Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2018

Қостанай облыстық қазақ драма театры Шәмші туралы спектакль қойды

861 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры «Әнім сен едің» атты спектальді көрермендеріне ұсынды. Исраил Сапарбайдың пьесасының негізінде сахнаға ыңғайлаған қойылым режиссер Әлия Әкімқызының тосын форма, түр табуы мен актерлер шеберлігінің жетістігі десе болады.

Қостанай облыстық қазақ драма театры Шәмші туралы спектакль қойды

Зал қойылымды бір деммен көріп шықты. Қазақ ән әлемінде бір өзі бір дәуір болған Шәмші Қалдаяқовтың әндерін білмейтін қазақ жоқ. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің де сүйікті әніне айналды. Бірақ әнін айтқандар Шәмшінің өмірі мен ішкі жан дүниесіндегі болып жататын алапат дүниені, оның нәзік жүрек лүпілін, өмірде қызғаншақтар мен тоңмойындардың аяғынан шалған пендешіліктерін біле бермес.

Цыган тобырына еріп кететін Шәмші Отаны, белгілі тұрағы жоқ болса да өз ұлтының дәстүрі мен салтын асылдай сақтап жүрген цыган ұлтына риза болады. Ұлттың құндылықтары сақталған жерде Шәмші кәусар бұлақтың тазалығын сезінеді. Керемет ән туады. Шәмші өмірдегі пендешіліктердің керген жібінен жығылып-тұрып жүргенде, елді оның әндері әлдилеп, аспанында оның әні шарықтап тұрды. Спектакльдің соңында сахнадағы хор Шәмшінің «Менің Қазақстаным!» әнін алыстан баяу, алыстан естіліп тұрғандай, уілдеп айтуымен аяқталады. Демек, Шәмшінің әні Тәуелсіз елмен бірге алдағы ғасырларға да мәңгілікке кете береді.

Спректакльде атақты композитордың бейнесін актер Әлімхан Мырзахан сәтті сомдап шықты.

«Шәмшінінің бейнесін алып шығу оңай болмады. Себебі Шәмшіні білмейтін қазақ, білмейтін қазақстандық жоқ деуге болады. Көрерменнің көз алдындағы жаттанды оның бейнесін берумен қалып қоймай, қалай тұлғаландыруға болады?» деген сұрақ көз ілдірмеді. Мен де, режиссер де бұл қойылымда Шәмшіні тек композитор ғана емес, өзі өмір сүрген қоғамдағы көріністерді мемлекеттік биік тұрғыдан ойлай білетін сұңғыла ретінде алып шығуды ойладық. Ізденісіміз, еңбегіміз маңдай терді ақтады-ау деп ойлаймын. Шәмшінің терең адам болғанына оның замандастары қалдырған естеліктер куә» деді актер Әлемхан Мырзахан.

Спектакльде Изолданы бейнелеген Диана Тұрсынованың, Сағынышты ойнаған Қымбат Әуезханның, Шәмшінің аансын бейнелеген Ақдәме Досанова мен Шара Мүсілованың, Баронды сомдаған Қонысбек Бегайдаровтың, Абзалды ойнаған Айбол Шәкіржановтың өнеріне көрермен ризашылықпен қол соқты.

Айтпақшы, қойылымда көрермен осы театрда алғаш рет хор тыңдауға мүмкіндік алғандай болды. Оны Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Салтанат Жақаева қойды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Соңғы жаңалықтар