Еліміздің қай түпкірінде болмасын, оның елді-мекендері мен ауылдарында, аудандары мен қалаларында, тіпті облыс орталықтарының өзінде ырғалып-жырғалмай, тез шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелер болмай тұрмайды. Егер бұл жәйттер уақытында орындалмаса, тұрғындар тарапынан әр түрлі түсінбестіктер туындауы мүмкін. Сондықтан да толғақты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді дер кезінде реттеудің маңызы мен рөлі жоғары. Бұл үшін өңірде «Өзекті мәселелер картасы» құрылған. Соған сәйкес тиісті талдаулар мен зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Қабырғалы құжатқа көз салсақ, қазіргі кезде шұғыл шешуді қажет ететін 72 өзекті мәселе бар екенін көреміз. Оның дені тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына қатысты болса, келесі кезектегі өзекті мәселелер тізбегін автокөік жолдаына қатысты түйткілдер құрайды. Сонымен бірге тұрғын-үй құрылысы, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларында да түбегейлі шешімін тауып үлермеген мәселелер бар екені айқын көрінеді. Оның көлемі 22 пайыздық көрсеткішке тән.
Картаның аты – карта. Картаға қарап, көп жәйттерді көңілге тоқуға болады. Өңірдегі өзекті мәселелердің қазіргі жағдайын ой безбенінен өткізуге де мүмкіндік мол. Ең бастысы аймаққа картаның көмегімен өз шешімін күткен мәселелерді жедел әрі көрнекі түрде бақылауға жол ашылған. Содан соң оның бәрі тиісті құзырлы органдардың назарына беріліп жүр. Өз кезегінде олар нақты ресурстардың көлемі мен істің орындалу мерзімін айқындап, нақты шешім алып жүр.
Айталық аймақта аудан орталықтары мен қалалардың картасын жасақтаудың бастапқы кезеңінде 14 мәселе болыпты. Әрі оның бәрінің шешімі бюджет қаражатын бөлуге байланысты өрістепті. Бүгінгі күні оның жетеуі оң шешімін тапқаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда аталмыш жобалар бойынша 2,4 миллиард тенге бюджет қаражаты бөлінді. Сонымен бірге алдағы 2019 жылы жүзеге асатын жобаларға 894,3 миллион тенге, сондай-ақ бұдан кейінгі 2020 жылы атқарылатын жобаларға 490,6 миллион тенге бөлу қарастырылған. Қысқасы бүгінгі күні өңірдегі жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде облыстық басқармалар мен аудандық әкімдіктер картада көрсетілген мәселелерді шешуге бір кісідей жұмылған. Мұндағы басты ұстаным – орын алған өзекті мәселелерді қоян-қолтық өзара бірлесіп шешу болып отыр.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ