Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

«Aktobe Invest-2018» халықаралық инвестициялық форумынан кейінгі ой

615 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел Президенті өңірлердің инвестициялық тартымдылық деңгейін көтеруді тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасы Ақтөбе облысында ойдағыдай орындалуда. Өңір инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша еліміздегі мегаполистерден кейінгі орында тұр. Бұған қа­лай қол жетті? 

«Aktobe Invest-2018» халықаралық инвестициялық форумынан кейінгі ой

Ақтөбе аймағында Мен­де­леев кестесіне кірген химия­лық элементтер түгелге жуық табылады деген тіркес жиі айтылады. Шындығында солай. Өйткені мұн­да­ғы жер қойнауында хром, бор, никель, титан, темір секіл­ді пайдалы қазбалар қоры өте мол. Оған мұнай мен газ шикі­за­­тын қосыңыз. Осының бә­рі өн­­­ер­­кәсіпті дамытуға, өн­ім­­ді өң­деу мен өндіру ісін оң жолға қоюға, қара және түс­ті металлургияның қа­за­н­ын қай­натуға, тіпті аграр­лық сектор­дың іргесін ке­ң­­ей­туге мүмкіндік бе­реді. Ин­­вестициялық қара­жат­тың к­ө­ме­гін­сіз мұндай ірі жобалар­ды жүзеге асыру еш мүмкін емес. 

Соңғы 3-4 жылдың ішінде өңірде осы мәселеге байланыс­ты іргелі істер қолға алынып, инвестиция тартудың оңтайлы жолдары белгіленді. Соның бірі – инвестициялық форумдар өткізу. Мақсат – өңір экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар ағынын бұру. «Театр – киімілгіштен басталса», инвестиция тарту – қаржы құюға ыңғайлы жобаларды инвес­тор­ларға таныстырудан, оның екі жаққа да тиімді екенін дәлел­дей білуден басталмақ. Бұл жөнінен облыста біраз оң тәжірибелер жинақталды. Айталық, бұған дейінгі өт­кіз­ілген бес инвестициялық форумда 50 меморандумға қол қойылып, инвестициялық қаражаттың жалпы сомасы 1 триллион теңгеге жеткізіліпті. Сондай-ақ форум нәти­же­леріне сәйкес 8000 тұрақты жұ­мыс орны ашылып, облыс бюд­жетіне 50 миллиард теңгеге жуық салық түсімі аударылған.

Ал жуырда өткен «Aktobe Invest – 2018» халықаралық ин­вес­ти­циялық форумы алдыңғы форумдармен салыстырғанда ауқымы кеңірек болғанын айтқан жөн. Оған әлемнің 23 елінен 400-ден астам өкіл қатысып, форум шеңберінде жалпы сомасы 300 миллиард теңге тұратын 9 меморандумға қол қойылды. Форум аясының кеңдігі – отандық және ха­лық­аралық институттар мен үздік менеджерлердің, сала­лық министрліктер мен квази­мемлекеттік сектор өкіл­дері­нің үлкен тобы қатысуымен де айқындала түсті. 

Форум кезінде шетелдік ин­вес­­торларға облыс өнеркәсібі мен өн­дірісіндегі перспективасы жоғары жобалар ұсынылды. Оларға географиялық картаның көмегімен мұнай-газ саласында тау-кен өндірудің жаңа технологиялары туралы ақпараттар мен болашағы айқын жобалар таныстырылды. Соның бірі – марал шаруашылығы. Алдағы уақытта осы құрылымның не­гізінде агротуризмді дамы­ту жолдары белгіленген. Бү­гінде Ақтөбе аймағында өнер­­­кәсіптің түрлі салаларында 5 транс­ұлттық корпорация жұ­мыс істейді. Бұл қуатты құрылымдар өңірде экспорттық тауарлар үлесін көбейтуге әрі өңір өндірісшілерінің шетелдік нарық кеңістігіне шығуына септігін тигізіп жүр. Соның бірі италиялық «ENI» компаниясы. Форум жұмысы кезінде италиялық инвестор Қарғалы ауданының Бадамша ауылында қуаттылығы 48 мегаватт, жалпы сомасы 33 миллиард теңге тұратын жел электр стансасы құрылысын салуға ықылас танытты.

Сонымен бірге түркиялық компания жоғары сапалы электр қозғалтқыштар мен өн­діріс­ке қажетті бұйымдар жасау жөніндегі тоқтамға келді. Түркиялық «ДалХолдинг» компаниясы «Ақтөбе өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен» Байғанин ауданында жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіретін зауыт құрылысын салу жөніндегі келісімге келді. Оның жобалық құны 275 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаның іске асырылу мерзімі алдағы 2019 жылдың ІІ тоқсанына белгіленген. 

Форумда қол қой­ыл­ған үл­­кен жо­ба­­ның бірі – «Уфан­еф­тегазмаш» ААҚ мен «Ақтөбе ӘКК» ара­сында мұ­най-газ жабдық­­тарын шығару жөнінде жасал­­­­ған келісім. Оның жоба­­­лық құны – 100 миллион еуро. Алдын ала жасал­ған тал­дау­­­ларға қара­­ғанда техни­ка­лық кешенде шығарылатын қондырғылар елі­мізде қабыл­­данған экологиялық заң­ды­лық­тар мен нормативтерге толық сәйкес келмек. Атал­ған жобаның алғаш­қы қа­зы­ғы алдағы жылдың екінші тоқ­сан­ында қағылады. Мұн­дай мысалдар жеткілікті. Форум кезінде қытай және фин компанияларының басшылары Чэнь Чжанхай мен Пекка Пиолакка Ақтөбенің Қазақ­стан­­дағы инвестиция салуға ең ың­ғайлы аймақ екенін жеткізді. «Ең бастысы, бұл бағытта белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ақтөбенің өндірісті өңір екені бізді қызықтырады. Мұнда тау-кен өндірісі мен мұнай-газ саласы және тұрғын-үй коммуналдық секторы бойынша мол мүмкіндік бар екенін байқадық. Әлеуеті жоғары аймақта нәтижелі жұ­мыс істей алатынымызға кү­мә­ні­міз жоқ. Біз үшін тағы бір жа­ғымды жайт – «Ақтөбе ин­дус­триялдық аймағында» қуат көздері тарифтерінің төмен екендігі»,  дейді олар. 

Ақтөбеде инвестиция мөл­­ше­­рі­­нің қомақты бөлігі өңдеу өнеркәсібі саласына жұм­­са­лады. Өзге өңірлерде инвес­­ти­ция­ның едәуір мөлшері тау-кен жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. Сондықтан бұл үлгі ету­ге тұрарлық іс, деді Ин­­­вес­­тициялар және даму ми­нис­тр­­лігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хайыров. Оның айтуынша, биыл 10 ай ішінде өңірде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция өсімі 13,6 пайызды құрапты. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Ақтөбеде өткен халық­ара­­­лық форумның басты ұс­та­нымы «Сенім. Өсу. Даму» қа­ғи­датына негізделді. Инвес­ти­ция кез келген өңірдің эко­­но­­ми­калық өсіміне негіз қа­лайды. Ин­вестиция қандай жағ­дайда жо­лы ашық, қол­же­тімді бола алады? Сөз жоқ, ең алдымен толық сенім ор­нық­қан жағ­дай­да ғана. Сенім бар жерде, өсу де, даму да болатыны ешқандай талас туғызбайды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ