Түркілік кеңістік пен уақыт бағдары
Ата қазақ жылды рухани-пәлсәпәлік жағынан бір біріне қайшы екі маусымға – алты ай қыс пен алты ай жазға бөлгенімен, тіршілік маусымын төртке жіктеген жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс делінеді. Аңдап қарасақ, табиғат құбылыстарын қазақша жыл маусымдарының атаулары дәл сипаттайтыны таңдандырмай қоймайды. Қыста табиғат – «қысылады», жазда – «жазылады», күзде – «күзеледі», ал көктемде – «көктейді». Әрбір жыл маусымы – 90 күннен, қалған бес күн «қонақ» аталып, соған сәйкес «Бесқонақ» әфсанасы қалыптасқан.
Уақыттың түркілік бейнесі мен танымы
Ата қазақ жылды рухани-пәлсәпәлік жағынан бір біріне қайшы екі маусымға – алты ай қыс пен алты ай жазға бөлгенімен, тіршілік маусымын төртке жіктеген жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс делінеді. Аңдап қарасақ, табиғат құбылыстарын қазақша жыл маусымдарының атаулары дәл сипаттайтыны таңдандырмай қоймайды. Қыста табиғат – «қысылады», жазда – «жазылады», күзде – «күзеледі», ал көктемде – «көктейді». Әрбір жыл маусымы – 90 күннен, қалған бес күн «қонақ» аталып, соған сәйкес «Бесқонақ» әфсанасы қалыптасқан.
Сөйтіп, жылдық уақыт төрт тоқсанға бөлініп, әр тоқсанның өзіне тән маусым сәйкестігі байқалады. Жыл басталатын жазғытұрымның «көктем» аталып, табиғат жаңару үдерісіне кіріссе, одан соң жаз келгенде жансыз заттың өзі бойын «жазып», күн жылынғанда көлемін ұлғайтатыны физикадан белгілі. Күзде табиғат біткен барлық өсу-өркендеу үдерісін тоқтатады да күзем қырқылып өсімдік біткен жапырағынан арыла бастайды – күзеледі. Ал қыста барлық үдеріс қаңтарылады. Қыстың нақ ортасын қазақ бабамның «қаңтар» деп айдар тағуы да содан.
Бұл таным мамандардың есебі бойынша бұдан 5-6 мың жыл бұрынғы делінетін, Алматының солтүстік-батысындағы, 170 шақырым жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттерде бейнеленген. Онда күндидары адамкейіпті – Тәңір мен түндидары – Іңір ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша сиыр жылының 4 маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, одан сәл жоғары да ала баспақ жайылып жүр. Ал оның сол жағында мүйізі қарағайдай бұқа жоғары қарап тұр. Одан төмен мүйізсіз көтерем сиыр тәлтіректейді. Осы көріністерден жылдың төрт мезгілін, яғни көктем, жаз, күз және қысты аңғаруға болады. Ал, аяқ жағын ала Наурызды мерекелеген он екі ай немесе он екі мүшелдің рөліндегі адамдар билеп жүр.
Бұл қаншама суреттен, жыл басының неге көктем болғандығы өзінен өзі түсінікті секілді. Көктемнің нышаны – жаңа туылған төл! Қыстың кейпін көтерем сиырдан көресің.
Наурыз турасындағы келесі бір назар аударарлық тарихи айғақ туралы да айта кетсек дейміз. Ол сақ-скифтердің алтын бұйымдарында бейнеленген, мифтік әрі астрологиялық мағынаға ие көріністер. Онда көптеген ұғым-нанымдар тайға таңба басқандай бейнеленген. Мысалы, мешіннің қозғалысына қарап – сол жылдың іс-әрекетке икемді болатынын, ұйқыдағы доңыз – қазына толы «сандықты» көрсететінін, ал дулыға бейнеленген қошқармүйіз ою қой жылғы туылған батырдың белгісін, оның Қошқар ата деген пірі болғандығын, ал сақина сипаттанған уақыт шеңбері: айдаһар, барыс, сиыр бейнелерін аңғартады.
Наурыздағы кейбір қазақы ғұрыптар
Мейрамның әрін ашатын әдет-ғұрып, салт-дәстүр болып табылады. Бүгінде өз алдына бөлектенген қазақы ғұрыптар мен рәсім ретінде танылған бірқатар құндылықтар – ежелгі түркілік наурыздан бізге жеткен. Солардың кейбіреуіне тоқталып көрелік.
Аластау. Жалпы, ол Тәңір-іңір дуализміндегі жарықтың, күннің рухы саналатын Тәңірге құрмет көрсету мен түнекті серпу, іңірді жарықпен әшекейлеу ырымы болуы керек. Алайда, оттың қасиетін паш етуді де жоққа шығаруға болмас. Отпен аластау қазір де бар. Демек, отпен аластау – энергетикалық ластан құтылудың түркілік бір жолы деп топшылаймыз.
Айтыс. Наурыздағы бір міндет – дуалистік қос тарап арасындағы теңгерім (баланс) үдерісі: ақ пен қара, жақсы мен жаман, күндіз бен түн, жарық пен қараңғы, аталық негіз бен аналық негіз, құт пен жұт …Ал, дуализмнің үйлесімі – қарсы тараптардың бейбіт тартысында, сайысында. Бұл көрініс қазақтың айтыс өнерінде арнайы миссиядай қалыптасқан. Айтыстың әуел бастағы туындау сәті де күн-түн арбасуына қатысты. Оның ішінде Наурызбен байланыстылығында. Сол себепті де, өлі мен тірінің айтысы, жаз бен қыстың айтысы, қыз бен жігіт айтысы, т.т. қосполюстік диалектикалық айтыс түрлері соған мысал.
Көкпар. Бұл ойынды Тәңір-іңір дуализмінің тайталасын өмірлік сайыстан ойындық талас проекциясы түрінде бейнелеген көшпелі түркілік жоралғылардың жалғасы деуге болады. Көкпарды тәжіктер де тартқан тәрізді. Және оны олар ежелгі кездерде негізінен Наурыз қарсаңында ғана ойнаған екен. Оған парсылар мен түркілердің ықпалдасуынан қалыптасқан этнос ретінде тәжіктерге тиесілі көкпардың «бозкаши» аталуы бізді қызықтырады. Себебі, «бозкаши» сөзі көкпар ойынының сипатын аша түсетін жаңа дерек деуге де келеді. «Бозкаши» қазақтың «боз қасқаны» (ақсарбасты) құрбанға шалған сәтті еске салады. Көкпардың әуелгі нұсқасы Наурызда, Нартуғанда, Ысыахта, Сабантойда құрбандыққа сойылған малды тарту жоралғысынан туындаған деген де дерек бар.
Алтыбақан. Алты сырықты тігінен үш-үштен бастарын мосы ағашындай байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу үдерісі көрініс тапқандай. Бізге жеткен әфсаналар бойынша алты күн ішінде жеті ғаламшар жаралды емес пе?! Ендеше, алты сырық – ғаламның жасампаз алты күні де, жетіншісі – әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан болуы мүмкін. Ал, бұларға бекітілген әлпеншек (маятник) Тәңір-іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы болар.
Оның үстіне, қазақтарда алтыбақанды күн батқанға дейін құрып бітіреді де, оны ойнау салтанаты күн батып, ай туған соң басталады. Кейде таң атқанша жалғасады. Бұл дегеніміз – түнектің киесі болып табылатын іңірге ырық бермеу ниетінің көрінісі мен жоралғысы. Ендеше ғаламдық қос тараптың тербелу үйлесімін орнату құралы – қазақтың алтыбақаны болған-ау!
Бастаңғы. Наурызға қатыстылығы әбден көмескіленген қазақы бір ғұрып – бастаңғы. Бұл әдет-ғұрып әзірде елдің әр жерінде түрліше ұғындырылады: біреулері жастардың ересектерден бөлек, ал енді бір өңірлерде қыз-келіншектердің оңаша отырысы дейді. Алайда, бұлар – қазақыланған бастаңғының жұрнақ нұсқасы ғана. Оның түпкі сыры бастаңғы сөзінің өзінде бүгулі жатқандай. «Бас» пен «таңғы» сөз тіркесінен құралған бұл отырыс әуел баста «оңашалықтан» гөрі жылдағы бас таңды қарсы алудан туындаған жоралғы болар деген ойдамыз. Оның үстіне түркітекті хуннулардың таңды қарсы алу туралы қытай жазбасы хабарлап отыр.
Жоғарыда сөз болған алтыбақан ғұрпы осы бастаңғы жоралғысының бір құрамтасы болар. Оның үстіне, бойжеткендердің ержеткендерге арнап әзірлейтін «Ұйқыашар» дастарқаны мен жігіттердің ғашықтарына сыйлайтын «Селтеткізері» де осы отырыстың сәнін келтіре түсетін, бүгінгі «сюрприз» дәстүріне айналған салттың бастауы десек те болар.
Серік ЕРҒАЛИ, Түркі академиясының ақпарат және баспа бөлімінің редакторы, түркітанушы.