Тұрғындарды Тұңғыш Президент күнімен қатар келген қуаныштарымен облыс әкімі Болат Бақауов құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Жаңа үйден пәтер алған Индира Сайфурова 15 жылдай кезекте тұрып, қаражатын «Тұрғын үй құрылыс жинақ» АҚ банкінде жинаған екен.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер құнының 50 пайызын жинап, пәтер алдым. Енді 6 жыл ішінде қалған ақшасын төлеймін, – дейді Индира.
Пәтердің бір шаршы метрі – 121 мың теңге. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ» АҚ банкінде пәтер құнының 20 пайызын құрайтын салымға ие болу керек. Бұл күндері өңірдің әрбір 13-ші тұрғыны, яғни 55 мың адам «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы үй алуға ақша жинауда.
Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының басшысы Талғат Байыловтың айтуынша, банктен есепшот ашып, тұрғын үй алу мақсатында ақша салушылардың қатары көбеюде. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тағы да 288 банк салымшысы пәтер алмақ. Ал 2019 жылдың наурыз айына дейін 216 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Былтыр шағын ауданда 6 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, көптеген тұрғындар қоныс тойын тойлаған-ды. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, облыс орталығының бас жоспарына сәйкес шағын ауданда 600 балаға арналған мектеп салу жобасы дайындалуда. Бұрынғы ескі қалашықтағы №159-үй бұзылып, бұл аумақ қазір қызу құрылыс алаңына айналды.
Ал «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы салынып жатқан «Сарыарқа» тұрғын үйлер кешенінің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен бірге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бұл күндері облыс орталығында «Достық» шағын ауданының құрылысы басталды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР