21 Наурыз, 2012

Түркіге ортақ құндылықтар ғылым әлемінде зерттеліп, тың пікірде тиянақталады

591 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Түркіге ортақ құндылықтар ғылым әлемінде зерттеліп, тың пікірде тиянақталады

Төрт құбыламызда не болып жатыр деп кейде төрткүл дүниеге қадала қарасаң, жұрттар жеріне, еліне қарай қауымдасып, әртүрлі одаққа бірігіп жатқанын аңғарасың. Бұрын шашырап жүрген түркі әлемі де түгел болсақ, барымызды көрсетсек, өрісі кең, тамыры терең, одан өсіп шыққан алып емен ел екенімізді дәйектеп, іргетасы ежелгі дәуірлерде қаланған өркениеттерді танытсақ, оны сөзбен емес, ғылыми негізде зерттеп, зердеден өткізіп барып өзгенің көзін жеткізсек дейді. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен ашыл­ған Астанадағы Түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір ЫБЫРАЕВПЕН жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.

 

Төрт құбыламызда не болып жатыр деп кейде төрткүл дүниеге қадала қарасаң, жұрттар жеріне, еліне қарай қауымдасып, әртүрлі одаққа бірігіп жатқанын аңғарасың. Бұрын шашырап жүрген түркі әлемі де түгел болсақ, барымызды көрсетсек, өрісі кең, тамыры терең, одан өсіп шыққан алып емен ел екенімізді дәйектеп, іргетасы ежелгі дәуірлерде қаланған өркениеттерді танытсақ, оны сөзбен емес, ғылыми негізде зерттеп, зердеден өткізіп барып өзгенің көзін жеткізсек дейді. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен ашыл­ған Астанадағы Түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір ЫБЫРАЕВПЕН жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Шәкір Ыбырайұлы, сыр-сұхба­тымыз Наурыз мерекесі тойланып жат­қан тұста болғандықтан, Ұлыстың Ұлы күні бүкіл түркі жұртына ортақ екенін таратып айта кетсеңіз, алар тағылым аз болмас еді.

– Бұл қыстың ызғары қайтып, көктемнің шуағы шашылып Жер-Ана бусанған кездегі керемет күндер ғой. Наурыз мерекесі ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне кірген халық­ара­лық дәрежедегі атаулы күн болып есептеледі. Мен ұлыс күнін түркілік, түркі жұртын рухани жағынан біріктіретін мереке деп есеп­теймін. Себебі, түркі халықта­рының тегі бір, тарихы бір, тілі бір десек, мерекесі де ортақ болуы заңды. Тағы бір ойды ортаға сала кетсем, түркі халықта­рының өзіндік ерекшелік­теріне қарамастан, көбінде Ұлыстың Ұлы күні аталып өтіледі. Сібірдегі, Батыстағы түркі халықтары да жете мән береді. Бірақ, барлық жерде Наурыз деп аталмайды. Кейде біз Наурызды бұл парсы сөзі, мерекенің түп-тамыры парсы жұртында жатыр деп ойлаймыз. Бір­қатар ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, бұл тек қана парсыларға қатысты мереке емес екен. Парсыларға қатысы жоқ кезде де түркілер бұл мерекені атап өткені анық­талып отыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысалдар келтірейін. Алтай халықтары қыс пен көктем мезгілінің ауысуын жылқыаяқ дейді. Демек, біздің ұғымда жыл аяғы, қыстың көктемге ұласуы, Ұлыстың Ұлы күніне аяқ басу дегенді білдіреді. Дәл осындай әдет-ғұрып, салт-дәстүр Сібірдегі тыва, хакастарда да бар. Сахалар ыссық деп атайды. Оны олар қыс кетіп жаз келуімен, бұған қоса қымыз мере­кесімен байланыстырады. Тойлануына келсек, күн тізбесі бойынша айырмашылықтар байқа­лады. Ондай айыр­ма­шылық өзге елдерді қо­йып, өз Отанымызда да кездеседі. Мысалы, «Амал келді, көрісу» деп батыс өңірінде 14 наурыз күні мерекені бастап кетеді. Бұл күнгі адамдар­дың бір біріне деген ілтипаты бөлек. Нау­рыздың бір ерекшелігі осында жатыр. Кері­сетін емес, келісетін күн. Алысты жа­қын­­­­датып, табысатын күн. Ал еліміз бо­йын­ша қалыптасқан күнтізбеде көрсетіл­ген­дей, күн мен түннің теңелген 22 наурызда жал­пы­ха­лықтық Ұлыстың ұлы күні салтанат құрады.

Наурыз деген сөзді Иранмен аралас-құра­лас болған елдер қолданады. Оның ішін­­­де өзбек, әзербайжан, қырғыз, біз де бармыз. Бір­қатар түркі халықтары өздерінің атауымен атап өтеді. Жоғарыда айтқаны­­­мыз­дай, халқы­мыз бұл күнді Наурыз деп те, Ұлыстың Ұлы күні деп те атай береді. Бұл дегеніңіз барлық күндердің ішіндегі ерекше күн, ұлы күн де­генді білдіреді. Шындығы да солай. Наурыз жаңа күннің, жаңа жыл­дың, жаңа уақыттың, Табиғат-Ана мейірін төгетін, алғашқы гүл қа­уыз жаратын, ағаш бүршік ататын, дүние мың түрлі бояуға бөленетін мезгілдің бастауы ғой.

– Түркі халықтарына ортақ деген мереке туралы мағлұмат бердіңіз. Ендігі әңгі­менің желісін өзіңіз басқарып отыр­ған Түркі академиясына бұрсақ.

– Бұл түркі мемлекеттерінің ортақ тарихын, тілін, мәдениетін, дінін, құндылық­тарын зерттейтін халықаралық дәрежедегі ғылыми мекеме болып саналады. Академия түркі өр­ке­ниеті неден басталды, қилы-қилы кезең­дерден қалай өтті, дәуірлеу тұсы мен құлды­раған кезеңдері, қазіргі дамуының бет-алысы қалай дегенді саралап, бар мен жоқты түген­дейді. Оның ішінде ортақ мерекеміз Наурыз да бар. Төрткүл дүниені мекен еткен, өзге­лермен қатар өмір сүріп жатқан қырыққа жу­ық үлкенді-кішілі түркі халықтары бар. Ға­лым­дардың есептеуінше, түркілердің ұзын саны бір деректе 200 миллион делінсе, екінші бір мәліметте 250 миллионға жеткізеді.

– Қалай десек те береке-бірлікке ұйы­сақ, аз емес екенбіз.

– Әрине, аз емеспіз. Осы халықтың гео­графиялық орналасуына қарасаң, киелі мекен Қиыр Шығыстан, Оңтүстік Сібірден бастап Батыс Еуропаға дейінгі ұлан-асыр даланы алып жатыр. Тәңірім бізді жерден кенде етпеген ғой. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеясына арқау болған Еура­зиялық кеңістік қой бұл.

– Ал енді тіліміз, мәдениетіміз бір деп айтатын болсақ, оны неден көріп, қалай дәйектеуге болады?

– Мұндай сұрақтың жауабын алып-қашпа сөзбен емес, нақты ғылымда негіз­дел­­ген дерекке ден қоя отырып беруіміз керек. Осыны жан-жақты зерттеу үшін Түркі академиясы құрылып отыр. Бұл да тәуелсіз жұртымыздың көшбасшылық қызметін тағы бір дәйектеді. Біз Қазақстан, болмаса қазақтың шығу тарихы ғана емес, бүкіл түркілік руханияттың тұтас­тығын зерделеумен қатар, үйлестіріп отырамыз. Мұны Отанымыздың әлемдік ұлтаралық интегра­цияға үн қосып отырғанын байқата­тын құбылыс деп бағалауға да болады.

Осы арада мына бір нәрсені ойға сала кетсем деймін. Бұрын да түркіні ғылыми тұрғы­дан зерттеген орган болған. Оның орталығы Мәскеуде еді. Ол Кеңес түрко­­логтарының ко­митеті деп аталды. Ол белгілі дәрежеде біраз жұмыстар атқарды. Бірақ идеологиялық мүм­кіндіктері шектеулі болғандықтан, тек түркі әлеміндегі тілдік жақындықтарды, тасқа қа­шалып жазылған жазулардың ерекшелік­терін, орта ғасырдағы кейбір жазба ескерт­кіштерді зерттеумен шектелді.

Біз қолға алған тағы бір мәселе, халық­аралық талапқа сәйкес келетін түркі халық­тары арасындағы терминологияны жүйелеу ісі еді. Біз терминдерімізді өзіміздің төл сөзімізден өрбітеміз. Басқа тілден де, көбінде орыс тілінен алып қолданамыз. Өзбек, әзер­байжан көп жағ­дайда парсы, араб тілдеріне сүйенеді. Түріктер болса Батыс Еуропадан сіңіруде. Егер осы термин жасау, қабылдау ісін бір ізге түсірсек, бір-бірімізді еркін ұғынуға мүмкіндік туар еді. Бұл күндері осы мәселені түбегейлі шешу жолында жұмыстар атқарылуда. Арнайы жобаның аясында өз оқымыстыларымызбен бірге Түркияның, Әзер­­байжанның, Өзбекстанның, тағы бас елдер­дің ғалымдары еңбек ету үстінде. Бұл бөтен тілдің көмегіне сүйенбей, өзара түсіні­суімізге септігін тигізері сөзсіз. Мұндай игілікті шешу үшін бәрімізге ортақ оқу-әдіс­темелік құралда­рын дайындау болса, мұны да жан-жақты ойлас­­­­­тырудамыз. Егер академияда қыпшақ, қарлұғ, оғыз тобына жататын тілдер­ден түркологтар дайындасақ, көңілде жүрген көп түйткіл шеші­мін табады. Мұны да болашақта іске асыру ниеті бар. Әрине, маманды бос сөзбен дайындай алмайсың. Оған оқу-әдістемемен қатар, оқулық та қажет. Біз жоғарыда айтқан тілдер тобына керек кітап­тардың негізін қалап жатқаны­мызды да айта кетсем, артық бола қоймас.

– Түркі халықтарының түп-тамыры бір дегенге күмән келтіретіндер бар екені бел­гілі. Бұған сіздің айтар дәлеліңіз қандай?

– Ондай пікірлердің бары рас. Санкт-Петербургте тұратын тарихшы С.Кляшторный түркі халықтарының шығу тегі бір емес дейді. Бұлар әр жақтан құралған этностар. Аралас-құралас тіршіліктерімен бір-біріне әсер етуі арқылы тілдік жағынан жақындасып кеткен деген уәжін алға тартады. Ал түркіта­нушы ғалым­дар ежелден түп-тамырымыз бір деп, өздерінің зерттеуіндегі тарихи дерек­терді алға тартады. Бұл екі дерекке де жауапты тек шынайы ғылым ғана бере алады. Түркі халықтарының арғы тегі бір дегенді біз мынандай жүйелерге бөліп зерттей бастадық. Біріншіден, түркі жұртының ортақ тарихи қай кезден басталады, екінші, өз алдына ха­лық, мемлекет болып таралып кеткенге дейін­гі жүйесі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, бітім-болмысының қалыптасуы, тағы басқа. Осы­ның бәріне Түркі академиясы мұрындық болып, дүние жүзіндегі түркі халықтарын зерттеген ғалымдардың еңбектерін зердеден өткі­зіп, түйінін ортақ тарих жазуға пайдалану. Мұны артық-кем жібермей, ғылыми тұрғы­дан дәйек­тей алсақ, бір кездегі пышақтың қырындай деген тарихымыз том-том болып жарық көрері анық. Ал оны әлемге таныта отырып, өзіміз де білу, әсіресе жас ұрпақ білім алатын мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытуды жүзеге асырсақ, ел алдын­дағы парызымыз өтелер еді.

– Тәуелсіз еліміздің, түркі әлемінің өткен замандардағы кемел тарихы осылай зерттеле беретіні белгілі. Ал бүгінгі түркі халық­тарының арасындағы байланыс қалай жүруі керек деген сұраққа айтар түйініңіз қандай?

– Бұған мен экономикалық, саяси, діни ахуал­ды да қосар едім. Бәрі де Түркі акаде­мия­сының алдында тұрған келелі істер. Қазіргі интеграциялық байланыстар қандай, қанағатта­нарлық деңгейде ме, әлемдік жаһан­дануға қо­сар үлесіміз нендей деген сұрақ әр кез алдымыздан шығып келеді. Бұл тәуел­­сіздігін жа­ңадан алған елдер үшін айтарлық­­тай сын болып тұрғанын да жасыра алмасақ керек. Осы арада дендеп келе жатқан жаһан­­данудың негізгі мақ­саты әлемдегі халық­­тардың әдет-ғұрпы, салт-санасы, діні, тілі, та­­ғысын тағылар бір қазанда қайнап, жеке ұлт­тарды жақындастырып, сол арқылы өзін­дік ерекшелігін азайтып, адамзат­тық ортақ жүйеге түсіру екені мәлім. Бұған бір жағынан келісуге болар, әйтсе де бәрібір сол жаһандану дәуіріне енген кезіміз­де киім кию, тамақ ішу, сәлемдесу, ізет, инабат, құрмет қай елдің этикасында іске асады. Еуропадағы центристік ғалымдардың ниетіне қарасаңыз, олар батыс еуропа, одан әрі АҚШ мәдениетіне икемдегісі келеді.

– Біз сол жаһандануға өз өркение­тімізбен, ерекшелігімізбен кіре аламыз ба?

– Әлбетте, кіре аламыз. Бірақ қазақ, өзбек, қырғыз болып шашырасақ, кіру былай тұр­сын, жұтылып кетуіміз мүмкін. Мұндай жағ­дайда түбіміз бір дейтін түркілік өркениетпен барсақ, төтеп бере аламыз. Әлемдік үдеріс­терге кіру үшін түркілік өркениет деген ұғым­ды ғылыми тұрғыда негіздеп, орнықты­руымыз керек. Бұл жолдағы ізденісті түркі халықтарының өткені ғана емес, бүгінгі болмысымен де ұштастыруы­мыз қажет. Айта­лық, түркі халықтарының арасында саяси-мәдени байланыстар жүріп жатыр. Бірқатар бағытта көңіл көншитін қарым-қаты­настар бар. Дегенмен, кейбір мәселеде біз бір-бірі­мізді тану, жақындасу, мәдени мұралар­ды иге­ру жағы кемшін соғып жататынын мойында­ғанымыз да жөн. Соны алдын ала білгендіктен болар, Алматыда өткен соңғы түркі халықтары­ның Саммитінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев келелі ұсыныстар айтты. Сол алқалы жиында түркі халықтарының мұрасын, ұлы тұлғаларын танытатын антологиялар, ортақ мәдениетін, бүгінгі барыс-келісін, экономика­лық ахуалын насихаттайтын альманахтар шығару мәселесін күн тәртібіне қойды. Бұл тапсырманы қазір біз орындау үстіндеміз. Алдағы уақытта Қыр­ғызстанда өтетін түркі мемлекет­терінің саммитіне әлгі антологияны, альманахты тарту ету жолындағы жұмыстар қызу жүріп жатыр.

– Шәкір Ыбырайұлы, Қазақ елінде тіл туралы айтқанда жете ескерілмейтін бір мәсе­ле бар секілді. Ол қазақ тілінде сөйлейтіндер тек қазақ ұлты, оның да бәрі емес, бұған қоса бірлі-екілі өзге этнос өкілдері деген сөзге сіз қосыласыз ба?

– Мен бұған қосыла қоймай­мын. Іс жүзінде Қазақ елінде тұратын үлкенді-кіші этнос өкіл­дері бар. Олардың мәдени орта­лықтары жұмыс істейді. Мем­лекеттік тіл бойынша көрсет­кішті айтқанда, неге екенін қай­дам, түркі тектестер орыс тіл­ділердің қатарына ысырылады. Шындығына келгенде, бұлардың көбі өз үйінде өз тілінде сөйлей­ді. Біразының ұлттық мектептері жұмыс істейді. Сонда олар неге орыс тілділердің қатарына қосы­луы керек? Менің ұғымымда бұлар түркі тілінде сөй­лейді. Демек, олармен пікірлес­кенде, нақ­тылай түссем, татармен, башқұрт­пен, қыр­ғызбен және басқалармен жүзбе-жүз келгенде бір-бірімізді түсіне аламыз. Олай болса, бұл түркі тектес бауырлар орыс тілділердің емес, керісінше, мемле­кеттік тіл­де сөйлей­тіндердің қатары­нан орын алуы тиіс. Бұл мә­селенің бір жағы десек, екінші жа­ғы олар үшін қазақ тілін игеру, сөйлеу онша қиындық кел­тірмейді. Ағыл­шын, неміс тілі­не қара­ғанда, мемлекеттік тілде сөй­леп кету түркі бауырлар үшін әлдеқайда қолайлы.

– Академияның ішінен салалық институттар құру мәселесі ойласты­рыл­ған ба?

– Нарық заманында істің тетігі ақшаға келіп тіреледі. Біздің академияны Білім және ғылым министрі, ғылым жайын бір кісідей білетін Бақытжан Жұмағұлов Елба­сының тапсырмасымен ерекше қамқор­лыққа алып, қаржылай көмекті жоспар-жобаға сай жеткі­лікті бөліп отыр. Рухани құндылық дегенде сергек азамат академияны жеке баспаналы ету жайын да дәл қазір жан-жақты ойластыру үстінде. Ал сұраққа келер болсақ, ака­демия­ның халықаралық мәртебесі орныға келе, кішігірім институттар ашылуы әбден мүмкін. Мәселен, түркі халықтарының ежел­гі, орта ғасырдағы, қазіргі дәуірдегі тілдік жүйесі деген тақы­рыптың өзі бір институтқа жүк болады. Сол секілді болашақта этнология, этнография, археология, тарих, саясат, дін, мәде­ниет, тіл, сөз өнері, яғни жоғарыда айтқан миллиондаған адамдардан тұратын 40-тан аса ұлтты зерттейтін институттар жұмыс істейді деген сенімдемін. Мысалы, әде­биет­ті алайық, жақын араға дейін қыр­ғыздар ХІХ ғасырмен шектелсе, енді орта ғасырларға барды. Өзбек пен әзербай­жандар әдебиетін біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІV ғасырдағы авестадан бастайды. Қазақ көне түркі дәуірінен табан тірейді. Осының бәрі бізге жүктелген елеулі енші.

– Түбіміз бір түркі халықтары жа­қын­дасуы, ақпараттық кеңістік құруы, тілін, ділін зерттеуі, өзге де ұмтылыстар соңы неге әкеледі, соңы қалай болады, үстем­дікке ұмтылушы жақ шығып жүрмей ме деген бір сұрақты алға тартсақ, сіз не деп жауап берген болар едіңіз?

– Біраз пікірлерде түркі халықтарының бәрін бір ортаға топтастырып, содан бір мемлекет, бір тіл жасау керек дейді. Бұл мүмкін емес нәрсе. Себебі, Кіші Азияда жатқан Түркия, Әзер­байжан, Сібірдегі түркі халықтарының арасына көз жіберіп көріңізші. Осынша алшақ жатқан елдер қалайша бір тілді мемлекет бола алады. Бір замандары ондай идеялар айтылған. Олар сынға ұшыраған. Бұл ешқа­шан да болмайды. Бірақ түркі мемлекеттері алда айтқанымдай, әлемдік кеңістікте рухани тұрғыда жақын болса, бірін-бірі қолдап тү­сініссе, мәдениеттерін жақындатуға әрекет етсе, жаһандану кезінде қадамын нық басатын болады. Осы арқылы өз өркениетін сақ­тай отырып, алыс-беріс интеграция да мақ­сатына жетеді.

– Академия осы кезге дейін не бітірді дегенге келсек, қандай мысалдарды алға тартар едіңіз?

– Өткен жылдардың нәтижесіне келсек, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап 24 ғы­лы­ми еңбек жарияладық. Бұл кітап­тардың жарық көруіне дүние жүзіндегі атақты түрко­логтардан құрылған редакция алқасы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұ­ловтың төр­ағалығымен көп еңбек сіңірді. Мәселен, «Нұрсұлтан Назар­баевтың Еура­зиялық идеясы және түркі кеңістігі» деген еңбекті алсақ, аты айтып тұрғандай мұнда ғаламдық мәселе сөз болады. Кітап авторлары Түркияның, Әзер­байжанның, Қазақ­станның, Ресейдің белгілі ғалымдары. Олар Еуразия кеңіс­тігі деп айтып жүрген Нұрсұлтан Әбіш­ұлының идеясын ғылыми тұрғыда жан-жақты талдап, түркі кеңістігінің орнын, ерекшелігін пайымдайды. Ал «Түр­кі әлемінің көшбасшысы» деген кітаптың бірінші томында ерте дәуірден бастап бүгінге дейінгі аралықтағы түркі жұрты­ның көшбасшы тұлғалары баяндалған. Сол секілді авторлары әртүрлі мемлекеттерден құралған «Түрік, славян байланыстары» деген толымды еңбекте ортақ кеңістіктегі елдердің тілі, мәдениеті сөз болады.

– Осы жылға арнаған қандай жоба-жос­парларыңыз бар?

– Қазір қолға алып жатқан ауқымды жұмыстардың бірін айтар болсам, ол түркі халықтарының ортақ тарихын қамтитын көп салалы еңбек дер едім. Бұл кітапта түркі халықтарының бүгінгі саяси, мәдени, эконо­микалық қарым-қатынастары, діни мәселесі, жаһандану дәуіріндегі тілдік ахуалы жан-жақты талданады. Жалпы, биыл 15 кітап шы­ғарамыз деп отырмыз. Бәрі алдын ала жоба­ланған. Авторлары да сақа­дай-сай. Қол­да да­йын тұрған еңбектер де баршылық. Бір сөз­бен айтқанда, бірте-бірте халықара­лық мәр­тебеге ие болады деп отырған акаде­мияның бүгінгі жұмы­сын осылай десек, келешекте атқаратын істері де ұшан-теңіз. Мен оның бәрін бұл арада тізбелей бермей, кезі келгенде нәтижесін осындай әң­гіме кезінде жұртқа жет­кізсем деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.