21 Наурыз, 2012

Аңшы атаның әңгімелері

1496 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Аңшы атаның әңгімелері

Көкпаршының көңілі

Бір жылдарда… көкпарды көп доданың бірі емес, өнер деп білген осы өңірде Құлидан өткен көкпаршы болып па! Дариға-ай, о да бір дәурен дүние екен-ау! Қай уақытта да уысына ілінген тоқты-торым, теке-терім Құлидың қолынан қайтып босап па әуелі… Оны арғы-бергі ауыл­дағы барлық көкпаршы білетін әрі мойындайтын. Көкпарға Құли араласты дегенше алдарындағы несібесінен сол сәтте-ақ біржола айрылғандай болып, бәрі де сабылысып, қарбаласқа түсетін.

 

Көкпаршының көңілі

Бір жылдарда… көкпарды көп доданың бірі емес, өнер деп білген осы өңірде Құлидан өткен көкпаршы болып па! Дариға-ай, о да бір дәурен дүние екен-ау! Қай уақытта да уысына ілінген тоқты-торым, теке-терім Құлидың қолынан қайтып босап па әуелі… Оны арғы-бергі ауыл­дағы барлық көкпаршы білетін әрі мойындайтын. Көкпарға Құли араласты дегенше алдарындағы несібесінен сол сәтте-ақ біржола айрылғандай болып, бәрі де сабылысып, қарбаласқа түсетін.

О, шіркін, о да бір дәурен дүние екен…

***

Құли қартайды. Бойдан қуат кетті. Қыран құс­тың тырнағындай темір саусақтар да әлсіз­де­ніп, ұстаған заты уысынан сырғып кете беретін болды. Бұл кәрілік! Мойындасаң да, мойын­да­ма­саң да мойныңа мініп алар ит кәрілік! Баяғыда… ойлайтын. Мен қайратымнан қайтпайтын шығар­мын. Мені ешкім де жеңе алмас. Мен көкпарға аралас­қан­да, маған тең келер кісі болмас. Сөйтіп ат үсті­нен түспей жүріп, дүрбелеңді дода-дү­ние­ден тып-ты­ныш о дүниеге де аттанып кетермін деп… Сөйтсе…

Кәрілік деген кәрі дос ол да өзінше көкпаршы екен. Ол да өз дегенін істейді екен. Мойындасаң да, мойындамасаң да сені желкелеп алады екен. Мойныңа бір мінген соң, ол енді қайтып оңай­лық­пен түсе қоймайды екен. Бұл кәрілік солай екен.

Қария әсіресе үйден шыға алмай, үйелеп отырып қалғалы бері осы ой деген түпсіз терең тұңғиық сезімді ғана серік етті. Әйтпесе баяғыда ой деген пәледен мүлдем ада еді. Қиял деген қыртыңыз бұл ауылға қыдырмайтын қонақ еді. Енді мынау… үй күшік.

Күні кеше “қартайдым, енді көкпарға шабатын шама жоқ, бірақ барып көремін, айқайшы болып отырамын”, деп үлкен ұлына қолқа салғанда баласы ол сөзін құп алып, қайда той-томалақ болса, сонда алып баруға уәде етті. Және ол сөзінде тұрды да. Бұл көкпар басталды дегенше, сол дүр­мек ішіне кіріп кететін. “Әй, анау да бір болбыр неме екен ғой, қолына ұстап тұрып жібере сал­ғаны несі” деп алыс­тан айқай сап, іштей кіжініп тұратын. Кейбір бұны жыға тани бермейтіндер “ой, мына бір қақпас шалға не жоқ” дегендей оны омыраулай өтіп, қаға-маға шет­ке ығыстыратын. Құли ондайды елеп жатқан жоқ. Оның бар зейіні – көкпарда.

– Әй, олай емес, бұлай тарт. Сілкіле, сілкіп тарт! – деп айқайға басады.

Сөзі аналарға жетіп жатыр ма, жоқ па – онда шаруасы шамалы. Әредік әлгі көкпаршы тәуір қи­мыл жасап қалса, “ой, пәлі, бағанадан бері өсті­мей­місің”, деп риза көңілмен шек-сілесі қата күлетін.

Ал, енді соңғы айларда ондай бақыттан да айрылды. Алаңсыз жүруден қалды. Аяғын басуға дәрмен жоқ. Енді көрші жатқан ауыл-ауылды аралап, көкпар көруге де бара алмайды. Ұлы “енді болмайды, аяқ асты боласыз, үйде отырыңыз” деп тастап кетеді. Әке осыған әжептәуір-ақ налиды. “Өй, иттің күшігі… Мені аяқ астында қаласың деп… Сен… мені білмей­ді екенсің. Мені табанымен таптап кетер пенде бұл аймақта әлі туған жоқ” деп ұлына күркіреп қоятын.

Кеше ұлы келіп:

– Әке, ертең ауылда, ана қыр үстінде көкпар болады. Соған алып барамын, – дегені.

Бұл балаша қуанды.

– Қашан, ертең ертемен бе? – деп елпектеді.

– Жоқ, таң атпай емес, түс ауа…

– Е, жарайды.

Түс ауа баласы әкесін атқа мінгестіріп алып, ауыл сыртына алып келді. Өзі аттан түсті де, әкесін анадай жердегі төбе басына отырғызды.

– Осы жерде отырып көресіз…

Әкесі айтты:

– Балам-ау, мына төбеден не көрем мен. Тым аласа екен. Сен онан да анау-у биікке шығар мені. Сол жерден қарап отырайын.

Ұлы әке өтінішін амалсыз орындады. Биік төбеге көтеріп шығарды. Ол жер расында да ең­селі. Енді сайдағы алаңқай алақанға салғандай бола қалды. Тек… төменгі жағы ойпаң, терең шұңқыр. Әкесіне:

– Орныңыздан қозғалмаңыз, төменге құлап кетіп жүрмеңіз, – деп ескертті.

– Е, немене, мен жас бала ма екем, – деп әкесі әжептәуір-ақ ренжіп қалды.

Сәлден соң делебе қоздырар көкпар да басталып кетті. Құлидың ұлы да сол дүрмекте. Қарт көкпаршы алыстан көз салып, кәрі қырандай ба­қы­лап отыр.

– Әй, сен олай етпе, былай… Былай қарай сілкі­ле. Ой, жетесіз…, – деп төбе басынан айқайлап қояды.

Бір уақытта ұлының қолына көкпар тигенін көріп, айқайға басты.

– Енді заула, бас қамшыны! Ананы… ананы тақымға басып ал. Босаңсыма. Ой, мынаны-ай, ә!.. Қап-п!..

Шал кәдімгідей еліріп алған. Өзі сол дода ішінде жүргендей екпіндейді кеп.

– Әй-й… күшік-ау, болсаңшы. Атты… атты қамшыла. Олай емес, мына жағынан. Туһ-һ!.. Осын­дай да болбыр бала болады екен-ау… Көк­парды қор қылып…

Құли көкпар қызығымен итініп, итініп кетіп, алға жылжып-жылжып барып, жар жағасына да келіп қалғанын да аңғармаған. Бір пәсте… Кәрі көкпаршы баласының көкпардан айрылып қалғанын көріп, ашуға булыға айқайлап жіберді.

– Әй, сені де ұл таптым деп… Әй, сені де ұрпағым деп… Боркемік… Жасық туған неме…

Осылай деп булыға сөйлеп, орнынан тұрып кетер­дей боп, ұмтылып қалды да, сол сәтте шұң­қыр сайға қалай құлап бара жатқанын да байқа­мады. Құлдилап келе жатса да әлгі әсерден айыға алмай: “сені де ұлым деп, үміт артып…” деп кү­бір­леген күйі терең сайға гүрс етті. Осы сәтте мына жарық әлем қарт көкпаршының көзінің алдында жарқ етті де, шыр айналып бара жатты.

Шыр айналған дүние арасында есі кіресілі-шығасылы болып жатып, шал өзінің байқаусызда биіктен құлағанына емес, ұлының көкпарды оп-оңай қолдан бергеніне налыды. Соны қатты қинала есінен шығара алмай жатыр. Ұлы емес, көкпардан жеңілген тап мына өзі секілденді. Сол жеңіліс… тұла бойын мұздатып, бүкіл жан-жүйе­сін сырқырата, жанына бата ауыртты. Құлап қалғанынан емес бірақ. Бәрі де ұяттан…

Ат үстінде қырық жыл көкпар тартып жүріп өмірі жеңіліп, не аттан құлап көрмеген көкпаршы ұяттан өртене жаздап, тұла бойы қалшылдап жатты да… көзін ақырын жұма берді.

Ал, ана жақта көкпар-дүние қызып жатты.

 

Бозторғайлар жоғалған жыл

Атайдың ала сиыры ұшты-күйлі жоқ болып кетті де, соны іздеуге шықтық.

Екеуміз де ат үстіндеміз. Атай – алда, мен – артта.

– Әй, бала! – деді атай. – Сен неге менен қа­лып қоя бересің? Қатар жүріп отырсаң болмай ма?

– Болады ғой.

– Ендеше, астыңдағы атыңды қамшылап қой.

Мен солай еттім. Енді екеуміздің де атымыз қатарласа берді.

Осы кезде зеңгір аспан көгінде бір бозторғай сызылта ән салды. Атай атты тоқтатып, әлгі әнші құсқа көзін күннен көлегейлеп, ұзақ-қ қарады.

– Неге тоқтап қалдық? – деймін мен ештеңеге түсіне алмай.

– Ана шынашақтай торғайды айтам да, – деді Қалекең. – Қарашы, алаңсыз шырқап, ән салып жатыр. Ал, бір жылдары…

Сөзінің аяғын жұтты.

Ішімнен тағы бір әңгіме басталарын сезе қойдым. Сосын да атайды сұрақ беріп мазаламай, үнсіз күттім.

***

– Баяғыда-а… – деді атай сөзін бастай беріп, – Осы бозторғайлар да іннен-інге тығылып, жоқ болып кеткен кездер болған.

– Ол қай кез?

– Ол ма? Ол-баяғы ашаршылық жылдары… Кітаптардан оқып жүрген шығарсыңдар?

– Иә, оқыдық. 1932 жыл…

– Дұрыс айтасың. Сол бір жылдары біздің елде сұмдық ашаршылық болыпты. Мен жас бала едім, ептеп есімді білем.

Бір жолы үйде талшық етер түк қалмаған. Өзім­нен кіші қарындасым «қарным ашты» деп зар еңіреді. Мен де жетісіп жатқан жоқ едім. Алай­да үнсіз шыдап бақтым. Жылауды намыс көрдім.

Әкей үн-түнсіз үйден шығып кеткен.

Арада біршама уақыт өткенде, әкей қайта оралды да, шешеме:

– Мынаны тез пісір, – деп бір қалтаны алдына лақтырып тастады.

Оның не зат екенінде шаруамыз жоқ, «тез пісір» дегеніне қуанып, дегбірсіздене күтіп жатыр­­мыз. Шешем әлгіні тез-тез отқа қақтады да, алдымызға тосты.

Ет екен. Өте кішкентай құстың еті. Жеп көрсек, дәмі жаман емес. Ашқұрсақ болған соң, ойланып жатар не бар, қарындасым екеуміз сүйсіне жеп алдық.

Осы жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанды.

Біз кішкентай құстың етімен жан сақтадық.

Бір жолы мен әкем мен шешемнің оңаша сөй­лесіп отырған сәтіндегі әңгімесін естідім. Әкем айтты:

– Балаларға там-тұмдап талшық етіп жүр едім, қазір сол бозторғайлар да ұшты-күйлі жоғалды.

– Олар қайда кетіп қалыпты?

– Біле алмадым. Бейшаралар осы күні адам көрсе, зәре-құты қалмай қашатын болар.

– Ой, заман-ай!– деп күрсінді анам. – Аш­тыққа ұрындырып, пендені құйтақандай торғай етіне де зар еткен заман-ай!…

– Кісі ашықса, не жемейді,– деді әкем. Баяғы бабаларымыз айтыпты ғой: «тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді».

Мен олардың әңгімелерінен көп нәрсені түсіне алғам жоқ. Тек білгенім – торғай етін де жеуге болатындығы…

Арада талай жылдар өтті. Әкей қартайып, үзілер шағында маған:

– Балам, мына жақсы заманның қадірін біл. Тоқ­­шылықты да көтере білу ләзім, – деп сыр айтты.

Сөз ыңғайына қарай мен де кеудемдегі сауалды бердім.

– Әке, баяғы ашаршылықта сіз бізді кішкентай құстың етімен аман алып қалып едіңіз, сол қандай құс? – деп сұрадым.

Әкей күлді.

– Әлі есіңде екен ғой, – деді сосын. – Ол бір қиын кез болды ғой. Басқа амалымыз қалмады емес пе!

– Сонда-а ол құс…

– Иә, бозторғайлардың еті болатын. Кәдімгі құйтақандай дала торғайы…

Мен не айтарымды білмей, үнсіз отырып қалдым.

– Әне, балам, – деді әкей. – Сондай да кездер бас­тан өтті. Мына тоқ заманды нантепкі ете көр­мең­дер. Бұл – бастарыңа қонған бақ..

Осыны айтты да, үзіле берді…

Әкем өмірден өткен соң, далада жүрген кез­дерімде осы бір кішкентай құсты көрсем, ішімнен қан жылап, олардан кешірім сұрайтыным бар.

«Біздің жазығымыз не!» деймін ішімнен… «Аш болған соң кісіде амал қала ма! Бәрі де сол ашаршылықтың кесірі. Кісі тоқ болса, сендер секілді құйтақандай құсты өлтіруге қияр ма…»

***

Атай атты тебініп қалды. Екеуміз шаба жөнелдік. Ол осы жолы менен озып кетуге бейілді еді. Көңілі босап кеткенін де аңғардым. Үлкен кісі болса да, жаны нәзік жан ғой…

Ат үстінде келе жатып, көкте шырқаған бозторғайға қарап, ойға баттым.

 

Жылқының жылауы

Қалабек атай кеше кешкісін маған тағы бір өте қызық әңгіме айтып берді. Мен сол әңгіменің әсерінен түні бойы ұйықтай алмай шықтым.

Бұл оқиға былай болған екен.

Бір жылдары осы Қалекеңнің көршісі – Пәзілбек деген кісі өмір сүріпті. Жарықтық жас­тау күнінде атақты көкпаршы болған дейді. Өзі қартая келе, бойдан әлі кете бастаған соң, Ақ­қас­қа атын жүк тасуға жегіпті.

Айтпақшы, сол Аққасқа аты бір замандарда бәйгенің алдын бермеген жүйрік тұлпар болыпты. Ең әуелі бәйгеге қосып, одан аяғы мертіккен соң, көкпарға салып, ең ақыр соңында, міне, ауыл-үйдің жүгін тасуға жеккен жағдайы бар.

Жылқының қадірін білетін кісілер Пәзілбектің бұл ісін аса құп көрмепті. Өзімен тұстас кісілер:

– Әй, бұның не!– деп оған ескерту де жасапты. – Бұл қасиетті тұлпар емес пе еді.

– Болса қайтеді екен! – деп Пәзілбек тарс-тұрс жауап қатыпты. – Басқа атым жоқ, ендеше осымен жүк тасымағанда қайтпекпін!

Содан не керек, Аққасқа байғұс амалсыз ауыр жүк тиелген арбаны сүйреп, таң атқаннан қара кешке дейін дамыл көрмейді. Көршілер Пәзіл­бек­тің бәрібір айтқанға көнбесін сезіп, енді сөз айтуды да қояды. Сорлы Аққасқа азапты күндерді бас­тан өткеріп жатады.

– Бір күні, – дейді осы жерге келгенде Қалабек атай қызына сөйлеп. – Көше бойлап келе жатыр едім. Алдымнан арба сүйреткен Аққасқа шықты. Со­ңында – Пәзілбек. Аққасқа ат әбден арыпты. Үс­ті-басы қара терге малшынған. Өзі аяғын әзер басып, ауыр арбаны қинала сүйрейтіні көрініп-ақ тұр.

Сорлы Аққасқа ат мені көре сала ең болмаса бір ауыз жылы сөз күтті ме екен, тоқтап қалды. Мен де кідірдім. Пәзілбек басын көтеріп:

– Әй, сен неге тоқтадың! – деп Аққасқаны жон арқадан салып-салып қалды. Менің жаным шығып кете жаздап:

– Өй, Пәзеке, мұның не! – дедім. – Обал емес пе!

– Сенің шаруаң қанша! – деді ол маған көзін аларта қарап. – Жөніңмен кете бермейсің бе! Ат менікі, сенің қандай ақың бар, а?

– Енді-і… аяушылық деген болмай ма!

– Кет жөніңе! – Ол бар дауысымен айқайлап жі­берді де, енді бас салып Аққасқаны дүренің ас­тына алды. Сорлы ат сол сәтте артқы құй­рығымен шөкелей кетті де, алдыңғы аяғын аспанға көтеріп алып, бар дауысымен кісінеп жіберді. Көзінен сорғалап жас аққанын байқап, қорқып кеттім.

Менің шын зәрем ұшты. Өмірімде жылқының жылағанын тұңғыш рет көрдім. Бетімді бастым да, тұра қаштым.

* * *

Үйге келген соң осы оқиға жайлы көрші шалға айтып бердім. Шал айтты:

– Ой, әттеген-ай! – деді. – Жылқы жыласа, бір жаманшылық болады деуші еді. Дереу зытып отырғаның дұрыс болған…

Мен түкке түсінбедім. Шал не айтқысы келді екен?

Арада көп уақыт өткен жоқ, бір күні ауылды суыт хабар аралап жүре берді. Пәзілбек аяқ астынан о дүниелік болып кетіпті. Еш ауырмаған. Кешке төсегіне жатқан да, таңертең оянбаған.

Сол кезде көрші шал айтты:

– Әне, жылқының наласы деген осы, – деді. – Ол жыласа, қай кісіге де өте ауыр соғады.

* * *

Қалабек атай осы әңгімені айтып болды да:

– Жылқыны жылату оңай емес, – деді. – Ал, енді жылайтын болса, онда жаманшылық болатыны рас-ақ екен. Оған талай рет көзім жетті, – деп тақиясын шешіп, басын қайта-қайта сипалады.

Менің көз алдымда алдыңғы екі аяғын аспанға көтеріп, жанұшыра кісінеген жылқы бейнесі тұрып алды.

 

Кекіліктің қулығы

Таудың етегіне келдік. Екеуміз де аттылы едік, енді аттан түстік.

– Әрі қарай жаяу жүру керек, – деді Қалабек атай. – Атқа обал болады.

– Олай болса сөйтейік, – деп мен де аттан түстім.

Енді екеуміз Қаратаудың бергі сілемдеріне тырмыса өрледік. Иығымызда – мылтық.

Бүгінгі жолға шығуымыздың өз сыры бар. Кеше кешкісін атай сөз арасында:

– Көптен бері тауға бармаппыз-ау, – деген. – Өзін сағына бастаппын.

– Онда ертең қол бос, қос ат дайындайын, – дедім мен.

Атай жас балаша қуанып қалды.

Міне, енді тау бөктеріне көтеріліп бара жатқан бетіміз. Атайдың аяғы тайып кетіп, құлап қалар ма екен деп алаңдап қоям. Жоқ, ондай осал шал көрінбейді. Қайта маған жеткізе қояр түрі жоқ. Оқ­та-текте өзімнің аяғым тайғанап-тайғанап кетеді.

– Тау бөктерінде не бар? – деп сұрап қоямын.

– Мұнда кекілік көп.

– Ол қандай құс?

– Сәл кішілеу демесең, құдды тауық. Олар да жұмыртқалайды, олар да балапанын соңынан ертеді.

Кенет атай отыра қалды. Мен де солай еттім.

– Кекілік пе? – деймін сыбырлай сөйлеп.

– Иә, кекіліктер жайылып жүр.

– Енді не істейміз?

– Мен кішкене жақындап көрейін. Сосын атамын.

– Жарайды.

Атай бұқпантайлап, әудем жерге дейін барды. Сосын орнынан атып тұрып, мылтықтың шүріп­пе­сін басты. Тау іші жаңғырып қоя берді.

– Тиді ме? Орнында қалғаны бар ма? – деп мен де жетіп келдім.

Шал ана жақтан көз алмай тұр. Кекіліктер ұшып-ұшып бара жатыр. Тек біреуі ғана секек-секек етіп, тастан тасқа ырғиды.

– Әне, – деді атай. – Анаған оқ тиген…

– Оны қалай ұстаймыз?

– Соңынан қуу керек.

Екеуміз ентелеп, кекілікті қуа жөнелдік. Ол болса ақсаңдаған күйі бір тастан екінші тасқа секіріп түседі. Тіпті жақындатар емес.

Осылайша оны қуа-қуа, біраз жерге кетіп қалыппыз. Міне, осы кезде әлгі кекілік кенет қанатын қағып-қағып жіберіп, ұша жөнелсін. Атай екеуміз аң-таңбыз.

– Бұл, сірә жараланбаған болды ғой, – деймін мен өзімше білгішсініп.

Атай ойланып тұр екен.

– Не ойлап кеттіңіз?

– Бізді алдап соққанын көрмеймісің, – деп атай ынта-шынтысымен күле сөйледі. – Жаңағы жерде бұл кекіліктің ұясы болуы ғажап емес. Сол жерден бізді алыс әкету үшін жасаған айласы бұл.

Содан соң біз әлгі жерге қайта оралдық. Атай тас-тастың арасын тінтіп жүріп, кекіліктің ұясын тауып алды. Ішінде төрт-бес жұмыртқа бар екен.

– Міне, оның ұясы, – деді Қалекең.

Мен жұмыртқаларға қол соза беріп ем, атай:

– Оған тиме! – деді. – Өз өмірін тәуекелге тікті ғой әлгінде. Баласы үшін тірі жәндік не істемейді дейсің!

Соны айтты да, атай мылтығын арқасына іліп, төмен қарай түсіп бара жатты. Мен де соңынан ілестім.

 

Орманның оянуы

– Сен ағаштардың арасындағы татулықты білесің бе?

– Түсінбедім…

– Орман ағаштары бір-біріне бауырмал болып келеді.

– Оны қалай байқауға болады?

– Мен оны өз көзіммен көргем.

Атай екеуіміздің арамыздағы жауаптасу осылай басталып кетіп еді.

* * *

– Баяғыда-а, – деді атай сөз бастап. – Менің жас күнімде болған бір қызық жәйт әлі есімнен кетпейді.

Бір жолы есік алдына жаңадан қора салатын болдық. Әкей үй жанында жатқан ескі-құсқы ағаштармен бітіре салмақшы еді, мен оған көнбедім. Орманға барып, жаңа ағаш кесіп әкелем дедім.

– Обал болады ғой, құлыным, – деді әкем. – Қора үшін осы үйдегілер де жарап жатыр.

– Жоқ, мен барып келем.

Сөйттім де, балтаны өткірлеп, бір досымды ертіп, ауылдан алыстау орманға кеттік. Әрине, орман ішінде не көп, ағаш көп. Жуаны керек пе, жіңішкесі керек пе – бәрі бар. Тек таңда да, кесіп ала бер. Досым айтты:

– Осы шетінен алайық та қайтайық, – деді.

– Жоқ, ортасында түзулері көп болады, соларды кесейік, – дедім мен.

Қысқасы, не керек, орман ішіне кіріп кетіп, әр ағашқа балта ұрып, аралап жүрміз. Біреуінің ұзындығы ұнамайды, екіншісінің жуандығы келіңкіремейді. Әзер дегенде түп-түзу өсіп тұрған қайың ағашын таңдап, соны қырқуға кірістік. Екеуіміз екі ағашқа балта ұра бастадық.

Кенет орман ішінде жел көтерілгендей болды. Айнала суылдап, ысқырып, алай-дүлей бола бас­тады.

– Мен қорқайын дедім, қайтсақ қайтеді, а? – деп, досым үрейлене сөйледі. Мен алған бетімнен қайтпадым. Ағашты құлаштай ұрып, кесіп жатырмын. Бір кезде… айналадағы ағаштардың бұтақ­тары төмен салбырап, бетімнен сабалай бастады.

«Бұнысы несі!» деп ойлап қоям ішімнен. «Ағаштар да өстуші ме еді…»

Сәлден соң айналамыздағы бүкіл ағаш қоз­ға­лып, теңселіп-теңселіп кетті, біздің үстімізге құ­лап кетердей боп тербеле бастағанын байқадым.

Енді өзім де қорқа бастадым. Шынымен-ақ мына долы желден айналадағы ағаштар сынып кетіп, басымызға құласа, осы жерде сеспей қатып қалармыз әлі…

– Сен өзің біл, мен кеттім, – деп досым құрал-сайманын жинастыра бастады.

Бұл кезде орман іші алай-дүлей күйге ұласып кетіп еді…

Алды-артымызға қарамай, тезірек жазыққа шығуға асықтық.

Ең қызығы – біз жазық жерге шыққанда жел уі­лін естімедік. Айнала тып-тыныш. Түк бол­мағандай.

* * *

Ауылға оралғанда осы оқиғаны әкейге айтып беріп ем, ол кісі:

– Орман оянып кеткен ғой, – деді.

– Оны қалай түсінеміз?

– Е, қарағым, орман да тірі тіршілік иесі. Олар оянса, өте қиын жағдай болады. Қайта аман-есен шығып кеткен екенсіңдер. Әйтпесе, тірі оралу­ларың да қиын болып қалуы әбден мүмкін еді.

* * *

– Міне, – деді атай күлімсіреп. – Мен осылайша орманның ашуына қала жаздағанмын. Содан бері қарай орманға барып, ағаш қырқып көрген емеспін.

 

Молдаторғай

Мен төбесінде шошағы бар молдаторғайды бала кезімнен далада көп кездестірген болатынмын. Өзі өзге құстарға ұқсамайды. Ең алдымен – адамдарға жақын жүреді. Ұша жөнелсе де, тым алысқа ұзамайды. Бала кезімде сол молдатор­ғай­ды таспен атқылап жатқанымды әкем көріп:

– Оның не! – деп маған дүрсе қоя беретін. – Оны неге таспен атқылайсың. Ол – қасиетті құс екенін білмеуші ме ең?

– Оның қасиеті не?

– Е, ол енді ұзақ әңгіме.

* * *

Қалабек атайдан сол молдаторғай жайлы талай рет сұрадым.

– Ол қасиетті құс. Оны өлтірген кісі өмірде бақытты бола алмайды.

– Неге? – деймін мен сене алмай. – Ол соншалық қандай қасиетке ие?

– Аңыз бар, – дейді атай. – Ертеден келе жатқан аңыз бұл.

Адам-Ата жұмақтан қуылған кезде осы шөл даладан орын әзірлеп, жағдай жасаған осы молдаторғай деседі. Өлім періштесі – Әзірейіл өзін де, көлеңкесін де көрсетпей, жер бетіне келіп, жан алмақшы болғанда оны тез байқайтын да молдаторғай екен. Адамға хабаршы болады дейді.

Молдаторғайдың кіршіксіз таза көңіліне риза болған Адам-Ата оған Аллатағаланың мың бір есімін жеке-жеке түп-түгел үйретіпті. Солайша, молдаторғай Алланың барлық атын жаттап алып, білімпаз құсқа айналыпты. Бұдан соң ол зеңгір көкке көтеріліп, шырқай ән салып, Алланың есімдерін әлемге әйгілей бастапты. Егер де ол сол Аллатағаланың мың бір есімін еш мүдірмей айтып шықса, жұмаққа бармақшы екен.

Өкінішке орай, сол ақниет құс Аллатағаланың мың есімін айтып, ең соңғысына келгенде қате­ле­сіпті. Оның себебі былай: ол сайрап тұрып, ең соңғы есімді айтар сәтте, жерге қарайды. Төмен­дегі өз көлеңкесін көреді; көреді де қорқып кете­ді; жерге жақсылық жасау орнына, көлең­кемізді түсіреді екенбіз-ау деп ойлайды; соны ойлап тұрғанда Алланың мың бірінші есімін ұмытып қалады…

Сөйтіп, қайтадан қара жерге оралыпты деседі…

– Бұл аңыз ғой, – деймін мен.

– Аңыз екені рас, – дейді атай. – Алайда аңыз әңгіме тектен-тек тумайды. Ол халықтың жүрегінен шығады. Сосын да ұмытылмайды.

Осыны айтады да аз-кем ойланып отырады да:

– Біз де бала болдық. Сол бала күнімізде ше­ше­міз: «Егер молдаторғайды өлтіріп қойсаң­дар, ба­қыт­сыз боласыңдар», – деп жиі айтушы еді дейді ол.

– Неге? – дейміз біз.

– Өйткені, ол қасиеті бар құс. Оның мынадай өлеңі де бар.

Молдаторғай атым бар,

Қанатымда хатым бар.

Мені өлтірген жүгермек,

Жастайыңнан жетім қал!.

Атай осыны айтты да, қатты-қатты жөткірінді.

– Өзі ақын екен ғой, молдаторғай! – деймін мен әзілге шаптырып.

– Құстардың ішіндегі ең білімдісі болса, бойында қасиеті бар болса, оған өлең шығару да қиын шаруа болып па!

Қалабек атайды тыңдап тұрып, мен де ойша бала күнімді еске алдым. Төбесінде шошағы бар молдаторғайдың дәл жанымда секек-секек етіп жүретіні келді көз алдыма…

Ол шынымен-ақ адамдарды өзіне жақын санай ма екен, а?

Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ.