Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Сәбит Шілдебай: Мемлекеттік идеологияға негіз боларлық мақала

958 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сәбит Шілдебай: Мемлекеттік идеологияға негіз боларлық мақала

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – отандық тарих ғылымы үшін мазмұны терең мақала болды. Осы уақытқа дейін тәуелсіз Қазақстан тари­хында ұлт тарихымен дәл Елба­сымыздай терең айналысқан тұлға бола қойған жоқ. Оның да өзіндік себебі бар. Мен мұны Елбасымыздың тарихқа деген қызығушылығынан гөрі, мем­­лекеттің идеологиясын қа­лып­­тастыру жолындағы қажетті­ліктен туындаған қадамына балар едім. Күні кешегі Түркия­ны құру арқылы түрік ұлтын қалыптастырған Мұстафа Кемал Ататүріктің іс-әрекетіне ұқ­­сай­­тын бастама дер едім. 

Қазақстанның ширек ғасыр­лық тәуелсіздігі кезеңіндегі тарихи сана қалыптастыру, мәдени мұраларымызды жинақтау, «Мәңгілік ел» идеясын алға шығару, рухани жаңғыру бағ­дар­ламасының басталуы сынды кешенді идеологиялық шара­лардың қолға алынып, жүзеге асырылуы – ұлттық идеяның ұлы мұраттарынан туындап жат­қан қадамдар болды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың тамыз айында Ұлы­таудағы сұхбатында Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығын атап өту туралы шешім айтуы аса маңызды болды. Ел­басының қазақ хандарының ордасы тігілген қасиетті Ұлытау төрінде сұхбат беруі – тек тарихи сабақтастық қана емес, оның қазақ хандарының ұлы мұратын жалғастырушы болып отырғанын анық көрсеткен болатын. Мұның өзі қазақ халқының рухын көтеріп, ұлт ертеңіне деген ерен сенімін ұялатты. Шын мәніне келгенде, Қазақ хандығының дәл қай жылы құрылғандығы туралы мәселенің өзектілігінен де Қазақ мемлекеттілігінің құрылу тарихы мен оның халықтың тарихи санасын қалыптастырудағы идеологиялық рөлі жоғары тұрады.

Барлық уақытта, күллі бір ұлттың немесе мемлекет та­ри­хының мойындалуы оған қатысты тарихи жазба дерек­терінің нақтылығына ғана емес, сол ұлттың немесе мемлекеттің саяси-эконо­­микалық әлеуетіне де байланыс­ты болып келді. Әлемнің алдыңғы қатарлы 50 мемлекетінің қатарына қосы­лып, енді алдыңғы отыз­дық­қа кіруді мақсұт тұтқан Қазақ елінің «Қазақ» атауымен тарих сахнасына шыққан мем­лекеттілігі тарихының 550 жыл­дығының күллі әлемде мойын­далуы Қазақ мемлекеттілігі тарихын Жошы ханнан, одан әрі Түрік қағанаты кезеңінен, тіпті одан әрі Үйсін, Қаңлы, Сақ мемлекеттерінен бастауға жол ашып беретін идеологиялық мәні терең тарихи қадам болды. 

Бұл бағдарламалық мақала­ның екінші бөлімінде көр­сетіл­ген тарихи сананы жаң­ғырту бағытында жасалатын шаралардың тарихи маңы­зы өте жоғары. Ең алдымен, бұл шаралардың жүзеге асы­р­ылуы барысында қазақ хал­қында мемлекетшілдік дәстүр қалып­тастырылуы тиіс. Мемлекет деген тек қана биліктің идеоло­ги­я­сы емес, мемлекет деген ха­лық­тың идеялық біртұтас­тығы екеніне қол жеткізу болмақ. 

Сонымен қатар Елбасымыз барлық көзі қарақты қауымға осы мақаласында Ұлы дала­ның төсінде болған бар­лық өркениеттер мен техноло­гия­лық-мәдени жетістіктердің, тағылымды тарихтың иесі – бүгінгі қазақ халқы екенін паш етіп отыр. Төл тарихымызды толықтай түсіне отырып, тарихи сананың жаңғыруына, өткеніміз арқылы өзімізді тануға, ұлт әлеуетінің артуына жол ашпақ ниеттен туған осы мақаланы, әсіресе тарихшылар қауымы дұрыс пайдалана білуіміз қажет дегім келеді. «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында төл тарихымызды түгендеуге тамаша мүмкіндіктер туғалы тұр. 2020 жылы осы бағдарлама аясында Қазақ Республикасының 100 жылдығын атап өту де маңызды іс-шаралардың бірі болмақ деген ойдамын.

Біздің жүрер жолымыз айқын. Оны да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өте дұрыс таң­дап алып, біздерге ұсынған болатын. Ол – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы. Мәңгілік ел қалыптастыру идеясы – мем­лекетшілдік дәстүрдің көрінісі, халықтың біртұтастығы мен еркіндігіне негіз берген қаған­дарымыздың, Шыңғыс ханнан кейінгі хандары­мыздың дәстүрі. Біздің алдымызда ұлы міндет тұр. Ол міндет мем­лекеттің атадан балаға қал­ған аманат екенін жадымызда сақтау және мемлекетшіл ұрпақ тәрбиелеу болмақ. 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, 

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты