Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Қазталов ауылында саз мектебі ашылды

1004 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданы орталығында саз мектебіне арналған су жаңа ғимарат пайдалануға берілді.

Қазталов ауылында саз мектебі ашылды

Бір қызығы, саз мектебінің жаңа ғимараты Құрманғазы көшесінің бойында орналасқан. Тұрғындар осының өзін жақсы ырымға балап отыр. 24 бала арналған саз мектебінде өнерлі оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда аспап сыныптарымен қатар, би, концерт залдары бар. Құрылысқа Батыс Қазақстан облыстық бюджетінен 87 млн. 615,9 мың теңге бөлінген.

- Ауылымызда саз мектебі 1965 жылы ашылған екен. Бірақ бұған дейін өзінің жеке ғимараты болған емес. Саз мектебінің құрылысы туралы тұрғындар көптен мәселе көтеріп келген еді. Міне, 53 жылдан соң жаңа саз мектебіне қол жеткізіп отырмыз, - дейді еңбек ардагері Ғалымжан Нығметов.

- Жаңа осы жерге келерде Қазталов ауылын аралап, Тәуелсіздік, Желтоқсан, Сауат, Сырым көшелеріне төселген асфальтты көрдік. Қаладағыдай жол, жаяу жүргіншілерге тротуар салынған. Ал мынау су жаңа саз мектебінде мектеп оқушылары қосымша білім алып, өнерін өрістетеді. Биылғы қараша айындағы Жолдауында Елбасымыз қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру туралы айтты. Мемлекеттің барлық қуат-күші осыған жұмсалады, - деді осы шараға арнайы келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, биыл Орал қаласында көпқабатты 25 үй салынып жатыр. Облыс аумағында 500 шақырымдық автокөлік жолының құрылысы жүрді. Жақында Ресейдің Саратов бағытына шығатын 104 шақырымдық жол телекөпір арқылы тапсырылады. Биыл Батыс Қазақстан облысында 2 мың шақырымдық су құбыры тартылып, 110 елдімекенге таза ауыз су берілді, оның 14-і – Қазталов ауданында. 44 елдімекенге газ құбыры тартыла басталды, оның да 13 ауылы – Қазталов ауданынан. Келер жылы Қазталов ауылына кең жолақты интернет келеді.

- Біз байланыс министрлігімен, «Қазақтелеком» мекемесімен келісіп, келер жылы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысының 93 елдімекенін кеңжолақты интернетке қосатын болдық. Оның да 13 ауылы – осы Қазталов ауданында. Аудан орталығындағы Алма Оразбаева атындағы мектепке жаңа ғимарат салу үшін 2019 жылы республикадан қаржы бөлінеді. Көріп отырғандай, алдымызда көп жақсылық күтіп тұр, - деді өңір басшысы.

Жиналған халық Алтай Көлгіновтің сөзін қол шапалақтап қарсы алды. Расында да ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. 2019 жылы Қазталовты Орал қаласымен жалғайтын автожол құрылысы аяқталмақ. Бір мәселе – дәл бүгін Қазталов ауылының тұрғындарына ауыз су графикпен беріліп отыр. Оның себебі, су көзінің тапшылығы. Бірақ Алтай Көлгінов алдағы жылы бұл мәселе шешілетінін, құбыр жаңадан табылған су қорына жалғанатынын айтты. 

- Аудан ортапығындағы жаңадан саз мектебінің құрылысы басталған кезде барлық ата-ана қуандық. Қысқа уақытта құрылыс аяқталып, балаларымыз жап-жарық, жылы орынға орналасып жатыр. Жаңа мектепте балаларға барлық жағдай жасалған. Осындай жағдай жасаған облыс, аудан басшыларына ата-аналар атынан зор алғыс айтамыз! Сондай-ақ біз де саз мектебіне ата-аналар атынан 170 мың теңгеге синтезатор алып бердік. Бұл жаңадан өз шаңырағын сайлап жатырған өнер ұжымына деген қолдауымыз болмақ. Балаларымыздың өнерлері өркендей берсін! – дейді Қазталов ауылының тұрғыны Айнагүл Қабдолова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»