Польшаның Фридерик Шопен атындағы әуежайда домбыра, қобыз және жетіген бір уақытта күй ойнады. Жолаушылар ерекше әуенді естіп, қойылымды көру үшін көптеп жиналды. Көрермендер қазақтың қасиетті күйлеріне ерекше тәнті болып, қол шапалақтап, қызықты қойылым үшін ризашылығын білдірді. Осы сәт Академия студенттерінің мың бұралған әсем билері көрермендер қошеметіне ие болды. Әуежайдағы естен кетпес концертті Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының музыканттары қойды. Бұл олардың Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай шетелдіктерге жасаған тосынсыйы болды.
Поляк көрермені Ханна: «Маған музыка мен би өте қатты ұнады. Сіздің елдің мәдениеті мен музыкасы әдемі. Қазақстанда болған емеспін. Бірақ ондай мүмкіндік туып жатса, қуана-қуана барамын» деп жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ, «Алатау» фольклорлық ансамблі Варшавадағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен болған салтанатты жиында халқымыздың әндері мен күйлерін орындаумен қатар, Еуропа елдерінің классикалық шығармаларын орындады. Мерекелік-мәдени көш Варшава сапарынан кейін 3-ші желтоқсан күні Прага қаласында жалғасып, артынша 5 желтоқсан күні Будапештте өз мәресіне жетеді.