21 Наурыз, 2012

Кеудесінде қандай жан, тамырында қандай қан…

326 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Кеудесінде қандай жан, тамырында қандай қан…

77 жастағы қазақтың велошабандозы  Олжабай Смағұлов туралы

Өткен жылы «Егеменге» 76 жастан асқан бір ақсақал келді. Аты-жөні Олжабай Сма­ғұлов екен. Жетпіс деге­ніңіз жер ортадан асқан жас, ал оған және алтауды қос­саң… адамның аздап, аздап емес-ау, кейбіреу­лердің әбден шаршаңқырап, аяғы қоюлана­тын кез емес пе? Бірақ бізге келген ақсақалдың тілерсегі дірілдеп, екі тізесі қалтылдап тұрған жоқ… Керісінше… «Мен Меккеге велосипедпен барайын деп едім, соған көмек бере алатын бірде-бір мұсылман таба алмай, «Егеменге» келіп отырмын», деді ол.

 

77 жастағы қазақтың велошабандозы  Олжабай Смағұлов туралы

Өткен жылы «Егеменге» 76 жастан асқан бір ақсақал келді. Аты-жөні Олжабай Сма­ғұлов екен. Жетпіс деге­ніңіз жер ортадан асқан жас, ал оған және алтауды қос­саң… адамның аздап, аздап емес-ау, кейбіреу­лердің әбден шаршаңқырап, аяғы қоюлана­тын кез емес пе? Бірақ бізге келген ақсақалдың тілерсегі дірілдеп, екі тізесі қалтылдап тұрған жоқ… Керісінше… «Мен Меккеге велосипедпен барайын деп едім, соған көмек бере алатын бірде-бір мұсылман таба алмай, «Егеменге» келіп отырмын», деді ол.

Сенер-сенбесімізді білмедік. Сенбейін десең, ақсақалдың сөзі нығыз, жүзі жасаң, ақ сақалы желбіреп тұрса да, екі бетінен қан тамады. Оның үстіне жүрісі ширақ екен, тұла бойындағы қуат-күші бір арнаға тоғысқандай еңкіш қалпы атылғалы тұрған тағыны көзіңе елестетеді.

Біз ақсақалмен тереңірек танысу үшін оның әңгімесіне құлақ түрдік. 2003 жылы ол өзге елдер­дің еңкейген жасында жаяу жүрістен, гір көте­руден, велосипедпен алыс сапарға шығудан түрлі рекордтар жасап жүрген қарттарын көріп, мен де велосипедпен саяхат жасап көрейінші деп жолға шығады.

Cол жылдан бастап мен бүкіл Қазақстанды, Ресейдің біраз жерін велосипедпен шарлап шық­тым, дейді ақсақалдың өзі. Сенбесеңіздер, міне, болған жерлерімнің бәрінен алған анықтамалар, суреттер… Сөйтіп, ол біздің алдымызға үш-төрт папка толы құжаттарын жайып салды. Әрине, жүйеленген, бағдарламаланған ешнәрсе жоқ, бірақ ақсақал велосипедімен барған жерінің бәрінен бір дерек алып отырған.

Алдымен ол сапарды 2003 жылдың қыркүйек айында қасиетті Түркістанға барудан бастаған екен. Шу дегенде оның жанына екі адам ерген, бірақ олар жолда айнып, жоқ нәрсеге өзара келісе алмай, кері қайтып кетеді. Ақсақал Түркістанға жалғыз жетіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, ондағы қасиетті орындардың бәріне зиярат етеді. Айта кететіні, Олжекең бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа жан. Түркістандағы мешіттің имамы ақсақалдың ниетін қолдап, қолдан келген көмегін жасап, қайтар жолына ақша бергізіп, пойызға шығарып салады.

Екінші сапарға Олжабай Смағұлов 2004 жылдың наурыз айында шығады. Бұл жолы қарт Орал қаласына дейін пойызбен барады, онда тұрмыс құрған қызы бар. Мақсаты сол қаладан шығып, еліміздің Батыс өңірін велосипедпен аралап қайту болған. Әрі Қарағандыда наурыз айында әлі ызғырық, аяз бар, сондықтан бұл жақта велосипедпен жүру қиын-тын.

Ақсақалдың Орал қаласында болып, Батыс Қа­зақ­стан облыстық мешітіне соққаны туралы ҚМДБ өкіл имамы Ерғали қажы Кенебайұлының жазып берген анықтамасы бар. Одан осы облыс­тың Туризм және спорт басқармасында болып, оның бас­тығы М.Оңдағановтың қабылдауын­да да болған. Ақса­қалдың велосипедпен сапар шеккелі келгенін құп­таған ол әңгіме өткізіп, хал-қаде­рінше көмек көр­сетеді. Сонымен бірге, ақсақал осы қаладағы М.Мәметованың музейінде, Жәңгір хан атындағы университетте де болып, одан әрі жолға шығады. Мұ­ның бәрін Олжекең өзінің жеке шаруасымен жүрген қыдырма емес, дүйім елге адамның күш-қайраты­ның мүмкіндік­терін, саламатты өмір салтын жарнамалап жүрген жан еке­­­нін білдіру үшін жасап отыр­ғанын айтты. Ақса­­қалдың болған жерлерінен алған тарихи дерек­­те­­рінің қызықты тұстары да көп. Мәсе­лен, М.Мә­­метованың мұражайынан алынған буклетке қа­­рап, Оралда батыр апамызды еске алатын талай дүние­лердің жатқанын білдік. Соның ішінде анасының қызына латын әліпбиімен жазған хаты­ның, Мәншүк­тің өз қолымен толтырған анкетасы­ның көшірмелері сияқты құнды құжаттар да бар екен.

Өкінішке қарай, жоғарыдай айтқанымыздай, Олжекеңнің жиған дүниелерінің бірі де жүйе­лен­беген, тек Плюшкинше бәрін жұмарлап, папкаға жинай берген. Түсірген фотолары, жүрген жерле­рінен алынған анықтамалар, зиярат еткен жерден, музейлерден алған қолмен, компьютермен жазыл­ған деректер мен буклеттер, кейбір баспасөз өнімдері, т.т. көп-ақ. Фотоларға қайда, кіммен, қа­шан түскені белгісіз, әйтеуір толып жатқан қазақ­тармен отырып-тұрып түсе берген. Дерексіз дүние­лер болғандықтан, олардың құндылығы шамалы. Ал оларды толық саралап шығуға қазір шалыңның өзінің де шамасы жетпейді, өйткені көптеген қағаздың қайда, қалай, кімнен алынғанын өзі де ұмытып қалыпты. Әйтеуір, бәрі осының ішінде, дейді ол папкаларын нұсқап, өзің айырып алсайшы дегенді емеурінмен аңғартып.

Сонымен, сапар барысына оралайық. Оралдан шыққан қарт Чапай, Индербор және т.б. ондаған ұсақ елді мекендерді баса отырып, Атырауға жетеді. Жол бойы қиналғанын айту бөлек әңгіме. Ақсақалды атыраулықтар жақсы қарсы алады. Оның дұрыс ниетін жалпақ жұртқа жақсы жарнамалап, кездесулер ұйымдастырып, қаржылай кө­мек те береді. Осы қалада тұңғыш рет Олжабай ақса­қал немістің дұрыс велосипедіне де қол жеткізеді. Атыраулықтардың сол сыйына күні бүгінге дейін ризашылығын білдіріп отырады. Атыраудан шыққан ақсақал Мақат, Құлсары, Бейнеу, Шетпе және т.б. елді мекендерді баса отырып, Ақтауға жетеді.

Ақсақалдың құжаттарының арасында кейбір жандардың баспасөз бетіне шыққан, кейде тіпті қолмен жазып берген пікірлері де бар. Мәселен, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылдық округінен алған анықтамасына Ғайниден Борашев деген азамат: «2004 жылдың 6 маусымы күні Олжабай Смағұлов ақсақал бізге келді. Жүрісі ширақ, осы жерге велосипедпен жетіпті. Қазақ жас­тарына деннің сау болуы үшін қимыл қажетті­гінің үлгісін көрсетіп жүрген адам деп есептедік. Велосипедпен дүниені аралап шығуыңызға тілек­теспін. Қасиетті Маңғыстау жері жаныңызға қуат берсін!» деп пікір жазыпты. Олжекең осы өлкедегі талай әулиелердің басына зиярат еткенін мақта­нышпен айтады.

Одан әрі ақсақал Ақтаудан пойызбен Қанды­ағашқа, осы жерден қайтадан темір тұлпарына мініп, Қызылорда облысының жерлеріне тартады. Ембі, Шалқар, Арал, Әйтеке би, Жосалы, Байқо­ңырды басып, Қызылордаға жетеді. Жол бойғы елді мекендерден әр түрлі мәтінмен жазылған көптеген анықтамалары бар. Олардың бәрінде де қарттың велосипедпен жалғыз өзі саяхаттап келгені жазылған. Ақсақал Қызылордаға жеткен соң осында бірнеше күн тынығып жатады. Тарихи орындарға барып, зиярат етеді. Соның ішінде Қорқыт атаның кесене­сінде және т.б. жерлерде түскен суреттері бар. Осы қалада облыстық Туризм және спорт басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Оңғарбаевтың берген анықтамасында: «…он действительно прибыль в Кызылординскую область 23 июля 2004 года, участвуя в велопробеге по городам Казахстана. Обл. Управлением туризма и спорта была организована встреча в г.Кызылорде и во всех семи районах области, был отремонтирован велосипед, проявлены фотопленки на сумму 800 тенге, покупка фотопленок 400 тенге, материальная помощь в размере 2000 тенге и подарена футболка «Кызылординская область – город Караганда» деп жазылған. Бір қызығы – іс-қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге 2001 жылы көшірген облыста ресми анықтама әлі де орысша жазылады екен…

Қызылордадан әрі қайтар жолын екі рет баспас үшін, Олжекең Ақтөбеге пойызбен жетеді. Мұн­дағы естіген халық та қартты жақсы қарсы алады. Осы жерден темір тұлпарына қайта отырған ақсақал Қостанай облысының аумағына тартады. Мұнда талай елді мекендерді басып, Қостанайға шығады.

Тағы да қайталап айтуға тура келеді, өмірі қағаз, жазу-сызу жұмыстарымен айналыспаған, оларды қалай реттеуді ойлап бас қатырып та көрмеген, жүргізуші болып, тек қана қара жұмыс­пен айналысқан қарт өзінің жүрген жерлерін де картаға жүйелі түрде түсірмеген. Әр сапарындағы жиған деректерінің бәрі үйме-жүйме, бірі бар, бірі жоқ. Алған анықтамаларында да бірізді мәтін жоқ, кім не жазса шалың соны қанағат тұтып жүре берген. Мәселен, Қостанай облысының Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылындағы С.Көбеев атындағы мектеп жергілікті «Коммунис­тический путь» деген газеттегі 1988 жылы өздері туралы шыққан шағын материалдың ксерокө­шір­месіне «Ақсуат не­гізгі мектебінен ескерткіш» деген анықтама берген екен…

Қостанайдан әрі Олжабай Смағұлов Ленинск, Троебратное арқылы Солтүстік Қазақстан облысы­ның Жамбыл ауданына шығады. Оның Мамлют ауданын, облыс орталығын аралап, одан Аққайың ауданы арқылы Көкшетау, Ақмола өңірлерінің ауыл-селоларына шығып, оларды басып өткені туралы түрлі анықтамалары бар. Бұл жолы ақсақал 7-8 ай жүріп, Қарағандыдағы үйіне жеткен.

2005 жылы ақсақал өзінің сапарын Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 60 жылдығына арнапты. Бұл жолы ол Қарағандыдан Жезқазған бағытына шығып, ондағы тарихи жерлердің біразына зиярат етіп, одан Алматыға дейін барған. Оңтүстік астанадан еліміздің Шығыс өңірлеріне шығып, темір тұлпарымен Талдықорған, Семей, Өскемен, Павлодар өңірлерін аралап шыққан. Нақты маршрут, бекітілген жоба болмаған соң, оның қанша мың шақырымды велосипедпен өткені де бел­гісіз. Негізінен ол жеткен жерінен әрі қалай жүруді жергілікті тұрғындардан сұрап алып, кете берген. Көбінесе анықтама берген ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері өз білгенінше ақсақал­ға әрі қарайғы маршруттарын сызып беріп отырған. Мәселен, Ақсу-Аюлыдан әрі қарай Дүйсенбай би, Қарасаз, Баубек батыр, Ағадыр және т.б. маршрутын біреу сызып берсе, Жаңа­арқа ауданының аумағында да белгісіз біреу саяхатшының Ақтас­ты, Алғабас, Атасу, одан Ақтай­лақ, Қарамола, Бидайыққа дейін баруы керектігін әдемілеп жазып берген.

Үш жылдағы сапарларында Қазақстанның барлық облыстарын аралап шыққан ақсақал 2006 жылдың мамыр айынан бастап Ресей Федерациясына шыққан. Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы Асхат Нұсқабайдың жазып берген анықтамасынан үзінді келтіре кетелік: «Нас­тоящим Консульство РК в г.Омске подтверждает, что гражданин РК Смагулов Олжабай Тусупович, 01.01.1935 г.р., урож. Карагандинской области РК совершает велопробег по территории Российской Федераций, маршрут г.Петропавловск (Республики Казахстан) – г.Москва (РФ) посвященный Году Абая в России и Году Пушкина в Казахстане». Олжекеңнің қолындағы құжат­тардың арасындағы ең сауатты жазылған дұрыс анықтама да осы екен. Мұнда Олжекеңнің жүріс маршруты, мақсаты, өзінің кім екендігі бәр-бәрі тайға таңба басқандай анық көрсетіліпті. Сонымен бірге, анықтаманың соңында оның қайда тұратындығы да көрсетіліп, консул қолын қойып, мөрін басқан. Ресей аумағымен жалғыз сапар шегіп бара жатқан велосипедші қарттың кім екені, не үшін жүргені туралы қысқа да нұсқа пайдалы ақпарат берілген.

Сонымен, қартымыз Қызылжардан Омбыға жетіп, одан Ресейдің Түмен облысына қарай сапар шегеді. Ресейдің Сібір мен Қиыр Шығысының орталығы атанған, қазақ ежелден қоныстанған Омбы өңірі мен Омбы қаласы туралы да азды-көп деректер жинай кетіпті. Соның ішінде Омбы қаласында Сібір мен Қиыр Шығыстағы мұсылман­дардың діни басқармасы орналасқандығы және облыста 18 мешіт барлығы О.Смағұлов деректерінен белгілі болып отыр.

Түменнен Челябі бағытына шығып, Олжекең татар, башқұрт, чуваш жерлерін басып, Мәскеудің түбіндегі Волоколамск қаласына дейін жетеді. Бірақ Мәскеудің өзіне велосипедпен кірмей (жол қауіпті, себебі көлік көп екенін естіген соң), оған автокөлікпен жетеді. Осы сапарында барлығы 83 күн жүріп, Мәскеуден пойызбен елге қайтқан. Қарттың осынша жолды жалғыз өзі велосипедпен жүргендігін растайтын құжаттарының арасында Түмен қаласы мен облысында 2006 жылдың 11-14 сәуірі аралығында болғаны туралы қазақ қауым­дастығының «Тюменская областная общественная организация – «Достықтың» төрағасы Қ.Серға­зиновтың, Челябі облысының «Центр татарской и башкирской культуры» төрағасы М.Шара­фут­ди­новтың, осы облыстағы Юрузани, Сатки, Аши қалаларының имамдары Ф.Ахмедзянов­тың, И.Зигангировтың, Г.Файзрахмановтың, Баш­құрт­стан­ның Дюртюли қаласындағы «Мирас» соборлық мешітінің имамы Р.Исанберлиннің, Верхнеяркеево селосы мешітінің имам-мухтасибі Р.Шайхуд­диннің, Татарстанның Кузенбетьево де­рев­нясының имам-хатибі Г.Мусин­нің, Чуваш Республикасының Чебоксары қала­сындағы әкімшілігінің дене тәрбиесі, спорт және туризм басқармасының бас­тығы И.Камадановтың және т.б. қолдарын қо­йып, мөрін басып берген анықтамалары бар. Олардың бәрі қарағандылық Олжабай Смағұловтың өз аумақтарынан велосипедпен өткенін көрсеткен.

2006 жылдың 20 мамырында велосаяхатшы Қазан қаласында болған екен. Осы қаладағы «Татарстан Республикасы Милли-мәдәни берләшмәлеренең ассоциациясын­дағы» қазақ қауымдастығының төрағасы С.Жақ­сыбаевпен кездесіп, ол шабандозға 2 мың Ресей рублі көлемінде қаржылай көмек беріп, шығарып салғандығы туралы мөрмен расталған анықтама бар. Сөйтіп, Мәскеу түбіне дейін велосипедпен барған қарт одан әрі жоғарыда айтқа­нымыздай 83 күн жүріп үйіне пойызбен жетіпті.

Келесі жылдары да Олжабай Смағұлов атақты адамдардың басына барып, зиярат еткен. Соның ішінде Павлодар облысындағы Мұса Шорманов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғы­ров және т.б. кесенесінде болып қайтқан.

Сөйтіп, қара шал қазақтың бойындағы күш-қайраттың өзгелерден кем емес екеніне қалың елдің де көзін жеткізеді. Бірақ басқа өркениетті елдер секілді оның өжеттігін, тәуекелшіл қайратын бағалайтын, жастарға үлгі етіп, лайықты деңгейде жарнамалайтын, қолдағының бәрін жасап, қолдайтын жан жоқ екеніне өзінің көзі жетпеген еді. Өркениетті халықтар өздерінің рекорд жасауға ұмтылған қарттарын сол елдің барлық ізгі ниетті жандары аспанға көтеріп ардақтайды, өз халқы­ның қайратты ерлері бар екенін көрсеткені үшін оның үстінен құс ұшырмай қастерлейді. Ал бізде…

Бізде ме, бізде… Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында Іскендір дуана есімді ерекше кейіпкер бар. Ешкімге зияны жоқ, ешкімнің көңілін қалдырмайтын бір ақ ниетті, адал да абзал, тақуа адам. Сонымен бірге, пендауи тірлікті ман­сұқ қылып, үй-күй күйттемеген, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, қалың елді қысы-жазы жаяу аралайтын бір жұмбақ жан. «Бұл Өске­меніңіз, Бурабайыңыз, бұл Семейіңіз, бұл Қар­қаралыңыз – бәрін де Іскендір жалаңаяқ шарла­ған. Ол отарбаны да, пароходты да көрген. …Іс­кен­дірде үй жоқ. Кез келген үй – оған үй. Тау-тас, сай-сала, ескі мола – бәрі де оған үй. Онда ел де жоқ. Оның үйі – дүйім қазақ. Онда мал да жоқ. Ол дүние жимайды. Ақша берсең, кез келген ауылдың балаларын жарыстырады да, бәйге үлес­тіреді. Іскендір дорба салмайды, ірімшік-құр­тыңды алмайды, оған қолма-қол ішетін тамақ берсең болғаны. Төрдің алдына шарт жүгініп отырады да: «Алла хақ!» деп бір ақырып, қылқ еткізіп, қағып салып, асасын бір тіреп, тұрып кетеді.

Іскендірдің қабақ шытқанын бір жан көрген емес, қашан көрсең де жайраңдап, жымиып отырғаны. Іскендірдің не ғып мұндай болып жаралғанын, оның кеудесінде не қылған жүрек, тамырында қандай қан, бойында неткен қайрат барлығын ойлайтын бір адам жоқ. Ел тек оны: «дуана, дуана» дейді, бір алуан адам дейді»…

Неге екенін білмеймін, Олжабай Смағұловпен танысқанда сол Іскендір есіме түсті. 80-ге таяған жасында велосипедпен сапарға шығамын, дүйім әлемге қазақтың қара шалының қайратын көрсетемін деген ақсақалға таңқалып, бұл не қылған жан,«оның кеудесінде не қылған жүрек, тамырында қандай қан, бойында неткен қайрат барлығын ойлайтын бір жан» қазіргі, «өрке­ниетті» қазақтың арасынан да табылмапты.

Таңқалмақ түгілі, «е, үй алғысы келіп жүрген біреу ғой. Е, білеміз ғой оны», деген секілді қазақ­қа тән қыбыр-жыбыр сөздермен түйрегісі келген адамдар да табылған. Олжекең туралы кейбір қарағандылық әріптестерімізден сұрағанда осындай пікірлер естідік. Рас, Олжабай қартта да үй жоқ екен. Жиған-тергенінің бәрін санап беріп, Қарағандыдан сатып алған үйін қазақшылыққа салып, дұрыс ресімдемеген. Ал ол үйді бұларға сатып, ақша­сын алған жігіт жол апатынан қайтыс болған. Артынан марқұмның апасы ма, қарын­дасы ма – әйтеуір заңға жүйрік бір туысы табылып, құ­жаты қолында болған соң, Олжабай Смағұловтың отбасынан үйді сот арқылы тартып алған. Содан бері Олжекең кемпірі, қызы, екі жиені бар – бәрі бір үйшікті жалдап тұрып жатыр… Жаңағы «е-ее, і-іі, білеміз ғой», дегендер оның үй алуға көмектесуді сұрап, есік-есіктен өткенін біледі. Ал 80-ге шыққан жасында рекорд жасаймын деп біраз жерді шар­лағанын, сөйтіп адамның қуаты жасына қарамай көп нәрсеге жететінін дәлелдегенін, көркемсөз тілімен айтқанда, саламатты өмір салтын жарна­малағанын, сайып келгенде, дүниеге қазақтың атын жақсы жағынан шығаруға өз қолынан келген үлесін қосып жүргенін білгісі де келмейді.

Қарағандылық шенеуніктердің де қартқа деген көңілі салқын, оны өз мүддесін ғана күйттеп жүрген көп пенденің бірі деп қана білетін сияқты. Әйтпесе, Қарағандының атын шығарып жүрген жанға материалдық, моральдық тұрғыдан лайық­ты қолдау жасамай ма? Арқасына «ASTANA» деп жазып алған шетелдік велосипедшілерге біз барлық жақсылықты жасаймыз. Ол дұрыс, өйткені, олар біздің елдің атын шығарып жүр. Ал арқасына «Қарағанды» деп жазып алып, жуық шамамен 15-20 мың шақырым жерді велосипедпен өткен қартты неге қадірлемеске? Әнебір жылдары павлодарлық жеті жігіт Қазақстанды велосипедпен шарлап өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Олжекеңнің жалғыз өзі олардан да ұзақ жүргені хақ. Ендеше… Осы күні жұрттың бәрі қол жеткізіп жатқан әлеуметтік пәтерлердің бірін неге бермеске? Жасы 80-ге жуықтаса да екінің бірінің (жастың да) қолынан келмейтін іс жасап жүрген қарттың өзге жерден емес, өз араларынан шық­қанын барлық қараған­дылықтар мақтан тұтса керек еді ғой.

…Бір ауыз сөзбен қарттың өмір тарихына да тоқтала кетелік. Олжабай Түсіпұлы Қарағанды­ның жанындағы Михайловка деген жерде 1935 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Әкеден жастай қалған ол нағашысының қолында ержеткен. Кейін Шет ауданындағы Нұраталды деген жерде басқа адамға тұрмысқа шыққан анасы өзіне шақырып, сол жерде өмір сүрген. Мал баққан, шопыр болған. Ұзақ жылдар кеңшардың «Зил» машинасын айдап, нә­пақасын айырған. Бес қызы мен екі ұлы бар, олардан 22 немере-жиен сүйіп отыр. Солардың біреуі ғана Оралда тұрады, қалған­­дарының бәрі Қарағандының маңайында.

Отбасында, пештің түбінде жатып, кемпірінің қолынан ыстық шәйін ішіп, өмірін өткізсе, еке­уінің зейнетақылары жетеді. Бірақ бойында қай­рат, жүректе намысы бар ақсақалға бірде, Германиядан Қарағандыға дейін велосипедпен жеткен егде жастағы немістің ерлі-зайыпты саяхат­шыла­рының хабары маза бермейді. Оларды қолдау­шылар, жол қаражатын беретін демеушілер, сапар бойғы қадамдарын бақылайтын арнайы топ барын да естиді.

Бүйірі қызған ақсақал: апыр-ау, басқа халықта осындайлар болғанда қазақтан неге шықпайды. Осы мен шығып көрсем қайтеді деген ойға кетеді. Бұл кезде жасы 67-ге келген ақсақалдың мүм­кіншілігіне ешкім сене қоймайды. Бәрі де «ақыл» айтып, жанды күту керектігін еске салып бағады. Бірақ қайсар қарт олардың ақылына тоқтамай, ақыры, 2003 жылдың күзінде, жоғарыда айтқан, алғашқы сапарын бастаған екен. Бірақ ешбір адам, еш ұйым, мекеме оның жүрісін қадағалап, маршрутын сызып, жол бойғы шығынын өтеудің жәрдемін ұйымдастыруға бел шешіп кіріспеген. Ақсақал жапан­ның жалғыз жортқан көк бөрісі сияқты болған. Әрине, оған барған жерлеріндегі мешіттер, жеке адамдар 5-10 мың теңгеден көмек жасап отырған. Бір реттік көмектерді «Нұр Отан» ХДП, «Асар» партиялары мен түрлі деңгейдегі әкімдік­тер, соның ішінде Қарағанды облыстық әкімдігі де жасаған. Ең үлкен көмекті Атырау әкімдігі жасап, 2004 жылы қалтасына 50 мың теңге салып бергені де бар. Бірақ мұның бәрі бір жолдық көмек қой, алдымен сапар маршруты жасалып, сосын оның бойындағы шығындарды өтеу, т.т. өркениетті түрде жасалып, веложорық қада­ғаланып отырса, артынан Гиннес­тің рекордтар кітабына да ұсынуға болар еді ғой…

Ақсақалдың сапар шегу барысында жолда көрген қиындықтарын айтып тауысу мүмкін емес. Бірақ ол өзінің көрген қиыншылықтарын айтуға келгенде сараң. Дегенмен… суыртпақтап отырып білгеніміз, жалғыз адамға сонша жолды жүріп өту оңай болмаған сияқты. Ауа райының қолайсыз­дықтары тағы бар. Осы табандылығының өзі-ақ көпке үлгі боларлықтай.

2002 жылы әріптес ағамыз Мамадияр Жақып­тың «Егемен» арқылы көтерген «Ұлылыққа тағзым» атты бастамасымен болған жаяу жүрістің біріне қатыстық. Мезгіл маусым айының басы еді. Қызылжардан Ғабит Мүсірепов ауылына дейін 7 адам 240 шақырым жолды жаяу жүріп өттік. Біздің ішіне сусын, азық-түлік салынған және медицина­лық қызметкер мінген «ГАЗель» авто­көлігіміз болды. Ол бізді алдымыздағы әрбір 2 шақырым қашықтықтан тосып тұратын еді. Міне, сондай жағдайда да қиыншылық болмай қал­майтын. Кейде жаңбыр құйып кетеді, кейде салқын жел тұрып, ауа суып кетеді. Маса буып, қинайтын кештер де болады. Көп жүргеннен аяғың ісіп немесе аяқ киімің қажап жараланып та қаласың. Бірақ біздің көмекшілеріміз қасымызда. Тіпті жүруге жарамай қалсаң, мінетін көлігің де даяр. Ал Олжекең ай далада жалғыз өзі. Талай рет велосипеді де қирап қалған, аяқ-қолдарын да жарақаттап алған кездер болған. Талай рет айдалада түнеген кездері де кездескен. Сонда да шаршамай, беті қайтпай әлі күнге жүріп келеді.

Ол күніне 40-50 шақырым жүріп отырдым дейді. Осынша қашықтықта елді мекен кездессе жақсы. Ал кездеспесе, түн жамылып, әлі талай жерге дейін жүрген. Жеткен жерінде де салулы төсек, салқын үй күтіп тұрмағаны белгілі. Шеткі үйдің есігін қағып, жылы су, ыстық тамақ сұрап ішу де оңай шаруа емес. Елде жүргенде әйтеуір, әр ауылда бір мешіт бар, күндіз жетсе ақсақал алдымен мешітке бас сұғады екен. Ондағы мұсылмандар қартты қарсы алып, үйіне алып барады, жергілікті әкімге таныстырады, кездесу ұйымдастырып, 1-2 күн демалыс жасатады. Ал Ресей жерінде мұндай жағдайдың болмағаны белгілі. Жат жерде, жалғыз өзі велосипедпен кетіп бара жатқан қартты көзіңізге елестетіп көріңіз. Кез келген еріккен бұзақылар оны қатер­ге ұшыратуы мүмкін.

Мұсылман халықтары отыратын татар, баш­құрт, чуваш жерлерінде ол еш қиындық көр­мегенін айтты. Бірақ ішінара ондайлардың болып қалғанын да сезуге болады. Мәселен, «Сен қазақ емессің, қазақ бұлай жүре алмайды, сен тутар шығарсың», деп және тағы да басқа күдіктер келтіріп, татар ауылының бір тұрғындары қатты шүйлігіпті…

Қартқа сенбеген жандар өзімізде де табылған. Қайсы екенін атамай-ақ қояйық, Қазақстандағы облыс орталығының бірінен шыққанда артынан бір мәшине қуып жетеді. Біраз уақыт соңында жүріп, алдына өтіп кетеді. 20-30 шақырымнан кейін тағы да алдынан шығып, «тексереді». Бұл менің шын жүрген-жүрмегенімді аңду үшін жібе­рілген көлік екенін ұқтым, дейді қарт. Соны істеп отырған жаңа ғана құрметтеп, аттандырып салған облыстың адамдары…

Сонымен, қарттың осы мақаланың басында жазған, бізге келіп, Мекке сапарына баруды қолдау мәселесіне оралайық.

Ақсақалдың Меккеге сапар жасауға күш-қуаты жететініне көзіміз жеткен соң, Астана­дағы Туризм және спорт министрлігіне, «Нұр Отан» ХДП, Қара­ғанды облыстық әкімдігіне хаттар жазып беріп, өз тарапымыздан «Егеменде» қолдау білдіретінімізді айтып, олардың қолдауларын, жол бағдарын жасап, қаржылық көмек ұйымдас­тыруын өтіндік. Ақсақал да сол кездерде бізге жиі келіп, барлық жәйді хабардар етіп отырды. Шу дегенде қолдау бола қоймаса да артынан мәселе оң шешіліп келе жатты. Ақсақалды жалғыз жіберуге тәуекел етпегендер оның жанына серіктер тауып алуын өтінді. Бұл талап та орындалып, Қара­ғандыдан 6 серік табылды. Қатаң маршрут жасалып, виза мә­селелері де шешілуге таяп қалды. Бірақ… бірақ артынан түрлі себептермен су аяғы құрдымға кетті. Жеті адамға қаражат табу қиын делінді және т.б. сылтаулар табылып, ақыры қарттың Меккеге велосапар жасамақ болған ниеті аяқсыз қалды…

Осыдан кейін Олжабай Смағұлов ақсақал бізге келуді де қойды. Ол енді ешкімге сен­бейтін секілді. Бірақ оның аман-сау екенін қара­ғандылық әріптестерімізден естіп отырдық. Әманда, аман болсын, батыр ағамыз. Батырлық білекте емес, жүректе ғой. Қазақтың бір батыры осындай-ақ болар.

Жақсыбай САМРАТ.