21 Наурыз, 2012

Сан қырлы Қирабаев

2069 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Сан қырлы Қирабаев

Білім саласына, әдеби-мәдени және ғылыми ортаға танымал Серік Смайылұлы Қирабаев – бүгінде ел ақсақалы, әдебиеттану абызы дәрежесіне жеткен тұлға.

Әдебиет, мәдениет және білім саласы мамандары үшін «академик Қирабаев» атанған абзал азаматтың кемі алпыс бес жылдан асатын шығармашылық дәуірі ұлтымен бірге жасап, халқының рухани тағдырымен бірге өріліп келеді десек жаңылыспаймыз.

 

Білім саласына, әдеби-мәдени және ғылыми ортаға танымал Серік Смайылұлы Қирабаев – бүгінде ел ақсақалы, әдебиеттану абызы дәрежесіне жеткен тұлға.

Әдебиет, мәдениет және білім саласы мамандары үшін «академик Қирабаев» атанған абзал азаматтың кемі алпыс бес жылдан асатын шығармашылық дәуірі ұлтымен бірге жасап, халқының рухани тағдырымен бірге өріліп келеді десек жаңылыспаймыз.

Серік Қирабаевтың шекпенінен шыққан шәкірттерінің бірі ретінде қарт ҚазПИ-дің ескі ғимараты мен сықырлаған парталары елестейтін тәтті түсімізде ол кісіні «ағай!» деп ағаласақ та, өңімізде «академик Қирабаев» деп мақтанатынымыз рас.

Қазір ғылым талабының қиюы қашты ма, әлде адамдардың біліми талғамы әлсіреді ме, әйтеуір «мәртебелі академия» дегенді де, «ҚР ҰҒА» дегенді де ұмыта бастағандаймыз. Қарапайым ше­неу­нік пен PhD үміткерлеріне түсінікті болсын, біздің Серік ағай – Қаныш Сәтбаев құрған академияның академигі. ҚР ҰҒА – Қазақстан Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясы. Яғни, ғылым­ның тасы өрге дөңгелеген кезең акаде­миясының мүшесі.

Асылы, академик С.Қирабаев – ба­қыт­ты ғалым. Өйткені, ол қиындықты да, қиындықтан сабақ алған кезеңді де, сол сабақтың кеңес заманы мен тәуелсіздік тұсындағы қызығын да, шыжығын да көрді және көріп келеді. Ғалым осы үде­рістің бәрін әдебиет аясында қарас­ты­ра­ды. «Әдебиет – ұлттық мәдениеттің бір са­ласы. Оның дамуы ұлттың тілімен, ділімен, ұғым-түсінігімен, парасатымен, дүниетанымымен тікелей байланысты. Осының бәрі көркем туынды арқылы көрініп, халықтың санасына сіңген, оның рухани өмірін қалыптастырған. Әдебиет туралы ғылым көркем әдебиеттің осы жолдағы ізденісін, ойлау мен бейнелеудің жолдарын жинақтайды, қорытындылай­ды», дейді ғалым.

Кейде «XX ғасыр әдебиеті мен әде­биеттануы несімен ерекшеленеді?» деген сұрақ қойыла қалса, оған: «Аталған ға­сыр таланты терең, қабілеті ерен ақын-жазушыларды шығарып қана қоймай, көр­кемөнерді түптеп зерттей алған әде­биетшілерді дүниеге әкелді» деп жауап қайырып жатамыз. Әдебиет – арғы ға­сыр­лардан жеткен сөз болса, әдебиетші – сол ғасырдың сөзі. Ұлт руханиятында әде­биетті жеке-дара зерттеу нысанасы етіп қарастыру XX ғасырдың басынан Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бас­та­ған Алаш тұлғаларының еңбегінің арқа­сында ғылым арнасына түсті. Оның буыны беки бастаған кезі – 20-жылдар болса, қаз-қаз тұрып, алға адымдаған шағы – 50-60 жылдар. Ұлт пешенесіне жазылған тағдыр солай болған шығар, әдебиет зерт­теуді ғылым арнасына түсірген Алаш зиялыларының бәрі дерлік 30-жылдары тоталитаризм құрбаны боп кете барды. Ал бұл саланы қалыптастырған олардан кейінгі екі буынға әкімшіл-әміршіл жүйе жағдайында жұмыс жасау оңайға түс­пе­ді. Оның үстіне соңғыларының балалық шағы – қазақты жаппай қырған ашар­шы­лық жылдарына, жасөспірім-бозбала кезі – фашизмге қарсы соғыс уақытына тура келді. Яғни, олар балалық бал дәуре­ні­мен, қамсыз бозбала шағымен амалсыз ерте қоштасты. Бұларды еңбек ерте есейтті. Сондықтан да осы толқын «ру­ха­нияттың еңбекторысы» деген теңеуге әбден лайық.

Қазірде аға буын аталып отырған оларды бүгінгі орта буын «жиырма жеті­нің ардақтары» деп атайды. Бұл – «бір мың тоғыз жүз жиырма жетінші жылы туған талантты әдебиетшілер» деген сөз. Осы буынның көшбасындағы азамат­тар­дың бірегейі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Серік Қирабаев екені жұртқа мәлім.

Руханият еңбекторыларының әде­биет­тану әлеміне алып келген не жағдай еді? Тарихқа сәл-пәл үңілейік. 1956 жылы өткен коммунистік партияның XX съезінен соң «ұлт рухына үңілуді» тыйған қатаң жағдай біршама түзуленді. Қуғын-сүргінге ұшырап, ондаған жылдар бойы туған топырағынан күшпен, зор­лық­пен аластатылған зиялылар елге орала бастады. Әдебиетте соны серпін, ерекше аяқалыс бірден көзге шалынды. 30-жылдары тіптен айтуға мүмкін емес ру­ханияттағы тылсым құбылыстар шеті­нен сөз етіле бастады. Әдебиет пен мәде­ниеттегі «ақтаңдақтар» біртіндеп қайта бағасын алып, халық игілігіне айналып жатты. Бірақ бұл үдеріс тым баяу, қор­ған­шақтап жүрді. Коммунистік иерар­хия­ның ең жоғары баспалдағындағылар И.­В.Ста­лин қазасынан соң жеке басқа табыну­шы­лықты, орынсыз саяси қуғын-сүргінді сын нысанасына алғанмен, тота­литаризмнің бет-пердесін ашу бағы­тын­дағы жұмыс­тарды дәйекті жүргізуге кей­бірінің батылы, қайсыбірінің азаматтығы жетпеді.

Алайда, әдебиетіміз бұл жылдары солақайлыққа ұрынбай, әсіре саясиланбай, көркемдік қуаты айрықшаланып, бел-белестерге көтерілді. Әдебиеттану мен сынымыз да толысып, жүйелене түсті. «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» мен 6 кітаптан тұратын 3 томдық «Қазақ әде­биеті тарихы» жазылып, әдебиетке ынтызар қалың қауымға ұсы­нылды. Әдебиет­шілер әдеби үдерістің өткені мен қазірі жайында монографиялар, іргелі зерттеулер жаза бастады. Бұл еңбектер бұрындары жазылған мақала-зерттеулерден ғылыми­лығымен, нақты­лы­ғымен, дәйектілігімен ерекшеленді. Әдебиеттану білімді, сындарлы пікірлі жас зерттеушілермен толықты. Сол жаңа толқын әдебиет туралы шын сөйлей алды. 50-жылдары саяси айып та­ғы­лып, қу­ғын­далған Мұхтар Әуезов, Қа­жым Жұма­лиев сынды қаламгерлер соны ойлы әдебиетшілерге көшбасшы болды.

1955 жылғы желтоқсанда Қазақстан Жа­зушылар одағы басқармасының II пле­ну­мында әдебиетші Айқын Нұрқатов «Жас сыншылар мен әдебиет зерттеу­ші­лердің еңбегі» атты баяндама оқып, онда қазақ сыншыларын әдебиеттің теориясы мен методологиясын тыңғылықты мең­геріп, қаламгерлердің, шығармалардың жеке-дара ерекшеліктерін, артық-кем­шілігін дөп тауып, шынайы, бейсаяси тұрғыда зерттеуге шақырды.

Жеке басқа табынушылық әшкере­лен­геннен кейінгі уақыттағы әдебиет­тану мен сынның барысы сөз етіле қал­ғанда, алды сол шақта 30 жастағы талантты әдебиетші һәм сыншы жастар легіне қарап «жаңа толқын келді» деп тұжырымдаймыз. Бұл толқын – кешегі қаламгер ағаларының жазықсыз құрбан болғанын білген, өздері де ептеп сая­саттың содырлығын көрген, әдебиет­тану­дың ақсап жатқан тұстарын аңғарған жас­тар еді. Олардың лек-легімен әдебиет­та­нуға келуіне, бір жағынан, халықтың рухани өрлеуі мен серпілуі себепші болды.

Жаңа толқынның талантты өкілдері ретінде Серік Қирабаев, Айқын Нұр­қа­тов, Қалжан Нұрмаханов, Мырзабек Дүй­сенов, Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Тұр­сынбек Кәкішев, Зәки Ахметов, Сейділда Ордалиев, Баламер Сахариев, Бекмұрат Уақатов, Әнуар Дербісәлин, Нығымет Ғабдуллин, Темір­бек Қожакеев, Әбділ­хамит Нарымбетов, Көбей Сейдаханов, Тұрлыбек Сыдықов, Шерияздан Елеукенов, Шәмшиябану Сәт­баева, Үшкілтай Субханбердина сынды жастар шығар­ма­шылығы айқын көрініп, халыққа таныла басталды.

Отызында әдебиеттанудың ордасын бұзбай қабырғасын қатайтуға білек сыбана кіріскен Серік Қирабаев жылымық жылдары әдебиет тарихын зерттеу мен тұсындағы әдеби үдеріске сын жазуды қатар алып жүрді. Ғалым әдебиет тарихына ағартушы қаламгер Спандияр Көбеевтің есімін кіргізіп, 1958 жылы ол жөнінде монография жариялады. Сыншы әдеби үдеріске жіті қарап, Ғабиден Мұстафин мен Мұқан Иманжановтың қаламгерлік қабілет-қарымын анықтады. 1956 жылы «Ғабиден Мұстафин» атты сыни-ғұмырнамалық әліптемесі жарық көрді. Ал 1959 жылы ол Мұқан Иман­жановтың шығармаларын жинастырып, алғысөз жазып жариялады. 1960 жылы сыншының «Өрлеу жолында» атты жи­нағы жарық көрді. Ғалымның бұл жыл­дардағы зерттеуінің бір бөлігі С.Сейфуллин шығармашылығымен байланысты. Зерттеушінің 1962 жылы «Сәкен Сейфуллин» атты монографиясы басылып шықты. Серік Смайылұлы осы ке­зең­де орта мектептің 9 және 10-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу­лы­ғын жазуға да атсалысты. Бұл шақты ака­демик былай деп еске алады: «50-жыл­дардың басында Қазақстанды «ұлтшылдықпен күрес» науқаны биледі. Мектеп оқулық­тарынан «қателер» тауып, Қажым, Есмағамбет сынды ағалары­мыз­ды ұстап әкетті. Мектеп оқулықсыз қал­ды. Сол кезде оқу министрлігі мені, Мүсілімді, Ай­қынды, Зейнолланы жинап алып, оқулық жаздырды. Кейін Қаже­кең­дер айдаудан келді. Ол кісіні автор­лар­дың бірі ретінде қалдырғанымда, қарсы болғандар кездесті. Мен дәлелдеп атын қалдыруға себепші болдым. Сөйтіп өзі дүниеден өтсе де, оқулықтардағы аты жаңа оқулық авторлары шыққанша түскен жоқ».

Ғалым сонымен бірге, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студент­теріне арнап «XX ғасыр басындағы қазақ әде­биеті» (Б.Кенжебайұлымен бірі­гіп), «Кеңес дәуіріндегі әдебиет» атты оқулық та жазды. Профессор С.Қирабаевтың оқулы­ғы­нан сан мың­даған қазақ шәкірттері әде­биет пен әдебиеттанудың әліппесін үйренді.

Жалпы, академик С.Қирабаевтың ұстаздарына деген құрметі, ниеті бәрі­міз­ге үлгі. Мысалы, ол академик Қ.Жұ­малиевті «іркері болмайтын, барын шә­кірттерінен аямаған ұстаз» деп баға­ла­са, С.Аманжолов, А.Ысқақов, Т.Нұрта­зин, Ш.Сарыбаев сынды профессорларды «үйреткені көп ұстаздарым» деп ардақтап еске алады.

Дей тұрғанымен, әдебиет алыптары атанған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұ­қа­нов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсі­ре­пов секілді Секеңнің сыйлас, құрметтес ұс­таз-ағаларын ілтипатпен атап кетуі­нің жөні бар. Осы алыптармен аралас-құралас болып, әрқашан таланты түге­сіл­меген Жазушылар одағының ма­ңыз­ды шараларының ортасында жүрген ға­лым әдеби қауым туралы ықыласты сө­зін төмендегіше жеткізеді: «Қырық жыл­дан астам жазушылар ортасында бо­лып, одақ жұмысының қыры мен сырына қа­нығу мен үшін үлкен өмір мектебі еді».

Әдебиетке жиырма үш жасында келген талантты жас сыншы, әдебиетші, ғалым А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұбанов бір кездері қыз­мет жасап, ғылымда мектеп калып­тас­тырған Абай атындағы ҚазПИ-де студент те, аспирант та болып, білім нәрі­мен сусындады. Көп оқыды, көп тоқы­ды. Қазақ баспасөзіне студент күнінен араласты. Аспирантурада оқи жүріп, «Әдебиет және искусство» журналы­ның қызметкері болды.

Қаламгер сол тарихи 50-жылдардан бері ұлт баспасөзінің, Міржақып Дулат­ұлынша айтқанда, «ұлт үмесінің», қай­науында жүрді. Алғаш «Пионер» журналын (қазір «Ақ желкен») басқарды, кейін «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлімін меңгереді. 1958 жылдан күні бүгінге дейін өзі түлеп ұшқан ҚазПИ-де ұстаз­дық етеді. Академик Қ.Жұмалиевтен кейін жиырма жыл осы оқу орнының қазақ әдебиеті кафедрасына жетекшілік етті. Бес жылдай институттың проректоры болды. 1988 жылдан 1995 жылға дейін Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына басшылық жасады. Осы ірі ғылым ордасының директоры бола жүріп, институттың абайтану бөліміне жетекшілік етті. Астанада Елбасының бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылған­да, жасының егде тартып қалғанына қарамай, осы оқу орнының әдебиеттану және алаштану саласын қалыптасты­рып дамытуға қол ұшын берді.

Жоғарыда аталған ірілі-ұсақты қыз­мет дәрежесіне С.Қирабаев табан ақы, маңдай терінің арқасында жетті. Мысалы, әдебиеттің көшбасшы мекемесіне ол кісіні институт ұжымы қалап шақыр­тып, көпшілік дауыспен сайлағанын бү­гінде зиялы қауым тегіс біле бермейді.

Сыншы ретінде Серік Смайылұлы 50-жылдардан Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі әдебиетте өз үні бар жасамыс та, жас та ақын-жазушылардың шығар­ма­ларына әділ талдау жасады. Әдебиет­ші, айталық, марқұм Мұқан Иманжанов пен Жұмағали Саин шығармашылы­ғын­дағы шеберлік һәм ерекшелікті 50-жылдары-ақ дөп айта алды. Сондай-ақ ол марқұм Оралхан Бөкеев проза­сын­дағы психологизм сырын, Ә.Кекіл­баев, М.Мағауин, Б.Қыдырбекұлы, т.б. романдарындағы тарихи шынайылық пен көркемдік шешім мәселесін, Қ.Аман­жолов, Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ф.Оңғарсынова, Т.Молда­ға­лиев, Қ.Мырзалиев поэзиясындағы лиризм, пафос, философиялық ой-толғам жайын жан-жақты қарастырды. Зерт­теу­ші С.Қирабаев әркез әдебиеттің өткен жолы мен қазіргі бағыт-бағдарын салыс­тыра отырып талдау жүргізді. Бұл ретте ол ХVІІІ-ХІХ ғасыр ақын-жазушы­лары­ның шығармаларына, әсіресе «зар заман» әдебиетінің өкілдеріне, Абай мен оның төңірегіндегі ақындарға, Шоқан мен Ыбырайға, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұх­тар, Сәбит, Ғабит мұрасына қайта-қайта оралып, өз тұсындағы қаламгер еңбегіне алдыңғылардың биігінен қарады. Әде­бие­тіміздегі көркемдік пен шеберліктің эволюциясына ғылыми сипаттама беруге көп қайрат жұмсады. Ғалымның «Өрлеу жолында», «Октябрь және қазақ әде­биеті», «Әдебиет және дәуір талабы», «Революция және әдебиет» (2 том), «Шындық пен шығарма», «Талантқа құр­мет», «Әдебиетіміздің ақтаңдақ бетте­рі», «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет», «Тәуел­сіздік рухымен», «Тарих және әдебиет», «Өмір тағылымдары», т.б. кітаптары жо­ғарыдағы пікірімізді растайды.

Әлбетте, ғалымның еңбегі жазған кіта­бының санымен емес, сапасымен өлшенсе керек. Осы тұрғыдан келгенде Серік Смайылұлының әрбір кітабы оқыр­ман көкейінен шығып, әдебиеттанудың көкейтесті зәруліктерін шешуге жәрде­мін тигізді. Академик қырықтан аса ғылым кандидатына жетекшілік етіп, жиырмадан аса ғылым докторына кеңес беріпті. Бұл алпыс еңбекке бағыт сілтеді, кемі алпыс ғылыми жаңалықтың ашылуына мұрындық болды деген сөз. Сондай-ақ ғылыми жетекші болуда ешқашан сан қуған емес. Әлі есімде, бір жолы бел­сенділеу әріптесіне ол кісінің: «Шай ішкен жеріңе кандидаттық, ет жеген жеріңе докторлық қорғатқаның жарас­пас. Ғылымды ғылымның адамына қор­ғат» дегені бар. Жалпы, академиктік атақтың жауапкершілігі де, талабы да осындайда байқалса керек.

Өз басым Серік Смайылұлын 1983 жылдан білемін. Аспайтын, менмендік­тен ада, сырт келбеті де, жан дүниесі де ға­лым деген ұғымның тура баламасындай осы жаннан кісілік қасиет анық бай­қалатын. Студент күнімізде талапшыл жастарды тынбай ғылымға шақыратын профессор С.Қирабаевты білуші едік. Оқу бітірген соң, Құдай бұйырып, осы кісі басқарған ғы­лыми-зерттеу институтына қабыл­дан­ғанда, Секеңнің әділдігіне тағы көзіміз жетті. Ол жылдары ғалым кең ауқымда ғылыми-ұйымдастыру жұ­мыс­тарын жүргізді. Қол­жазба орталы­ғын, абайтану, ежелгі әдебиет бөлімдерін ашты. Талантты жастарға өзі жеке хабарласып (көп лауазымды адам мұндайды кішірею деп біледі), оларды ғылымға тартты. Ұлтымызға танымал Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Сал­ға­ра­ұлы, Құл­бек Ергөбек, Тұрсын Жұртбай, Тұрсын­жан Шапай, Бейсенбай Байғали ғылымға қаламгерлік пен деректанудан Секеңнің тұсында келді.

Бұл жылдары руханиятта «ақтаңдақ» тұлғаларды тарихқа ендіру мәселесі көтерілген еді. Секең тиісті орындардан қар­жы тауып, жастарды Мәскеу, Петербор, Орынбор, Омбы, Ташкент, Қазан, Уфа, т.б. қалалардың архивтеріне жібе­ріп, Шәкәрім, Ахмет, Әлихан, Ғұмар, Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, Смағұл, Қошке, Жүсіпбек, Міржақып сынды тұлға­лар­дың еңбектерін, оларға қатысты құжат­тар­ды жинатты. Осындай игі миссия маған да бұйырды, ескі мұраға ықы­ла­сымды аударғаны үшін ұстазымызға әрқашан қарыздармыз.

90-жылдардағы Серік Қирабаевтың елеулі еңбегі – дана да дара ақын Абай Құнанбайұлының 2 томдық академиялық шығармалар жинағы мен ақын туралы зерттеулердің жазылуына мұрындық болуы еді. Сырт көзге көріне бермейтін бейнеті көп осы жұмысты Секең ақының 150 жылдық мерейтойынан үш-төрт жыл бұрын бастады. Нәтижесінде білікті абай­танушылар тобы құрылды. Бұл топ Абай­дың бұрынғы басылымдарында қате жазылып келген 250-ден астам сөзді қалпына келтірді. Ақынның әрбір сөзі, әрбір сөй­лемі ғылым таразысына салынды. Сөйтіп, үлкен мәтінтанушылық жұмыс жүргізді.

Ғалым С.Қирабаевтың тұлғасы ха­лық­қа қазақ әдебиеті оқулығының авторы ретінде де аса ыстық. Оқулық – бала көзқарасын қалыптастырушы, оқулық – жаны ақ парақ бала мен ғылымның арасындағы дәнекер. Бұл орайда Серік Смайылұлы А.Байтұрсынұлы бастаған отандық оқулық жазу ісіне табанды түрде еңбек сіңіргенін айтқан лазым. 1952 жылдан бері жарты ғасыр үзіліссіз мектепке, жоғары оқу орындарына қазақ әдебиеті бойынша оқулық пен оқу құралдарын жазып келеді десек, біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ көргенде оған көзі анық жетер. Елу жылда мил­лион­даған қазақ баласы мектеп көрді. Солар­дың ішінен мыңдаған жазушы, сан мың­даған мұғалім шықты. Ал осылардың бәрі – Секең сияқты оқулық авторлары­ның шәкірті десек, қателеспейміз.

Секеңді жақсы әрі жақын танитын шәкірттері біледі, ол кісі ешқашан «мен түгенді бітірдім, мынаны орындап тастадым» деп кеудесін соқпайды. Менмен­дік­ке бармайды. Нағыз ұстаз, шын ғалым қалпында қанағатшылықпен, адамшы­лық­пен жүреді. Жас әдебиетшілер арасында ол кісінің әділдігі, сөзі мен ісі бір жерден шыққан азаматтығы жиі әңгіме етіледі.

Өмір – мектеп, ғалымның ғұмыры мен шығармашылығы – таңдаулы мектеп. Алдағы кезде де Секеңнің әдебиет пен әдебиеттану ақсақалы ретінде тұлға­лар мұрасы мен мұратын қалың оқыр­манға кеңінен аша беретініне сенімдіміз.

Қазір академик Серік Қирабаев өзі дамытқан М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, ұзақ жылдар бойы ғылыми-біліми байланысын үзбе­ген Абай атындағы ҚазПИ-де (ҚазҰПУ) қызмет істейді. Астананың ғылыми ортасымен де қоян-қолтық байланыста.

Ақылы кемел, пайымы терең, жады мық­ты ғалым, ұстаз, әдебиетші Серік Смайыл­ұлы­ның шығармашылығы мен кісілік қа­сиетінен отандастарымыз, жалпы оқығандар алуға тиіс тағылым аз болмаса керек.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, профессор.

Соңғы жаңалықтар