Б.Сағынтаев еліміздің барлық өңірінен келген колледждердің студенттеріне сайысқа қатысқандары үшін алғыс білдіріп, барлық ұйымдастырушыларды, демеушілер мен қонақтарды республикалық чемпионаттың аяқталуымен құттықтады. Премьер-Министр «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жуырдағы кеңейтілген отырысында бизнес өкілдері шақыруды қабыл алып, келесі жылдан бастап WorldSkills Kazakhstan қауымдастығымен білікті кадрларды даярлау бойынша белсене жұмыс істейтінін хабарлады.
WorldSkills Kazakhstan чемпионатының басты мақсаты – жұмысшы кәсіптерінің абыройын арттыру, жас жұмыскерлерге қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдылар мен жоғары біліктіліктерді алу мүмкіндігін беру.
Қазақстан WorldSkills қозғалысына 2014 жылы қосылды. Қазірдің өзінде айтуға тұрарлық нәтижелер бар. Егер 2015 жылы Сан-Паолода өткен WorldSkills Competition бірінші әлем чемпионатында қазақстандық команда 50-орында болса, 2017 жылы Әбу-Дабиде өткен жарыста 24-орынды иеленді. Сонымен қоса, елімізде кәсіптік-техникалық және жоғары білімнің дамуы бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін перспективалар ашып отыр.
Үздіксіз оқыту мен жаңа кәсіптерді игеру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бұл жұмыс үрдістерінің технологиялық жаңаруымен байланысты. Осыған байланысты, Үкімет жұмыс берушілермен, шетелдік сарапшылармен бірлесіп құбылмалы еңбек нарығында отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасын одан әрі жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.
Үкімет басшысы бірқатар чемпионат қатысушыларының көрнекті жұмыстарын айрықша атап өтіп, жеңімпаздарға алты құзырет бойынша марапаттар тапсырды. Атап айтқанда, бизнеске арналған IT жобалар (3-орын – И.Абдулабаев, 2-орын – И.Чупрынин, 1-орын – М.Соколовский); электроника (3-орын – А. Просецкий, 2-орын – О.Халимов, 1-орын – П.Фетисов); веб-дизайн (3-орын – Н.Минеев, 2-орын – А.Мунько, 1-орын – И.Симанов); графикалық дизайн (3-орын – Ф.Евдокимов, 2-орын – И.Медхатов, 1-орын – Д.Болат); компьютерлік құрылымдау технологиясын қолданумен CAD инженерлік графикасы (3-орын – С.Жайлауов, 2-орын – О.Шатерников,1-орын – Д.Зорин); наубайхана ісі (3-орын – И.Бородулина, 2-орын – А.Марқабай, 1-орын – А.Аманғосова).
Марапаттау салтанатына сонымен қатар Парламент Сенатының депутаты Б. Әйтімова, Парламент Мәжілісінің депутаты Ж.Нұрманбетова, Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова және басқалары қатысты.
Республикалық чемпионаттың жеңімпаздары 2019 жылы Қазанда өтетін халықаралық чемпионатта Қазақстан атынан сайысқа түсетін болады.
Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің оқытушысы, сарапшы Ақбар Тәшен «Жеңіл автомобильдер» құзыретінде байқауға қатысушылар ауыспалы беріліс қорабын құрастырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл өте қиын. Бірақ, қатысушылар өз ісін жақсы біледі, қазіргі техникаларды жақсы игерген.
«Бұл чемпионатты міндетті түрде жалғастыру қажет. Жастардың дағдыларын жетілдіру үлкен жұмыс. Чемпионатта өткен төрт жылдан бері аса ауқымды жұмыс атқарылған. Біз жоғары нәтижелерге қол жеткіздік, бірақ әлі де шеберлікті шыңдау қажет. Басқа елдердің, Азия және Еуропа елдерінің тәжірибесінен үйрену керек, деді А.Тәшен.
Алматы қаласынан келген техникалық делегат Қуатбек Әбілдинов қазақстандық чемпионаттың еуропалық стандарттар деңгейінде өткенін атап өтті.
«Бұл байқауда біз техникалық мәселелерді: рәсімдердің сақталуын, сарапшылар жұмысын, алаңдағы жұмысты ұйымдастырумен айналыстық. Біздің пікірімізше, чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушыларға халықаралық стандарттар бойынша талаптар қойылды. Бағдарлама, сондай-ақ Еуропа чемпионаты пен Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатына сай келді. Тапсырмалардың бір бөлігі ТМД чемпионатының тапсырмаларына ұқсас болды. Әлем чемпионаттарының тәжірибесінде техникалық құзыреттер бойынша тапсырмалардың толық орындалуы сирек кездеседі. Себебі, олар күрделі. Біздің чемпионатта көптеген қатысушылар өз тапсырмаларын толық аяқтай алғанына таңғалдым. Бұл тұста қатысушылардың өңірлерде психологиялық дайындықтан өтуі үлкен рөл ойнады деп ойлаймын», деді Қ.Әбілдинов.
Төреші, Түркістан облысынан келген техникалық делегат Айдос Аппазов Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру деңгейі көтеріліп келе жатқанын айтты.
«WorldSkills Kazakhstan жобасы Қазақстанның кәсіптік-техникалық білімінің имиджін көтеруге бағытталған. Мен екі құзыретке төреші болдым: мехатроника және электромонтаж. «Электромонтаж» құзіретінде қатысушылар көп болды да, бізге төрелік ету біраз қиынға түсті. Сонымен қатар электромонтажда прибордың жұмысын реттейтін ұсақ бөлшектер өте көп. Бірақ балалар оны да игерді. «Мехатроника» құзыретінде қатысушылар компьютерлік құрылғының көмегімен жұмыс істейтін тұтас станса құрауы тиіс еді. Бұл аса қызықты болды. Кәсіптік-техникалық білім деңгейі көтеріліп келеді, жабдықтар да заманға сай, балалар халықаралық стандарттарға сәйкес дайындалған», дейді А.Аппазов.
Сарапшы, Кентау политехникалық колледжінің арнайы пәндер бойынша оқытушысы Нұржан Сыздықов мемлекет тарапынан техникалық мамандықтарға түсіп жатқан студенттерге көрсетіліп отырған қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Электромонтаж, электроника және роботтехника модульдері бойынша студенттерді даярлау кезінде жауапкершілік сезіледі, себебі студенттерге әлемдік стандарттардың талаптарына сай білім беру керек. Біз халықаралық стандарттарды ұстануға тырысамыз. Бүгінде студенттердің деңгейі біршама көтеріліп келеді, ал оқуды бітірген соң олар өз ісінің нағыз шебері болады. WorldSkills Kazakhstan студенттер үшін өз білімдерін тексерудің ең жоғарғы деңгейі. Оқыту кезінде олармен бірге біз де үйренеміз. Бізде дуальды оқыту жүйесі бар, студенттердің 60%-дан астамы зауыттар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді, демек, өз дағдыларын едәуір арттырады. Біздің студенттер 3 курста оқи жүріп жұмыс істей бастайды. Бүгінде инженерлік мамандықтардың мәртебесі айтарлықтай жоғары көтерілгенін айтуға болады, студенттердің басым бөлігі осындай кәсіптерді таңдауда. Себебі елімізде оған сұраныс бар, өзектілігі сезілуде, мемлекеттің қолдауы да зор, жалақысы да бұрынғыдан жоғарылады», деді Н.Сыздықов.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»