүние емес. Сондықтан қалаға көшіп келген адамдардың барлығының жағдайы жақсы деп ешкім кесіп айта алмайды. Олардың арасынан тұрақты жұмыс таппай, әр жерде жалданып, жұмыс істеп, жалдамалы пәтерде табыстарын күнкөрісіне жеткізе алмай жүрген отбасылар қаншама. Міне, сондықтан да партия мүшелері ауыл тұрғындарын жергілікті жерде тұрақтандырып, инфрақұрылымды дамытудың, білім мен денсаулық сақтау мекемелерінің деңгейін көтерудің тиянақты шараларын қарастыру жөнінде Үкіметке ұсыныстар енгізіп, олардың орындалуына атсалысуды көздеп отыр. Оның ішінде шалғай орналасқан немесе шекара маңындағы елді мекендерді сақтап қалу мәселесі айрықша орын алады. Соған сай урбанизацияға қарсы ұтымды жұмыстар жүргізілмек. Себебі ауыл салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі дейді съезге қатысушылар. Бұл ретте алыс аймақта шаруашылығын күйттеп, кәсіпкерлікпен айналысып отырған жұртшылық мемлекеттік қолдау мен еңбегіне сай марапатқа лайық деуге болады. Әрине бұл бағытта мемлекет те, партиялар да қалыс қалып отырған жоқ. Соған қарамастан бұл мәселе үнемі көңіл бөлуді қажет ететіні сөзсіз.
Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешендерді жабдықтау мәселесі өте өзекті болып отыр. Биыл ғана «Ауыл» партиясы Қостанай облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ауылшаруашылық машина жасаудың қазақстандық мазмұны» атты республикалық конференция өткізген еді. Парламент депутаттары, құзырлы министрлік басқармаларының өкілдері және ірі аграрлық кәсіпорындар жетекшілері бас қосқан жиында ауылшаруашылық мамандарын жаңа технологияларды пайдалануға ынталандыру, аймақтағы аграрлық секторды қайта техникалық жабдықтау секілді тақырыптарда сала мамандарының пікірлері тыңдалды. Сол жерде айтылған бірқатар жайттар негізінде депутаттық сауал әзірленіп, Үкімет басшысына жолданған. Ұсыныстардың негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тиісті шаралар қабылданып, ауыл шаруашылығын механикаландыру үшін 2019-2022 жылғы республикалық бюджеттен қомақты қаржы қаралды. Сондықтан мұндай басқосулар түйткілді мәселелердің күрмеуін шешіп, оңға басуына ықпал етеді. Мәселен, бүгінгі отырыста партия жетекшісі Ә.Бектаевтың айтуынша, Аграрлық сала мамандарын даярлайтын оқу орындары Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты болғанымен, мемлекеттік грантты Білім және ғылым министрлігі бөледі. Бұл грантты Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың қай мамандық иелеріне, қалай беру керектігін өздері реттегені дұрыс.
Қазір мал дәрігері мамандығы бойынша қызмет етіп жүргендердің орташа жасы 50-ден асады. Елдегі ең қажетті маманның алатын айлықтары 50 000-60 000 теңге көлемінде ғана. Осыдан соң университет қабырғасын аяқтап шыққан жас маман ауылға барғысы жоқ. Съезде бұл туралы да айтылды. Бірақ неғұрлым тиімді жолдарын қарастыру қажет дегеннен әрі аса алмай келеміз. Ал жоғарыда айтылған білім гранттарына Ауыл шаруашылығы министрлігі иелік етсе, бұл олқылық оңалар ма?!
Талқыға түскен тағы бір мәселе «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдің маңдайалды оқу орындарына, Назарбаев Университет пен Назарбаев зияткерлік мектептеріне ауыл балаларын жіберудің квотасын белгілеп, қосымша жеңілдіктер жасау туралы Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасау болды. Бұл аймақтардан келген өкілдердің де қызығушылығын тудырды.
Күн тәртібінде қаралған мәселелердің қатарында «Ауыл» ХДПП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалын бөлу жолымен «Ауыл» ХДПП-ның Түркістан облыстық филиалын және Шымкент қалалық филиалын құру қарастырылды. Сондай-ақ партия төрағасы аудандарда партия филиалдарын ашуды тапсырды.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»