Жиынға Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Нөкіс (Қарақалпақстан), Атырау, Алматы қалаларынан келген ғалымдар, ЕҰУ оқытушылары, магистранттар, докторанттар қатысты.
Конференцияны Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының сараптамалық тобы, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі мен ЕҰУ Археология және этнология кафедрасы ұйымдастырды.
Конференцияның ашылу салтанатында Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі С.Ниязходжаев Ұлы далада өмірге келген ірі тұлғалардың бірі, ғалым Қаллы Айымбетовтің түркі халықтарына ортақ қайраткер екенін айта келіп, оның есімі Астанада ардақталып жатқаны қазақ халқының кеңпейілділігін білдіретінін жеткізді.
Шара барысында Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақ бөлімшесінің Н.Дауқараев атындағы Тіл және әдебиет институтының (Өзбекстан) директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұрат Әлниязов «Қаллы Айымбетовтің ғылыми жұмысы мен өмір жолы» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның бала кезден зерек, алғыр, құймақұлақ болғанын, мектепті жақсы оқып, Алматыда М.Әуезовтен дәріс алғанын айтты. Сондай-ақ ол тілтану, әліппе оқулықтарын, «Қарақалпақ фольклоры» көптомдығын жазған Қ.Айымбетовтің еңбектеріне тарихи-этнографиялық дәйектеме деген анықтама берді.
Назарбаев орталығынан келген жас ғалым Жақсылық Сәбитов қарақалпақ пен қазақтың бауырлас екеніне тарихи деректер келтіріп, екі елдің батырлар жырларындағы ұқсастықтарға талдау жасады. Ал ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Өмірбекқызы өз баяндамасында Қазақстандағы қарақалпақтардың саны 4 мыңнан асатынын, олардың қазаққа қан және тіл жағынан ең жақын ұлт екенін айта келіп, қарақалпақтың белгілі ақыны Бердақтың «Шежіре» еңбегінен үзінді оқып берді.
Жиында Т.Салиева өзі басқаратын «Жайхун» этно-мәдени бірлестігінің қарақалпақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Конференция соңында Қарақалпақстаннан арнайы келген жас жыршы Саламат Аяпов «Едіге» жырынан үзінді айтты. Елімізде қарақалпақ этномәдени бірлестіктері бар Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан келген өнерпаздар қарақалпақтың биін билеп, әнін шырқады. Сондай-ақ Қ.Айымбетовтің немересі Илхам виолончельде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» нақышына келтіре орындады.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»