ОНЫНШЫ есеп:
Аңшылардың олжа бөлісуі
Сәті түспей қанжығасы бос қайтқан бір аңшы түнге қарай далада от жағып ас әзірлеп жатқан екі аңшыға жолығады. Олардың біріншісі 3 шіл, ал екіншісі 5 шіл атып алған екен. Үш аңшы барлық шілдерді пісіріп теңдей бөліп тамақтанады. Ертеңіне қонақ аңшы жеген тамағына ақша берейін десе, ана екі аңшы «қажеті жоқ» деп қабыл алмаған соң, әріптестеріне ризашылығын білдіріп сегіз оқ беріп кетеді. Екі аңшы оқтарды қалай бөлісуі керек?
ОН БІРІНШІ есеп:
Амандасу жайы
Он жолдас кездескенде
үлкен тойда,
Амандасты бір-бірімен
сағынысып.
Айтыңдаршы, қанша рет
болды сонда,
Сәлемдесу бір мәртеден
қол алысып?
ОН ЕКІНШІ есеп: Шопан ата өсиеті
Қазақ халқында төрт түлік деген ұғым бар. Аңыз бойынша әр түліктің «иесі бар» деп есептеледі. Яки, жылқы иесі – Қамбар ата, түйе иесі – Ойсылқара, сиыр иесі – Зеңгі баба, қой-ешкі иесі Шопан ата деген сияқты. Осындағы Шопан атамыз: ұсақ малды қораға қамағанда қораның шарбағы қанша қысқа болу маңызды емес, қораның ауданы мүмкіндігінше үлкен болсын, – деп өсиет етіпті. Демек, ата өсиеті бойынша қысқа шарбақпен үлкен аумақты қоршау керек. Осы өсиетті іске асырмақ болған бір қойшы тік жарға жастап, кең қора соқпақшы болады. Егер шарбақты қораның ұзындығы L болса, ата өсиетін орындау үшін шарбақ пішіні қандай болуы қажет деп ойлайсыз?
«Ұлы даланың байырғы 100 көне есебі» кітабынан дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»