Жиынға Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбайұлының жұбайы Клара Жұмабайқызы, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар қатысты.
Айтулы шарада алғашқы болып сөз алған Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Әбіш Кекілбайұлының есімі қандай құрметке де лайық екенін айтты. «Көсемсөз шеберінің шығармашылығы бойынша терең зерттеулер жүргізу – келешек буын ғалымдарының алдындағы маңызды міндет болуы тиіс. Себебі Әбіш Кекілбайұлының ойлары, философиясы және жалпы рухани әлемі мұхиттай терең. Әбіш Кекілбайұлының әдеби әлемі шексіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұра. Білімінің көкжиегі шексіз, бірегей тұлға, әрі жазушы, әрі әдебиеттанушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері. Бұл – ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс», – деді.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шақтарында Елбасының сенімді серігі болған Әбіш Кекілбайұлының туындыларының идеялары «Рухани жаңғыру» философиясының негіздерімен үндесіп жатқанына ерекше назар аударған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» идеологиясы – түптің түбінде қазақ зиялы қауымының, жалпы халқымыздың асыл арманының көрінісі. Бүгінде бүтін халқымыз ұлттық идеяны жаңғырту жолына бет бұрды. Осылайша, Әбіш ағамыздың арманы іске асуда. Маржан сөздің шебері, гуманист-ғалым, ұлтжанды саясаткер Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын, оның жалпы мұрасын өсіп келе жатқан ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу біздің бірінші кезектегі мақсатымыз болуы тиіс. Осы бағытта кекілбаевтану әдебиеттану ғылымындағы негізгі пәндердің бірі болып қалыптасуы қажет. Біз қоғам ретінде тиісті әрекет жасап, бұл жұмысты бақылауға алуымыз керек» деп сөзін түйіндеді.
Тәуелсіздікті нығайту ісіне Әбіш Кекілбайұлымен қатар жүріп үлес қосқан Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жазушы туралы естеліктерін айтып, Әбіш әлемінің ерекше жарқыраған қырларына тоқталды. «Шын мәнінде кекілбаевтану ғылымы қалыптасуы керек. Әбіш Кекілбайұлы есімі болашақ ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Әбіш туралы әлі талай фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылады. «Менің басымнан бақ тайса да, елімнің басынан бақ таймасын» деген кемеңгердің өмірі әр қазаққа үлгі», деді Мырзатай Жолдасбеков.
Іс-шара аясында Ә.Кекілбайұлы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, жазушы атындағы жаңа оқу залы таныстырылды.
Ә.Кекілбайұлы кітапханасы ең бай кітапханалардың бірі болып саналады. Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу залының қоры жазушының кітапхана коллекциясынан іріктелген жеке кітапханасының каталогы бойынша мынадай әдебиеттерді ұсынады: бұл – адамзат тарихына арналған мәдениет және өнер тарихы туралы басылымдар, әлемнің ұлы тұлғалары туралы кітаптар, Қазақстанның ақындары мен жазушыларының кітаптары, альбомдар мен атластар, Қазақстанның географиясы мен тарихы және Маңғыстау альманахтары мен көптеген қызықты басылымдар.
Коллекцияда барлығы 6019 жәдігер ұсынылған. Оның ішінде 5 883-і кітап, CD және DVD дискілеріндегі бейнефильмдер мен аудио кітаптар 134 дана және
2 библиографиялық брошюра бар.
Қазіргі таңда оқырмандардың сұранысы бойынша жазушының «Аңыздың ақыры» шығармасы француз және қытай тілдеріне аударылып жатыр.
Әбіш Кекілбайұлының алапасы зор есімі қазақ халқының тарихында айтулы орынға ие. Оның қажыр-қайраты, парасат пайымы, қалдырған шығармашылық мұрасы әлі талай ұрпақтың рухани азығы болады.
Келер жылы туғанына сексен жыл толатын жазушының мерейтойы осы шарамен-ақ басталып кеткендей. Бір жағы Жастар жылымен де тұспа-тұс келетіні ғанибет болып тұр. Кекілбайұлы мұрасынан алар тағылым мол.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»