Конференция барысында «Тарих ғылымының азаматтың қоғамдық санасын қалыптастырудағы орны», «Қазақстан тарих ғылымының тәуелсіздік жылдарындағы дамуы» және «Ғылыми-зерттеу орталықтарының тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеу мен насихаттаудағы рөлі» сынды бағыттар бойынша жұмыс жүргізілді.
Қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика халқына ұсынған тарихи сананы жаңғырту идеясының өзектілігін әңгімеледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының саяси-тарихи тақырыптарға жазған 20-дан астам іргелі еңбектерінің Қазақстанның тәуелсіздік кезеңінің тарихын зерделеуде маңызды дереккөзі болатынын ортаға салды. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның тарихын жаңаша көзқараспен зерделеуде және насихаттауда еліміздегі жоғары оқу орындарындағы, ғылыми мекемелердегі тарихшы ғалымдармен бірге Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған Мемлекет тарихы институты ұжымының 10 жыл ішіндегі ғылыми еңбектерінің үлесі аталып өтті.
Жиын тізгінін ұстаған Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі тарихшы Бүркітбай Аяған Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарих ғылымы бұрынғы маркстік-лениндік методологиядан бас тартып, тарихқа басқаша бағыт ұстану керектігін ұқтырып отырғандығын айтты. «Біздің бүгінгі конференция – «Рухани жаңғыру: тарихи сананы қалыптастыру» деп аталады. Өздеріңіз білетіндей, қараша айында Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шыққан кезде біз қатты қуандық. Себебі ол мақаланың бір керемет маңызы – бұрынғы маркстік-лениндік методологиядан бас тарту. Мұндай бағдар біз үшін өте маңызды, себебі тарихты зерделеуде бұрынғы зерттеу сүрлеуінен шыға алмай жүрген ғалымдарымыз әлі де аз емес.
Қазақстан тарихшылары соңғы кезде бір үлкен қозғалыста. Шын мәнінде тарихшылар менің ойымша, көп жұмыс атқарып жатыр. Соның арасында қандай десеңіздер, мектеп және жоғары оқу орындарына жаңа методология бойынша кітап, хрестоматиялар дайындалған. Олар бұрынғы кеңестік идеология емес, қазіргі заманға сай, тарихи негіздемелерге сүйене жазылған. Мәселен, бұрын айтылмай келе жатқан Алаш тарихы, Қазақстан даласындағы ашаршылықтың, тіпті Екінші дүниежүзілік соғыстың да себептері мен салдары, кеңес империясында болған қазақ даласының тағдыры, тәуелсіздік алған кезде біздің қандай ел болып шыққанымыздың бәрі қамтылған», деді ол.
Конференция барысында «The history of Kazakhstan», «Қазақстан дипломатиясы», «Горизонты национальной истории», «Қазақстан тарихы», «Әбілқайыр Шайбан», «Қазақстандағы көші-қон және демографиялық ахуал» кітаптары таныстырылды.
Қырғызстаннан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайниддин Құрманов: «Шынымды айтсам Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары тарихқа өзгенің емес, өзіміздің көзімізбен қарауға үндеп, соның бағыт-бағдарын ұсынды десем болады» десе, Анкара қаласындағы Әлеуметтік ғылымдар университетінің саяси ғылымдар факультеті халықаралық қатынастар бөлімі Түрік әлемі институтының директоры Мариям Хаким: «Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» дегені, анығында «Ұлы өркениеттің жеті қыры» дегені. Ағылшынша да солай қабылданады. Біз енді осы сөзді әлем алдында толықтай дәлелдеп беру керекпіз», деді.
Сондай-ақ келелі жиында өзге де ғалымдар сөз алып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары идеяларын және тарихи еңбектерін насихаттау мен түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау және дамыту рухында, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жолында тарих және қоғамдық ғылым өкілдерінің күш-жігерін барынша жұмылдырудың тиімді жолдарын анықтауды талқылады.
Конференцияға қатысушылар ғылыми қауымдастықтың барлық өкілдерін, мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарын, еліміздің гүлденуі жолында белсенділік танытуға, қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастыруға, сол арқылы халықтың бірлігі мен тұтастығын қалыптастыруға үлес қосуға шақырды.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»