Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың ел спортына сіңірген еңбектері елеулі. Әр спортшыға жеке-жеке тоқталсақ, білікті бапкер Марат Жақиевтің қол астында жаттыққан 29 жастағы маңғыстаулық боксшы Әділбек Ниязымбетов 81 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, қос Олимпия ойындары мен қос әлем чемпионатында күміс медальді мойнына ілді Азия ойындарын ұтып, құрлық біріншілігінде топ жарды. Басқа да толып жатқан атақтары тағы бар.
Маңғыстау облысының тағы бір өкілі, 32 жастағы Берік Әбдірахманов 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында қола медальді иеленсе, Амманда Азия чемпионы атанды. 2010 жылы әскерилер арасндағы дүниежүзілік додада дара шықты. АРВ жобасы бойынша өткен жарыста 60 кило салмақта дара шығып, 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысты.
Антону Пинчуктің де бағындырған белестері аз емес. Биыл жазда 30 жасқа толған Қостанай облысы Рудный қаласының тумасы Азия ойындары мен Азия чемпионатында алдына жан салмады. Студенттер арасындағы әлем чемпионы. Бірер жыл Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» клубының намысын абыройлы қорғады.
Қазақстан бокс федерациясының жуырда Астанада өткен жиынында айтулы боксшылардың жылы лебіздер айтылып, әрқайсысына ақшалай сыйлықтар берілді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»